Түркістан саябағындағы рухани кеш Шәмшіге арналды
Түркістан қаласының әр бұрылысында іс-шаралар көптеп өткізіледі. Соның ішінде көпшілік жиі бас қосатын, серуенге шығатын саябақтарда өтіп тұрады. Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Саябақтағы кітапхана» жобасы аясында киелі шаһардағы «Жібек жолы» саябағында әдеби-мәдени шара өтті. Бұл жолғы іс-шара қазақ вальсінің королі, ұлт жүрегінен мәңгі орын алған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына арналды. Шара мақсаты негізінен жас ұрпаққа Шәмші мұрасын кеңінен танытып, қазақ ән өнерінің асыл қазынасын ұлықтауға бағытталған.
Саябақтағы кеште сазгердің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Кітап көрмесінде Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестрінің әуендері күйтабақта қосылып, Шәмші атамыздың туған жерін еске салды. Сондай-ақ тұрғындарға арналған викториналық сұрақтар ұйымдастырылды. Балалар өз қиялындағы суреттерді салып, белсенділерге кітаптар сыйға тартылды. Кеш шымылдығы Шәмшінің танымал әндерімен түріліп, саябаққа жиналған жұрт әнмен тербеліп, ерекше рухани әсерге бөленді.
Әнімен тербеткен Шәмші Қалдаяқов жүрекке жол тапқан композитор, қазақ музыкасының алтын діңгегі десек артық айтпаймыз. Оның «Менің Қазақстаным», «Арыс жағасында», «Ана туралы жыр», «Ақ бантик» сынды әндері ел рухын оятып, ұлттық болмыстың үнін жеткізген туындылар. Шәмші әндері – ел жадында сақталған мәңгілік әуен.
Жалпы Түркістан-Шымкент бағыты бойында орналасқан «Жібек жолы» саябағы ресми түрде жұмыс істеп тұр. Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарының Түркістан қаласына тартуы болып саналатын демалыс саябағының жалпы жер көлемі 30 гектарды құрайды. 2019 жылы құрылысы басталған нысанда субұрқақтар, жасанды тоған, жасыл бұта, ағаштар мен газон егіліп, орындықтар қойылған. Сонымен қатар спортпен шұғылдану үшін аяқжол мен веложолдар да салынған. Демалыс орнын көрікті етумен қатар, салқын ауа сыйлау мақсатында орнатылған субұрқақтар түнде де саябақтың келбетін ерекшелеп тұрады.
Түркістан қаласы



