Түркістан жастары рухани байи түсті
Кітап оқу – тек білім алу ғана емес, тұлғалық дамудың, саналы қоғам қалыптастырудың маңызды қадамы. Осы бағытта түркістан жастары белсенділік танытып жүр. Олар өздері ғана оқып қоймай, көпшілікке кітап оқуды насихаттап жүр.
Алдымен Жастар ресурстық орталығында белсенді жастар Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасы талқыладық. Кездесу барысында шығарманың негізгі идеясы, адам жанының құпиясы, психологиялық тереңдігі мен өмірлік құндылықтары туралы жан-жақты пікір алмасты. Әр қатысушы өз ойын ортаға салып, кейіпкерлердің іс-әрекетіне талдау жасап, шығармадағы өзекті мәселелерге көзқарасын білдірді.
Келесі кездесу де мән-мағынаға толы болды дейді жастар. Түркістан қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесіңі ұйымдастыруымен ашық аспан астындағы жаңадан ашылған ескек есу алаңында қала жастарының қатысуымен кітап талқылау іс-шарасы өткізілді. Кездесу барысында қатысушылар оқылған кітаптың мазмұны мен негізгі идеяларын талқылап, өзара пікір алмасты. Сонымен қатар кітаптың тәрбиелік мәні мен қоғамдағы маңызы жөнінде ой бөлісіп, өз көзқарастарын білдірді.
Аталған іс-шара жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, кітап оқуға деген қызығушылығын дамытуға және мазмұнды бос уақыт пен жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Осындай әдеби кездесулер жастардың қызығушылығын арттырады, сыни және аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, еркін пікір айту мен өз ойын дәлелдей білу дағдысын қалыптастырады, рухани-адамгершілік құндылықтарды бағалауға жетелейді. Сонымен қатар қоғам алдындағы жауапкершілік пен сенімді сезінуге мүмкіндік береді. Өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен елге деген махаббатты ұялатуға ықпал етеді. Ұйымдастырушылар осындай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.


