Тұран даласында күй күмбірледі

Домбыра ежелден-ақ қазақ халқының тарихы, рухы мен шежіресі саналған. Ал ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан күй өнері басты рухани қазынамыз ретінде бүгінге аманат болып жетіп отыр.
Еліміздің кең байтақ даласында күмбірлеп тұр. Домбыраның қос ішегінен төгілген әрбір күйде ұлт тарихын, тағдыры мен болмысын суреттейді. Міне осынау тарихы бар төл өнеріміз бүгін киелі Түркістан шаһарында ұлықталды. Ұлттық домбыра күніне орай қала әкімдігінңң ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті күйші-композиторы Дина Кенжеқызы Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауы өтті. Бүгінгі Түркістан қалалық мәдениет үйінде өткен мәдени шара еліміздің өміріндегі тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді. Көпке мәлім болғандай, 1 шілдеден бастап елімізде жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді.

Күйшілік дәстүрді кеңінен насихаттап, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, жас күйшілердің шығармашылық әлеуетін дамыту және қазақтың күйшілік мектебінің сабақтастығын сақтау мақсатында ұйымдастырылған шараға қаламыздағы өнерлі 20 жас қатысып, бақ сынады. Байқаудың ашылу салтанатына арнайы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысты. Ұлттық өнердің ұлт болмысын сақтаудағы, рухани құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізудегі маңыздылығына тоқталды және бүгіннен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған нормаларының елдің құқықтық дамуы мен қоғамдық жаңғыруындағы тарихи маңызын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауға 9–21 жас аралығындағы 20 жас күйші қатысып, орындаушылық шеберліктері тәжірибелі қазылар алқасының бағалауынан өтті. Байқауға қатысқан оқушылар жүлделі орындарды өзара бөлісті. Байқау нәтижесі бойынша кіші топта Әбдірахман Жомарт пен үлкен топта Маханбет Дәурен бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ жүлделі І, ІІ және ІІІ орындар мен арнайы номинациялар табысталды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байқаудың мақсаты – қазақтың қасиетті қара домбырасы мен күй өнерін кеңінен насихаттау, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру және ұлттық өнердің сабақтастығын сақтау. Қазақтың қасиетті қара домбырасы – халқымыздың рухани мұрасы мен ұлттық болмысының айқын белгісі. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы ұлттық өнер дәріптеліп, жас ұрпақтың бойына төл мәдениетімізге деген құрмет пен сүйіспеншілік қалыптаса береді. Дарынды жастарға көпшілік көрермен «Өнерлерің өрісті, жеңістерің көп болсын! Қасиетті домбыраның қоңыр үні әрдайым жүректеріңе күш-қуат, рух пен шабыт сыйласын! Ұлттық өнерді дәріптеп, қазақ руханиятын асқақтататын дарынды азамат болып қалыптасыңдар!» деген ақ тілегін арнап тарқасты.

 

Түркістан қаласы