Түркістанда Абай шығармалары насихатталды

 

Түркістанда ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты әдеби кеш өтті. Онкүндік аясында «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған іс-шараға Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының жеке құрамы қатысты. Іс-шараның мақсаты Абай мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттауға, оның шығармашылығы арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, рухани-мәдени тәрбие беруге бағытталған. Кеш шымылдығы Абай Құнанбайұлының өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Абай жолы» деректі фильмінің көрсетілімімен ашылды. Әдеби кеш барысында Абайдың өнегелі қара сөздері, даналыққа толы өлеңдері оқылып, шынайы сырлы сезімге толы әндері орындалды. Кеш соңында Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Жандос Тыныбекұлы және Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Шахмира Шаматайқызы сөз сөйлеп, Абай Құнанбайұлының рухани мұрасының ұлт тәрбиесіндегі орны мен маңыздылығына тоқталды. Қос тараптың өкілдері Абай шығармаларының бүгінгі күндегі өзектілігін атап өтіп, оны тереңінен тану әр азаматтың рухани кемелдену жолындағы маңызды қадамы екенін тілге тиек етті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті және «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты дөңгелек үстел өтті. Онкүндік аясындағы іс-шараның мақсаты Абай мұрасын насихаттай отырып, мемлекеттік қызметкерлердің рухани-мәдени дамуына ықпал ету және кітап оқу мәдениетін қалыптастыру болып саналады. Іс-шараға облыстық басқарма қызметкерлері мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар Абайдың шығармалары мен өмірбаяны туралы әңгіме өрбітіп, қара сөздердің мағынасына тереңірек тоқталды.
Шараны ашық әкімдіктегі кітапханашы Мира Байтұрсынова жүргізіп, тұрақты оқырмандарға арнайы жасақталған көрмені таныстырды.

Халық арасында Абай шығармашылығы насихатталды. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырған онкүндік аясында «Абай әлемі» атты жобаны жүзеге асырды. Жоба шеңберінде кітапханашылар қала тұрғындары мен қонақтары көп шоғырланатын қоғамдық орындарда Абайдың өлеңдер жинақтары, қара сөздері, ақын туралы зерттеулер мен танымдық еңбектер ұсынылып, оқырмандарға таныстырылым жасалды. Кітапханашылар ақын шығармаларының идеялық мәні мен көркемдік ерекшеліктері жайлы кеңінен насихаттады. Бұл шараның басты мақсаты – халықты Абайдың өнегелі сөздерімен және ұлағатты ойларымен таныстырып, ұлттық әдебиет пен мәдениетке деген қызығушылықты арттыру, сонымен қатар жас ұрпақты парасаттылық пен білімге баулу.

Түркістан қаласы