Түркістанда жастарға арналған құқықтық квиз өтті
Жастардың бойында құқықтық мәдениет пен мемлекетшілдік сананы қалыптастыру мақсатында Түркістанда Жастар орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция және жастар: құқық, жауапкершілік, болашақ» тақырыбы аясында «Менің құқығым – менің жауапкершілігім» атты онлайн құқықтық квиз және ақпараттық челлендж өтті. Онлайн форматта өткендіктен, шараға демалыстағы студент-жастар белсенді атсалысты.
Шараның басты міндеті – Жаңа Конституция нормаларын, азаматтық құқықтар мен міндеттерді түсіндіру арқылы жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Қатысушылар білім алу құқығы, академиялық адалдық, қоғамдық тәртіп, цифрлық жауапкершілік, әлеуметтік желідегі құқықтық мәдениет, волонтерлік қызмет және азаматтық белсенділік бойынша арнайы әзірленген сұрақтарға жауап берді. Челлендж аясында жастар әлеуметтік желілерде «Мен үшін Конституция – …» тақырыбында ой-толғауларын жазып, мазмұнды стористер мен жазбалар жариялады.
Бұл шара қоғамда заң мен тәртіп қағидатын дәріптеуге, жастардың мемлекеттік заңдарға деген құрметін нығайтуға бағытталған. Нәтижесінде жастар арасында жаңа Конституция нормалары, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық белсенділік жөніндегі таным-түсінік арта түсті. Шара осылайша жоғары деңгейде насихатталды. Осындай инновациялық форматтағы жобалар жас буынның мемлекетшіл, заңға бағынатын тұлға болып қалыптасуына үлкен серпін береді.

