Түркістандағы Әулие Құмшық ата жер асты мешіті туралы білесіз бе?
Әулие Құмшық ата жер асты мешіті – XI-XII ғасырлардан жеткен киелі мұра. Түркістан қаласының тарихи орындары мен сәулет ескерткіштері ел жадында сақталып қана қоймай, ұрпаққа рухани тәлім беріп келеді. Осындай құнды мұралардың бірі – Әулие Құмшық ата жер асты мешіті. XI-XII ғасырларда салынған бұл нысан бүгінгі күнге дейін сақталып, киелі мекен ретінде танылып отыр.
«Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» қызметкерлері арнайы барып, мешіттің қазіргі жай-күйімен танысып қайтты. Қаладағы және оның маңындағы киелі орындар мен тарихи жерлер үнемі бақылауда екенін айтып, біршама мағұмат ұсынған болатын..
Әулие Құмшық ата мешіті – жер астында салынған ерекше діни-ғұрыптық құрылыс. Ғалымдардың пікірінше, ол ерте орта ғасырлардағы сопылық ілімді таратушылардың құлшылық орны болған. Қалың қабырғалы, кірпіштен қаланған ғимарат ішінен салқын әрі тыныш. Жер асты бөлмелері намаз оқуға және зікір жасауға арналған. Екі бөлмелі, жер асты құрылысына жатады. Оған құдық тәрізді кіреберістен кіретін ұзын дәліз – 9,4 метр. Құрылыс күйдірілген кірпіштен қаланған. Ең түкпірдегі бөлме қабырға жақтары – 1,6х 1,75 метр және биіктігі – 2,2 метр, төртбұрыш пішінде, үсті күмбезделіп жабылған.
Шеңбер пішіндегі бөлменің диамерті – 3,1 метр және биіктігі – 3 метрге жуық, күмбезделіп жабылған. Бөлмелердің қабырғаларында майшамдар үшін кішкентай қуыстар жасалған. Қазіргі кезде күмбез толық жабылған. Төбенің орта деңгейінен күн шуақтарымен жарықтандыру үшін диаметрі – 1 метрге жуық құдық тәріздес дәлізге жарық түсіретін ойық жасалған. Жер асты мешітіне кіретін есік қиран қалғандықтан, баспалдақтың сатылары анықталмаған. Мешітпен дәліздің қабырғасы шаршы пішінді күйдірілген кірпіштен өрілген. Едені мен қабырғалары күйдірілген кірпіштен қаланған. Құрылыс ішінде шам қоюға арналған арнайы ойықтар да жасалған.
Әулие Құмшық ата есімімен байланысты аңыз-әңгімелер де көп сақталған. Халық оны діндарлығы, қарапайымдылығы және ислам ілімін таратудағы еңбегі үшін ерекше құрметтеген. Ескерткіш 1980 жылы және 2013-2014 жылдары қайта қалпына келтірілді. Әулие Құмшық ата мешітіне сапар жасау арқылы келушілер қаланың бай тарихына қанығып қана қоймай, ерекше сәулет өнерінің куәсі болады. Қазіргі таңда мешіт ғылыми зерттеу, білім беру, туристік және рухани-мәдени мақсатта пайдаланылуда.
Әулие Құмшық ата жер асты мешіті – қазақ халқының тарихи-рухани қазынасы. Бүгінде көптеген туристер қызығушылық танытып, кесене маңындағы бұл орынға арнайы соғады. Оны насихаттап, жастарға үлгі ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Түркістан қаласы




