Түркістанда журналистердің спартакиадасы өтті
Түркістан өңірінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған спартакиада журналистер қауымын бір арнаға тоғыстырған тағылымды шараға айналды. Биыл сегізінші рет өткен спорттық додада әріптестеріміз күнделікті ақпарат майданындағы еңбегімен ғана емес, спорттағы шеберлігімен де сынға түсті. Салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат еткен жарыс тартысты бәсекеге, көтеріңкі көңіл-күй мен достық қарым-қатынасқа толы болды.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының және спорт басқармасының қолдауымен, ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен спартакиадаға «Тұран БАҚ», 77 TV, «Ontustik» телеарнасы, «Жанубий Қозоғистон» газеті, «Janubiy.kz» сайты, Turkistan телеарнасы, «Рейтинг-Собкор», АТО және «УАҚЫТ TV» командалары қатысып, спорттың 4 түрінен өзара бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар мен спортшылар марапатталып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды. Спорттық доданың қорытындысы бойынша футбол мен арқан тартудан «Тұран БАҚ» командасы, үстел теннисінен ерлер арасында Дәурен Тілеухан, ал қыздар арасында Рысгүл Досжанова, волейболдан «Рейтинг-Собкор» командасы І орынды иеленді. Ал жалпы командалық есеп бойынша І орын «Тұран БАҚ» командасына, ІІ орын «Turkistan.tv» командасына, ІІІ орын «Ontustik.tv» командасына бұйырды.


