Түркістанда кітапханашылар жазғы оқу курсынан өтіп жатыр

 

Кітаппханашы болу тек бір мамандық иесі болу емес, сонымен қатар қалың оқырманға нақты керегін ұсына алу. Сонымен қатар руханияттың дамуын, әдеби мұраның келер ұрпаққа жетуін де қамтамамыз ететіндей. Бұдан әрі де күнделікті дамуды талап ететін кәсіби мамандар үшін ерекше жоба қолға алынып отыр. Бұл жоба кітапхана саласында қызмет атқарып жүрген мамандардың кәсіби деңгейін көтеру, тәжірибе алмасу және заманауи талаптарға сай жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруді көздейді.

Маусым айының соңғы күнінде Түркістан кітапханасында кітапхана мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «Тиянақты кітапханашы» жазғы оқу курсы өз жұмысын бастаған болатын. Курстың алғашқы күнінде облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова аудан, қаладан келген кітапханашыларды жылы лебізімен қарсы алып, кітапхана қызметкерлері, қызмет бағыттары және әр бөлімнің негізгі жұмыс ерекшеліктері жөнінде таныстырды.

«Тиянақты кітапханашы» жобасының алғашқы аптасында Арыс, Бәйдібек, Сайрам, Сарыағаш және Келес аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары іс-тәжірибелік оқудан өтіп, оқу жоспарына сәйкес білім беру сабақтарына қатысады деп жоспарланған. Директор орынбасары Шахмира Байжігітова кәсіби бағыттағы дәріс жүргізіп, кітапхана ісінің қоғамдағы маңызы мен қазіргі заманғы даму үрдістері жайлы дәріс өткізді.

Әр күні жаңа ізденіске толы семинарда түрлі бағытта оқыту қамтылған. «Баспасөз қызметі» бөлімінің мамандары Шұғыла Бахтиярқызы және Нұрасыл Еркебұлан бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді жұмыс жүргізу, сапалы мақала жазу, тартымды медиа-контент әзірлеу бағытында тәжірибелік тренинг жүргізді. Ал «Кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің» басшысы Назира Исабекова кітап қорын қалыптастырудың әдіс-тәсілдері мен заманауи талаптары жөнінде баяндама жасады.

«Тиянақты кітапханашы» жазғы оқу курсының екінші күні кәсіби мазмұндағы сабақтармен жалғасын тапты. Күннің алғашқы жартысында «Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің» басшысы Байдәулетова Дана «Оқырманмен жұмыс жүргізудің заманауи формалары» тақырыбында дәріс оқыды. Сабақ барысында оқырман сұранысын тиімді қанағаттандыру, ақпараттық қызмет көрсету сапасын арттыру және қызмет түрлерін әртараптандыру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар, Балалар секторының меңгерушісі Летаева Жанерке балалар мен жасөспірімдер аудиториясымен жұмыс жүргізудің ерекшеліктері туралы кеңінен баяндап, түрлі форматтағы мәдени-білім беру іс-шараларын жоспарлау мен жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті. Бұдан бөлек, «Мерзімді басылымдар секторының» меңгерушісі Пернехан Балнұр және Ерімбетова Ақнұр бөлім жұмысының күнделікті тәжірибесіне тоқталып, кітап қорын ұсыну, оқырманмен этикалық қарым-қатынас орнату, заманауи технологияларды пайдалану бағытында практикалық мысалдар келтірді.

Оқу күнінің екінші жартысында «Ғылыми зерттеу бөлімінің» басшысы Жаңыл Тұрлыбек қатысушыларға сирек және құнды басылымдар қорымен таныстыру сабағын өткізді. Дәріс барысында сирек қордың құрылымы, сақтау талаптары мен ғылыми-зерттеу мақсатында пайдалану тәртібі түсіндірілді. Кітапханашылар кітапхананың қорында сақталған сирек кітаптармен танысты.

Үшінші күні кітапханашыларға «Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету» бөліміның басшысы Асель Тұрсынбайқызы, «Сандық шеберхана» бөлімінің басшысы Тоғжан Серғазықызы және «Негізгі қорды сақтау» бөлімінің басшысы Гүлзира Сейдуллақызы арнайы дәріс өткізді. Сабақ барысында кітапхана қызметіндегі библиографиялық жұмыс бағыттары, ақпараттық ізденіс тәсілдері, анықтамалық-библиографиялық аппараттың құрылымы мен мазмұны, пайдаланушыларға ақпараттық қызмет көрсету тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, автоматтандырылған кітапхана жүйесінің мүмкіндіктері, электрондық каталогпен жұмыс жүргізу, дерекқорларды құрастыру және цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану жолдары кеңінен қамтылды. Дәрістен кейін оқу күні «1 минут – 1 идея» атты экспресс байқаумен жалғасты.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Тиянақты кітапханашы» жазғы оқу курсының төртінші күні Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында жалғасты. Курс аясында қатысушы кітапханашыларға балалар кітапханасы таныстырылып, кітапхана директоры Летаев Рысбек жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Сонымен қатар қазіргі таңда балалармен жұмыс жүргізудегі кітапхананың бағыты мен тәжірибесі жайлы ақпарат берілді.

Іс-шара барысында инновациялық әдістемелік бөлім меңгерушісі Назерке Болатқызы «Кітапханалық жобалар және балалармен жұмыс жүргізудің заманауи әдістері» тақырыбында дәріс оқыса, баспасөз қызметкері Нұрлы Жаббарқызы «Ақпараттық сауаттылық және әлеуметтік желідегі кітапхана жұмысы» бойынша тәжірибесімен бөлісті. Ал орта және жоғары сынып оқырмандарына қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Баян Әбдіқадырқызы балаларға арналған ойын түрлерінен сергіту сабағын ұйымдастырды. Бұл курс кітапхана мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға зор ықпал етуде. Оқу күнінің соңында белсенділік танытқан барша кітапханашыларға кітапхана директоры Рысбек Ермекұлының атынан алғыс хаттар табысталды.

Аталған жоба бір айға жалғасады. Әр легінде төрт аудан, қаланың кітапханашылары келіп тәжірибе арттырады. Кәсіби білімін шыңдайды. Осылайша өңірде оқырманға қызмет көрсету сапасы артып, кітапқа қызығушылар саны арта түспек.

Түркістан қаласы