Түркістандағы балалар кітапханасы Абай апталығын өткізді
Түркістан қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Абай апталығы өтті. Апталықтың мақсаты – жас ұрпаққа Абай мұрасын таныту, рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру және ұлттық әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыру. Ендеще апталықтың басты оқиғаларын тізбектеп көрелік.
Абай – дана, Абай – дара қазақта
Алдымен 4 тамыз күні апталықтың салтанатты ашылу өтті. Балалар кітапханасында өткен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты іс-шара көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Абай шығармашылығына шолу жасалып, ұлы тұлғаның өмір жолы мен рухани мұрасын таныстыру мақсатында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге таныстырылды. Ашылу салтанатына белсенді оқырмандар мен ұстаздар, мәдениет қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Абай өлеңдері оқылып, Абай Құнанбайұлына арналған композициялық қойылым көрсетілді.
Шара барысында республикалық, халықаралық айтыстардың жеңімпазы, Түркістан қалалық Өнер мектебінің ақындық сыныбы бойынша ұстазы Нұрдаулет Өмірбеков арнайы арнау орындады. Іс-шараны филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркі әлемінің үздік педагогы, Қазақстанның құрметті азаматы Сейдулла Садықов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын, философия ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық Түркия-Қазақстан достық қоғамы сыйлығының иегері Досай Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қаласының құрметті азаматы Ұлжан Мұстафаева, Облыстық «Фараб» кітапханасының бөлімінің меңгерушісі Ауелбекова Гүлнұр Есіркепқызы ашып беріп, Абай шығармашылығын оқырман арасында кеңінен дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, балалар кітапханасы жоспарлаған іс-шаралар апталығына сәттілік тіледі.
Іс-шара аясында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының көркем сөз үйірме қатысушылары Абай Құнанбайұлының терең мағыналы, өнеге мен өсиетке толы өлеңдерін жүрекпен оқып, көрерменге рухани әсер сыйлады. Ал «Ақжайық» музыка мектебінің оқушылары ұлы ақынның сырлы сазға толы әндерін орындап, кештің көркемдігін аша түсті. Бұл сәттер Абай әлемінің мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеп, жас ұрпақтың жүрегіне даналық пен парасат дәнін септі. Шараның құрметті қонақтары ардагер ұстаз, Түркістан қаласының құрметті азаматы Айғаным Серім, Түркістан қалалық ақсақал алқасының төрағасы Қыдырәлі Рысбеков, композитор, ұлағатты ұстаз Бекжігіт Сердәлі, «Ұлы дала» орталығының директоры Гүлжанат Дюсенбаева, Өзбек этно-мәдени орталығының төрайымы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Мухаббат Ибрагимова, журналист Ажар Момбек сөз сөйлеп, Абай шығармасы және оның бүгінгі ұрпаққа берер пайдасына тоқталып өтті.
Іс-шараны кітапхана директоры Рысбек Летаев қорытындылап, апталықтың ашылу салтанатына қатысқан барша қонақтарға алғысын білдірді. Іс-шарада өнер көрсеткен оқушыларға алғыс хаттар мен Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер» кітабын сыйға тартты. Бұл өнер мен өсиетке толы кеш жас ұрпақтың Абай мұрасына деген қызығушылығын арттырып, рухани байлыққа бастар жол болды. Балалар кітапханасы жариялаған апталық аясында түрлі танымдық, әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылып, жас ұрпақты Абай мұрасына терең бойлатуға бағытталған іс-шаралармен жалғасады.
Абайдың ақындық әлемі
Апталық аясында кітапхана оқырмандарының жүрекпен жеткізген Абай өлеңдері мен шығармаларынан әлеуметтік желілерде онлайн насихатталды. Абай – әр қазақтың жүрегінде мәңгілік орын алған дара есім. Ақын мұрасы ұлттың рухани темірқазығы саналады. Абай әлеміне бірге сапар шегіп, оның мол мұрасынан тағылым алуды парыз санаған кітапханашылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Этноауыл аумағында ақынның өлеңін жатқа оқып, әлеуметтік желі парақшалары арқылы кеңінен насихаттады. Ал оқырмандар Абайдың қара сөздерін айтты.
Абай мұрасы – ұрпаққа аманат
Дәл осындай атаумен апталықтың келесі күні жалғасты. Түркістан қаласындағы «Qamar apa» балабақшасының оқушыларымен бірге танымдық іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа Абай мұрасын таныту, рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру және ұлттық әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыру.
Шара барысында оқушыларға арнайы кітап көрмесі таныстырылып, балабақша тәрбиеленушілері Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа орындады. Түрлі ойындар ойнатылып, кішкентай балдырғандар өз білімдерін көрсетті. Абай Құнанбайұлының мол мұрасы – келешек ұрпаққа үлгі, рухани қазына. Абайдың өсиеттері мен шығармалары – адамгершілік, білім, еңбек, әділдік сынды құндылықтардың темірқазығы. Хакімнің әрбір сөзі ұлттың болашағына жол сілтейтін шамшырақ. Сондықтан да оның мұрасын қастерлеу әр буынның қасиетті міндеті болуы қажет.
Мен бір жұмбақ адаммын…
Кітапханашылар «Балауса» жазғы лагерінде хакім Абайдың тойына арналған «Мен бір жұмбақ адаммын…» атты әдеби кешін өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау, жас оқырмандарға ақынның рухани мұрасын таныту, патриоттық сезім мен әдеби танымын арттыру. Әдеби кешті «Балауса» жазғы лагерінің директоры Балжан Жамалова ашып беріп, Абай мұрасын өскелең ұрпаққа дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, кітапхана ұжымына сәттілік тіледі. Кеш барысында оқушылар Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, әуезді әндерін шырқады. Сонымен қатар, викториналық сұрақтар мен әдеби ойындар арқылы балалар ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты білімдерін көрсетті. Іс-шара жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын оятып, рухани құндылықтарды бағалауға тәрбиеледі.
Әнді сүйсең, менше сүй!
Апталықтың осы бір күні Ыыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ерекше форматтағы «Әнді сүйсең, менше сүй!» атты әуенді такси жобасын Түркістан қаласының көшелерінде ұйымдастырды. Кітапхана арнайы безендірілген көлікпен қала ішін аралап, Абайдың әндерін шырқап, өлеңдерін әуелетті. Жол-жөнекей қала тұрғындары мен қонақтары ақын мұрасына куә болып, шараға белсене қатысты. Креативті форматта өткен іс-шара жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп, мәдени бастамаларға тың серпін берді. Шараның мақсаты да Ұлы ақын Абайдың әндері мен поэзиясын көпшілікке кеңінен насихаттау, ұлттық мұрамызды жаңғырту, жастардың өнерге, әдебиетке деген қызығушылығын арттыру болып саналады.
АБай апталығы қорытынды кеші
9 тамыз күні апталық қорытындыланды. «Жібек жолы» саябағында Абай апталығының қорытынды кеші – «Абай әлемі – руханияттың алтын діңгегі» атты әдеби-рухани шарасы өтті. Негізгі мақсатсы – жас ұрпақтың Абай мұрасына деген қызығушылығын оятып, ұлттық құндылықтарға баулу. Апталықтың қорытынды кешін ардагер журналист, «Ажар» сыйлығының лауреаты Роза Нарымбетова, Түркістан қаласы ақсақалдар мен билер алқасы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Қыдырәлі Рысбеков, Түркістан қаласының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Рыс Тәшметова және Желтоқсан көтерілісінің күрескері Жеңісбек Жапеков ашып беріп, Абай мұраларын оқырман арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараның маңыздылығына тоқталып, кештің жоғары деңгейде өтуіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар шараның құрметті қонақтары ұлағатты ұстаз, «Армандар орындалады» жобасының авторы Әсел Бимырзаева мен ақын Айгерім Жұмабаева сөз сөйлеп, Абай рухына арнауын көпшілікке ұсынды. Кеш барысында Абай әндері шырқалып, Абай Құнанбайұлының И.А.Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа» мысалынан сахналық қойылым көрсетілді. Сондай-ақ, Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, әлем әдебиетіндегі аудармаларынан әдеби композиция орындады. Көрермен ақынның өмірі мен шығармашылығына терең бойлап, рухани әсер алды. Шара соңында кітапхана директоры Рысбек Летаев қатысушылар мен көрермендерге алғыс айтып, Абай ілімі мен өнегесі ұрпақ жадында мәңгілік сақталуы тиіс екені атап өтті. Шараға үлес қосқан барлық өнерпаздарға алғыс хаттар мен Абайдың қара сөздер кітабы табысталды.
Түркістан қаласы



