Түркістан туралы кімдердің еңбегін білесіз?
Топырағын түртсең тарихы сөйлейтін қасиетті Түркістан туралы қалам тербемегендер санаулы шығар. Көне мен болашақты жалғаған қаламгерлер екі дәуірдің алтын көпірі болды десек, артық айтпағанымыз болар. Ендеше ең маңызды деген еңбектерді назарларыңызға ұсынбақпыз.
Әуелі Әбілда Аймақтың Түркістан туралы еңбектерін мысалға келтірсек. «Түркістан» атты жыр жинағы – осы қасиетті мекенге арналған терең мазмұнды туынды. Сонымен қатар «Домалақ ана кесенесі», «Парасат биігі», «Ақ жол», «Алтын бесік» атты кітаптарында да Түркістан өңірінің тарихи тұлғалары мен мәдени мұралары кеңінен сипатталады.
Белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі – Түркістан» кітабы Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен жарық көрген. Бұл кітап Түркістан өңірінің өткен тарихы мен бүгінін байланыстырған құнды еңбек екені белгілі. Қаламгер негізінен түркілер тарихына тоқталып, киелі де қасиетті Түркістан қаласының тұтас түркі әлемінде алар орны туралы кеңінен тарқатады. Барлық жастағы оқырманға арналған туынды әсіресе жас ұрпаққа пайдалы болмақ. Өңір тарихын насихаттауда, оларды ұлтжанды етіп тәрбиелеуде «Түркілер төрі Түркістан» зор үлесін қосатынына анық.
Еркінбек Тұрысовтың «Темірлан» романы – Түркістан өңірінің тарихи тұлғалары мен оқиғаларын көркем тілмен бейнелейтін шығарма. «Бәйдібек» эссесінде Бәйдібек би туралы жазылған, оның өмірі мен Түркістан аймағындағы рөлі туралы баяндалады.
Аманбек Ақайұлының «Адамзаттың рухани бірлесу және жаңғыру кілті – Қазақ Қазығұрт» атты 1998 жылы жарық көрген туындысында Қазығұрт өңірінің тарихи-мәдени маңызы мен рухани құндылықтары баяндалады. «Адамзаттың Қазығұрты» (Ділнама, 2003) – Қазығұрт тауы мен оның адамзат тарихындағы орны туралы философиялық-танымдық туынды.
Мейірбек Ақынбеков те Түркістан өңірі туралы қалам тербеген. Оның «Туған жер төсінде» атты 1993 жылы жарық көрген жинағында ақын туған өлкесінің табиғаты мен рухани құндылықтарын жырға қосады. Ал 1994 жылы жарық көрген «Шартарап» атты еңбегінде қынның туған жерге деген сүйіспеншілігі мен ұлттық болмысқа қатысты ой-толғамдары қамтылған. «Сарыағаш саздары» атты кітабында Сарыағаш өңірінің табиғаты мен мәдениетін суреттейтін өлеңдер топтамасы берілген.
Байділдаев Сағынтайтың да туған жер туралы жырлағаны белгілі. Мысалы «Ақ желкенді алау күнім», «Түс ауғанда», «Жырлайды жүрек», «Айналайын», «Алтын күрек», «Ымырт пен үміт» атты жыр жинақтарында ақын туған өлкесінің табиғаты мен рухани құндылықтарын жырға қосады. Оның шығармаларында Түркістан өңірінің тарихи, мәдени және рухани мәні терең бейнеленеді.
Көпбай Әлімбетұлы есімі халық ақыны ретінде белгілі. қындық өнерімен жастай танылған. Оңтүстікке аты жайылған ақын Нұралы Нысанбайұлының шәкірті. Түркістан өңірінің тұрмыс-тіршілігін жырлаған. Оның белді шығармалары қатарында «Арыс-Түркістан каналын» және «Алатау – ырыс аймағын» атауға болады.
Мемлекет қайраткері, дипломат, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансейіт Түймебаев Түркістанның рухани және мәдени мұрасын зерттеген. Оның «Түркістан – руханият бесігі» мен «Тамыры терең – Түркістан», «Түркістан облысының киелі жерлерінің географиясы 2 томдық.» атты еңбектері оқырман үшін, әсіресе жас ғалымдарың киелі өңір туралы зерттеуінде таптырмас құрал болары анық. Жалпы оңтүстік өңірін ең көп зерттеген тұлға деуге болады.
«Түрікстан жинағы» көптомдығын құрастырушысы Құлбек Ергөбек есімін көзі ашық, көкірегі ояу әр оқырман жақсы таниды. Жазушының бұл көптомдық еңбегі түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін қамтиды. Бұл туындыларды күллі түркі ұлт-ұлыстары тілі, тарихы, әдебиеті тұтас руханиятын қарастыратын өзінше бір қызықты кітапхана деуге болады. Қазақ әдебиетін Құлбек Ергөбек есімінсіз елестету мүмкін емес. Ол –шығармашылық жолын қазақ әдебиетіне, тұтас түркі тарихына арнаған ғалым. Қажырлы еңбегінің нәтижесінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық академиялардың мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Парасат» орденінің, ҚР Президенті стипендиясының иегері, тағы басқа да құрметке ие болған.


