Түркістандағы саябақта спорт күні аталып өтті
Түркістан қаласындағы «Жібек жолы» саябағында «Спорт күні» мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Салауатты өмір салтын насихаттауға арналған іс-шараға спортшылар, жаттықтырушылар, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты. Мерекелік жиында әлемдік додаларда Түркістанның атын асқақтатқан спортшылардың жетістіктері насихатталып, спорт саласының ардагерлері мен сала мамандары, жас спортшылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Мерекелік іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, қалалық маслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, спортшыларды, жаттықтырушыларды және қала тұрғындарын құттықтап, спорт саласының жетістіктеріне тоқталды.
Жалпы киелі Түркістан қаласында 265 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде «Түркістан Арена» стадионы, халықаралық теннис орталығы, «Мұз сарайы» және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені бар. Сонымен қатар қалада 2 спорт сарайы, 3 стадион, 5 спорт кешені, 6 жүзу бассейні мен 18 теннис корты халық игілігіне қызмет етуде. Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында жергілікті бюджет есебінен 5 жаңа спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Әбдісәлам Нұрмаханов атындағы жаңа спорт кешені ертең пайдалануға берілмек.
Түркістан қаласы




