Түркістанда «Үкілі домбыра» байқауы өтті
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Түркістандағы «Достық үйінде» облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен этнос өкілдері арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Үкілі домбыра» байқауы өтті. Бұл өнер сайысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» жобасын іске асыру және талантты домбырашыларды анықтау, сондай-ақ облыстың мәдени имиджін көтеруге атсалысу, этнос өкілдеріне ұлттық өнерді насихаттау мақсатында өткізілді.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Үкілі домбыра» байқауы – өнерді ұлықтайтын, рухты оятатын тағылымды шара. Бұл – тек өнер жарысы ғана емес, ұлттық мұраны дәріптеп, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің жарқын көрінісі. Қазақтың күй өнері – ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазына. Осы байқау арқылы біз сол қазынаны дәріптеп, жас таланттарға жол ашып отырмыз. Сондай-ақ, бұл жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» ғылыми-ағартушылық бастамасымен үндесе отырып, этнос өкілдеріне де қазақ мәдениетінің терең мәні мен әсемдігін танытуға бағытталған. Бұл – бірлік пен рухани келісімді нығайтатын маңызды бастама» деді ол.
«Дәстүрлі ән орындау», «Күй орындау», «Терме орындау» сынды үш номинацияда өткен өңірлік байқауға қала, аудандардан келген өнерпаздар қатысып, бақ сынады. Қазылар алқасы шешімімен оза шапқан таланттар қаржылай сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Түркістан қаласы








