БҰДАН КЕРЕМЕТ СҰРАҚ ҚОЙҒАН ӘЙЕЛДІ КӨРІП ПЕ ЕДІҢДЕР?» 🌹🌹🌹
Бір күні Әсма бинт Язид (оған Аллаһ разы болсын) Пайғамбарымызға (ﷺ) келеді де:
— Иә, Аллаһтың Елшісі, мен сізге барша мұсылман әйелдердің атынан келіп тұрмын. Анығында сіз — еркектерге де, әйелдерге де ортақ болып жіберілген Аллаһтың Елшісісіз.
Бізді мазалайтын бір нәрсе бар.
Біздің, яғни әйелдердің көп уақыты үйде өтеді. Біз күйеуіміздің разылығын іздейміз, бала тауып, ұрпақ жалғастырамыз. Ошағымыздың түтінін түтетіп, күйеуіміздің дүние-мүлкіне бас-көз боламыз. Соған қарамастан, біз жасай алмайтын кейбір амалдарды еркектер жасайтындығы үшін олардың Аллаһтан алатын сауаптары бізден асып кетеді. Олар күнделікті бес уақыт намаздан бөлек мешіттерде жұма намаздарына қатысады, науқастардың көңілін сұрап барады, жаназа намаздарына қатысады, қажылық парыздарын өтеп, құрбан шалады. Олар сондай сауабы мол амалдарды жасап жатқанда біз үйде қаламыз. Олардың бала-шағасына қарап, киімдерін тігеміз. Біз осы үшін олардың алып жатқан қыруар сауаптарының бір үлесін болса да ала аламыз ба? – деп сұрайды.
Бұл сұрақты естіген Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына қарап:
— Сендер бұдан артық сұрақ қойған әйелді бұрын-соңды көріп пе едіңдер?» — дейді. Сахабалары:
— Иә, Аллаһтың Елшісі, әйел адам осындай сұрақ қояды деп ешқашан ойламаған
едік, — дейді.
Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) Әсмаға (р.а) бұрылып:
— Мені жақсылап тыңда және мұны өзге әйелдерге де жеткіз. Егер әйел адам күйеуіне бойұсынып, оның үйдегі тірліктерін жасаса, көңілін тойдырып, оны разы етсе, онда ол да Аллаһ жолында құлшылық етіп жүрген күйеуі секілді сауаптарға ие болады! — дейді.
Мұны естіген Әсманың жүзінде ерекше қуаныш пен шаттық пайда болған еді. Көңілі көтерілген ол кетіп бара жатып қайта-қайта «Лә иләһә иллә Аллаһ (Аллаһтан басқа Құдай жоқ),
«Аллаһу Акбар (Алла Ұлы)» деп Аллаһты ұлықтумен болды…
(Әбу Дәуд)
asylarna
_______________________________

