Түркістандық ақын Мұқағали Кенжетайұлының кеші өтті

 

«Түнгі кітапхана» жобасы аясында ақын Мұқағали Кенжетайұлының шығармашылық кеші өтті. Бәйдібек ауданында «Жүрегімде миллиондардың тағдыры» атты поэзия кешіне мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен жақындары қатысты. Әдеби кешті Түркістан облыстық мәдениет басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Бәйдібек ауданының әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев ашып берді. Зиялы қауым өкілдері мен ата-анасы құттықтау сөз сөйлеп, батасын берді. Мазмұнды жиынды Айдар Сейдазым тізгіндеп модератор болды. Жастар аллеясында арнайы дайындалған көрме инстолляция көпшілік назарына ұсынылды. Кеш иесі өлеңдердің тарихын баяндап, туындыларын оқып берді. Бәйдібек аудандық мәдениет үйі әртістерінің орындауында Мұқағали Кенжетайұлының өлеңдерінен композиция сахналанды. «Конгресс холл» кешенінің әншілері Сүндет Асан мен Нұрдәулет Әшімхан «Түбінде жеңесің» әнін орындады. Ақынның сөзіне жазылған бірнеше ән шырқалды. Сонымен қатар әнші, композитор Ғабит Шырынбековтің «Қызыма» деген әнінің тұсауы кесілді. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Түнгі кітапхана» жобасы киелі Түркістан қаласында былтырдан бері өткізіліп келеді. Бұдан бөлек өңіріміздің аудан, қалаларында Түркістан таңдаулы туындысына таңдалған қаламгерлердің кешімен жалғасын тауып келеді.

Мұқағали Кенжетайұлы 1993 жылы Бәйдібек ауданы, Қаратас ауылында дүниеге келген. Өнер мектебін бітірген соң М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Режиссура және актерлік өнер» кафедрасында білім алды. Бүгінде отбасымен бірге Түркістан қаласында тұрады. Хит әндердің авторы Түркістан қаласында мемлекеттік қызмет атқарады. 2018 жылы Түркістан облысында тұңғыш рет сахналағанған «Махаббат мұнарасы» мюзиклінің авторы. «Түркістан түлектері», «Тәуелсіздік тебіреністері», «Жаңа ғасыр әуендері» тағы басқа ұжымдық жыр жинақтарына өлеңдері енген. Оның «Әке-Ана», «Менің мінезім», «Ырым», «Ессіз шақтың бір естелігі», «Жалғыздық» секілді өлеңдері көпшілік оқырманның жүрегінен орын алған. Ал, «Жүрекпен сағынайын», «Көзіме қара», «Жүрек», «Жан досыма», «Түбінде жеңесің», «Әппағым» секілді әндерін Ақбота Нұр, Ғазизхан Шекербеков, Айгерім Қалаубаева, Заттыбек Көпбосынұлы секілді өнер жұлдыздары үлкен сахналарды орындап жүр.

Түрлі жыр додаларында топ жарып жүр. Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» алтын медалінің иегері, 2018 жылдың «Жылдың үздік ақыны» номинациясының иегері, сонымен қатар 2023 жылы Түркістан облысының «Үздік жас мемлекеттік қызметкері» атанған. Былтыр Түркістан төрінде «Мұқағали жолымен» әдеби-сазды кеші өтіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатына ие болған еді. «Конгресс холл» кешеніне өткен мазмұнды кеште елімізге белгілі өнерпаздар ән айтып, өлең оқыған болатын. Қаламынан жыр төгілген ақындар Қалқаман Сарин мен Мақпал Мыса кеш кейіпкерінің туындысынан бөлек, өз шығармаларын елге арнады. Сондай-ақ Әлия Әбікен, Заттыбек Көпбосынұлы, Тоғжан Мұратова, Альбина Шардарова, Айгерім Қалаубаева, Жолдасбек Әбдіхан, Ақбота Нұр, Ғазизхан Шекербеков, Айнұр Бабаева, Асылжан Абдулла, Қуандық Рахым, Ғабит Шырынбеков, «Jana lep!» өнер ұжымы мен «Бисұлтан» би ансамблі өнер көрсетті.

Шығармашылық кешке Қазақстан Республикасының Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйлеген болатын. «Бұл тек Мұқағалидің ғана тойы емес. Бүгін қазақ әдебиетінің, ұлттық руханиятымыздың тойы деп есептейміз. Мен осы төрт қақпалы Түркістанға Мемлекет басшысының Алғыс хатын алып келіп отырмыз. Мұқағали балаларыңыз Ұлы Мұқағалидің жолын таңдап, сол өнеріндегі биіктікті бағындырғысы келеді. Сол жолға ниеттеніп, бар ықыласын салып Құдай бере салған талантыменен қанатын қағып келе жатыр. Ұлы Мұқағали Алатаудың сонау биіктігіне ұмтылып, Хан тәңірі қарап Қарасазда дүниеге келсе, сіздердің Мұқаңдарыңыз Қаратаудың биіктігін бағындырамын деп Қаратаста дүниеге келді. Қазақтың Мұқағалиы болсын!» деді ол. «Мұқағали Кенжетайұлы, сіз дарынды ақын ретінде кеңінен таралып келе жатқан жаңа ақынның бірісіз. Ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі бірқатар жыр байқауларында жоғары жүлде алып көпшіліктің ыстық ықыласына бөлендіңіз. Сонымен қатар мюзикл жанрын дамытуға да күш салдыңыз. Әдебиет, мәдениет салаларындағы жемісті еңбегіңіз үшін сізге алғысымды білдіремін. Зор денсаулық, жұмысыңызға табыс, отбасыңызға бақ-береке тілеймін» делінген Президент Алғыс хатында.

Назарларыңызға ақынның бірқатар өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз:

Менің бабам

Ел мұңын өткен бастан биік көріп,
Біз ежелден әлді едік, иықты едік.
Ұлтараққа жарымай кеткен бабам,
Маған байлық қалдырған үйіп-төгіп.

Төрге асығып төресі ел үшінде,
Қол жасырып қалмаған жең ішінде.
Менің бабам ең алғаш қолын қойған,
Еркіндікпен жасалған келісімге.

Кейде өрлікпен,
Кейде елді сүйгендіктен,
Ертеректен мұңға да ми көндіккен.
Еркіндігі езгінің басын кесіп,
Азап-мұңы азаттық күймен біткен.

Тәңірдің тартуына себепкер боп,
Ертеңіне еш мұңды елеткен жоқ.
Менің бабам көтерген керегенің,
Іргесінен жау түгіл жел өткен жоқ.

Асқақтықпен жаралса тегінде адам,
Асып түспес даңқынан небір заман.
Дауылға да еңкеймес еркіндікті,
Еншілеп кеткен бізге сенің бабаң,
Менің бабам!
Далам да асқақ, қорғаған бабам да асқақ,
Жараспас асқақтықтан маған басқа ат.
Бабамның табанының табы қалған,
Жолдың бәрі келеді маған бастап.

Мен солай жаралғанмын батырдан хас,
Шығарған да сол бабам атымды алғаш.
Енді оның аманат пен ақ арманын,
Қылдай қиянаттауға хақым болмас.

Қайратына сендірер бектің де өзін.
Қазір менің қылыштан өткір кезім,
Аспанның бір тілімін байрақ қылып,
Дулыға етіп киетін көк күмбезін.

Арының алдындағы адалдықпен,
Бұл күнді менің ата-бабам күткен,
Қазір менің қасқайып тұрар шағым,
Бас көтерсем қол соғар ғалам біткен.

Жастығымның лаулатып жанар отын,
Қайта құрып бірліктің қағанатын.
Өзімді емес, өлгенше сақтап өтем,
Адамның һәм Бабамның аманатын!!!

***

Тасыңда сенің киелі шығар,
Дұшпанға жөнсіз атпаған,
Бабамның асыл сүйегі шығар,
Бақ-берекеңді сақтаған.

Ақсақал атаң баталы шығар,
Қолынан құран түспеген.
Қаршадай ұлдың атағы шығар,
Әлем таныса күшпенен.

Қап-қара түннің сырлары шығар,
Қанбаса қазақ әлі ұйқың.
Саттар ақынның жырлары шығар,
Жазылмай жатқан тарихың.

Сендегі ерлердің ерлігі шығар,
Еншімде болса ми далам,
Тайқазаныңның кеңдігі шығар,
Түркінің басын жинаған.

Еркіндікті алған бабамыз бірақ,
Тарихтағы алғаш жүлдегер.
Қазынаң шығар, сан аңыз құрап
Мадақ жазылған мүрделер.

Тұраным — сенсің атпал намысым,
Дәлелі — батыр, абыздар.
Қазақтығымның сақталғаны үшін,
Әр қазақ саған қарыздар.

Біздің үйдің тұрғындары

Өзгелерден өте бөлек бітімі,
Дарымаған дүниенің күпірі.
Баяндайын отанымды ең үлкен,
Бақытты әрі жұпыны.

Онда мен бар, бойында бар кісілік,
Және ол жерден ұшқан ерте үш үміт,
Тәттілеу мұң силап кеткен сол үшеу,
Жат біреудің құшағына қысылып.

Тек мен ғана жүретұғын қырғын сап,
Әкем, шешем, Құдай, олар тым жұмсақ,
Неге өлең жазбайсың деп тәп-тәуір,
Әкем маған күнде ұрсад.

Өлең жазса көкірегін көгендер,
Бұл отанда биіктік бар мененде өр.
Күйеу тапқан менің әкем сияқты,
Менің анам бақытты әрі кемеңгер.

Жанымдағы бермеген соң өлең бой,
Менде кеткем, бірақ қайтып келем ғой.
«Алдиярдың ұрпағындай, бір ұлы,
Өлең жазшы», -деген Әке, сен ең ғой.

Бір-бірінен он күйініп, бес бүрлеп,
Қызықтары басталатын кештің көп,
Өкпелетіп, кешіреді бір-бірін,
Қайтеді енді шағынатын ешкім жоқ.

Қақ төрінен киелі үйдің жай тауып,
Әкем отыр қалғып, мүлгіп, шайқалып,
Анам отыр қалған жалғыз шыраққа,
Мені күткен көздерінен май тамып.
(мен келемін үйді бетке қайта алып)

Сағынғасын, халді кешіп күйгелек,
Қарсы алады көшелерден ирелек,
Сосын анам, балаңа айтып берем, — деп,
Отырады бал шағымды бейнелеп.
(Әрен жетем сағынышым сүйрелеп,
Мен осылай рахаттанам үйге кеп).

Біздің үйдің тұрғындары, аңғалмыз,
Барлығымыз баяндайтын ән жалғыз.
Біз әкемнің әкесінен мал емес,
Ар – ұятты енші қылып алғанбыз.

Жасалатын бір ақынның күтімі,
Ұшырған жер үш үмітті үкілі.
Бұл біздің үй, сол баяғы ескілеу,
Бақытты әрі жұпыны…

Ұрлықы сыйлық
(балалық жыр)
Ештеңеден болмай-ақ хабарым жоқ,
Дүбіріне қызыққам даланың көп.
Алсіз ғана жанатын жанарымда от,
Бағдарым бар болатын, бағамым жоқ.

Өз деміме жүруші ем сәл тұншыға,
Өзгеден бөлек содан қалпым сірә.
Сыныптасқа ғашық боп қалған жылы,
Мен құрғыр оқушы едім алтыншыда.

Көрінсем деп көзіне шырайлырек,
Сан рет опық жедім Құдай білед.
Бір күні айтып қалды оңашада:
«Құбымның қаламсабы ұнайды» — деп.

Жақсарар деп сол қызға жақсам халім,
Алтыншыда арымнан ақсаңдадым,
Әпергім кеп сондай бір қаламсапты,
Әкемнің қалтасынан ақша ұрладым.

Біздің мінез ол кезде сан құбылад,
Содан менің жүрегім қалды жылап.

Маған сәтті болмады, ал ғашығым
Қаламсапты сыйлық қып алды бірақ.

Сол сәтіме болам деп бір күні кез,
Өзін-өзі алдап жүр түлкі мінез.
Есіме кеп ессіз күй сыйлап жатыр,
Қайғылы, тым күнәлі, күлкілі кез.

Кейпіне еніп сезімге мас адамның
Балалықтан ертелеу тасаландым.
Жылады да жастығым, алғаш рет,
Күнәні да, сен үшін жасағанмын.

Арлы әке, қыңыр құрбы, дөңес қалам,
Ешбіріде жат бейне емес маған.
Сүйіктіме бір сыйлық жасар алдын,
Әкемді содан кейін сені еске алам.
Кешіріңдерші…

Темір есік

Бір әке, бір анадан төртеу едік,
Төртеуіміз төрт түрлі еркеледік.
Жалғыз ұлды ертіп ап үш бойжеткен,
Бұрымдарын шығатын желкеге өріп.

Бір ұстаздан шыққан соң өніп-өсіп,
Біздің үйдің сияқты төрі мешіт.
Темірдей тәртібіне жауапты үйдің,
Үй сыртында болатын темір есік.

Жан болғасын үйдегі тәуір шені,
Соңғы боп есікті әкем жабушы еді.
Орын жоғын сезгендей өсек-аяң,
Есік сыртын сығалап қалушы еді.

Қызықсада ел қылықты қызы бар деп,
Үйде ғана жүрет ін жүзін әрлеп.
Қас қарайса сол есік күзететін,
Ашылсам қыз қылығы бұзылар деп.

Әкесінен үйренген түшкіруді,
Анасынан үйренген іс тігуді.
Жылдар өтіп келіп тұр есік ашып,
Қосағымен баяғы үш бұрымды.

Қос иыққа қыстырып көне ішікті,
Есіктен әкеме анам ере шықты.
Жолға қарап тұр олар, жалғыз ұлы,
Екеу боп ашса екен деп сол есікті.

***
Мен үшін тым жұмбақ бір жан бар әлемі,
Ол-сенсің, Жан ана, сөзімнің дәлелі.
Әлемде, әр елде теңесер бір гүл жоқ,
Иісіңдей — жұпарлы, түріңдей әдемі.

Бетіңе күн тисе жүрегін қозғаған,
Денеңе дерт түссе ботадай боздаған,
Ғаламда жылылық дегенді бере алмас ,
Анамнан өзге адам.

Мен салған қайғыдан ағарса тал шашың,
Шаттығым шер болып, қабырғам қаусасын.
Шаршаса, Адамзат «Ана» деп шаршасын,
Аңсаса, амандығыңды аңсасын!

Өзіңнің балаңды, өзімнің баламды,
Әлдилеп отырған әжімді анамды
көремде жек көрем айырар ажалды,
Көремде мен шексіз сүйемін ғаламды…

***
Бізге бәрі ортақ енді
Күрсініс те, күлкі де.
Кеудемдегі жарты әлемді,
Теңестір өз мүлкіңе!

Бөлінбейтін шекарамыз,
Мәмілеміз бар біздің.
Бірге шыңға жете аламыз,
Күні құрысын жалғыздың!

Сыйымызды жалғастырар,
Нәзіктік пен еркектік.
Бірін-бірі алмастырар,
Еркелік пен тентектік.

Сорымызды тұсап Тәңір,
Болсын деген тек бірге…
Мен ашайын, құшаққа кір,
Өз құшағым деп білде…

Сенің әппақ алғысыңмен,
Ғұмыр кешкім келеді.
Мен өмірді мәнді сүрем,
Олда ортақ себебі!

***
Тағдыр маған өзіңді сый ғып берген,
Жүрегіңе жүретін билік берген.
Содан болар сұңғақпын серілерден,
Содан болар жылдаммын жүйріктерден.

Қаймықпайтын қойса да дауға апарып,
Кеуде керсе кететін тау қопарып.
Мен сенімен батылмын, сен жылама,
Өзіңді өр кеудемнен алда танып.

Қай қасірет болсада қарсы қарай,
Сен барында тұрар жас тамшыламай.
Мен жыласам жылаймын, сенің кейде,
Жылап қалған кезіңе жан шыдамай…

Сенен басқа жоқ мені күткен ешкім,
Сенен жырақ жақтарда мықты емеспін.
Мен сенімен адаммын, білесің бе?
Ал өзіңсіз ешкімде, түкте емеспін.

Айтқаныма көн жаным тек ішіңнен,
Бәрі де болсын бізде келісіммен
Сен мен үшін ауа жұт, тынысыңды ал,
Ал өмірді сүрейін сен үшін Мен!

***

Бақтағы бір тал гүлім,
Сен үшін бұл тағдырым.
Көрмейді мына өмірдің,
Кеңдігін, кім тарлығын.

Қыздары біздің елдің,
Жалауы үздік ердің.
Ілессең адаспайсың,
Ізінен ізгілердің.

Әжімі қатпар аңыз,
Әжеңмен мақтанамыз.
Сол жандай сүйкімді бол,
Адамға, Хаққа нағыз.

Тұрсада таба алмай жол,
Сен үшін алаңдайды ол.
Жолыңа жанын берер,
Жаны ізгі анаңдай бол.

Басам деп арман ізін,
Адасып қалма, қызым!
Ақ сөйлер адам болшы,
Қаратып ханға жүзін.

Әкеңді алаңдатып,
Мәресін табар уақыт.
Бақталас бұл тірлікте,
Бұйырсын саған бақыт!
ҚЫЗЫМ!

Түркістан қаласы