Түркістанда достық пен ұлттық өнер ұлықталды

Ұлттық домбыра күнінде Түркістан қаласында дәстүрлі «Үкілі домбыра» республикалық байқауы өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқаудың басты мақсаты – этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, қасиетті домбыраның қадір-қасиетін дәріптеу, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру, сондай-ақ дарынды жас орындаушыларды анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін қолдау.

Игі шараны 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып отыр. Биылғы байқауға Түркістан облысының аудан-қалаларымен қатар Ақмола, Алматы, Абай, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстары және Шымкент қаласынан келген этнос өкілдері қатысты. Қатысушылар дәстүрлі ән, күй және терме орындау номинациялары бойынша бақ сынады.

Өнер додасы барысында ұлттық өнердің түрлі жанрлары дәріптеліп, жас орындаушылардың шеберлігі кәсіби қазылар алқасының бағалауына ұсынылды. Байқау этнос жастары арасындағы достықты, өзара құрмет пен қоғамдық келісімді нығайтуға, сондай-ақ қазақ халқының төл өнері мен рухани мұрасын кеңінен дәріптеуге бағытталды. Қасиетті қара домбыраның үні түрлі этнос өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, ұлттық құндылықтар арқылы бірлік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті. Қазылар алқасының құрамына мәдениет және өнер саласының танымал мамандары, дәстүрлі өнердің майталмандары мен жоғары оқу орындарының оқытушылары енген.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, байқаудың ұлттық мәдениетті дәріптеудегі маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Ел бірлігі мен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты тірегі. Міне, бүгінгі іс-шара түрлі этнос өкілдерінің қазақтың қасиетті домбырасын қастерлеп, ұлттық өнерді бірге ұлықтауы – халқымыздың ынтымағы мен елдігіміздің жарқын көрінісі. Қазақстанның әр өңірінен келген жас өнерпаздардың Түркістан төрінде бас қосуы – мәдени байланыстарды нығайтудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі» деді Ертай Кенжебекұлы. Сонымен қатар байқаудың 1 шілде күні өтуінің символдық мәніне назар аударып, дәл осы күннен бастап еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне еніп, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жаңа кезең басталатынын атап өтті.

Байқау қорытындысы бойынша әр номинация бойынша І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар белсенді қатысушылар мен жетекшілерге арнайы алғыс хаттар табысталды. Марапаттау рәсімінде қазақтың төл өнерін насихаттап, ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға құрмет көрсетілді.

Ұлттық домбыра күніне арналған «Үкілі домбыра» республикалық байқауының ұйцмдастырушылары мұндай тағылымды өнер сайыстары этнос жастары арасындағы мәдени байланысын нығайтып, қазақтың төл өнерін кеңінен насихаттауға, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды мәдени алаң болатынын, сондай-ақ алдағы уақытта жалғасатынын жеткізді.

Түркістан қаласы