Жақында әлеуметтік желіде ерекше фотолар жарияланды. Онда Түркістан қаласындағы сәулеттік ескерткіш Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ескі көрінісі таспаланған. Расында елімізге қатысты маңызды тарихи деректер, қолжазбалар мен этнографиялық дүниелер әлi де болса жекелеген тұлғалардың қолында, мұрағаттар мен кiтапханалар қорларында сақтаулы болуы мүмкін. Осындай бір қазынаға «Түркiстан альбомы» атты ХIХ ғасырдағы фотоқұжаттар жинағын қосуға болады.

«Түркiстан альбомының» жасалу тарихы тым әріде басталыпты. 1871-72 жылдары Түркiстан генерал-губернаторының кеңсесi, тарихи бiр жобаны жүзеге асырып, «Түркiстан альбомы» атты көп томдық фотоальбом құрастырады. Ол «Түркiстан генерал-губернаторлығы» деп аталып, сол кезде отарландырыла бастаған аймақтағы тiршiлiктiң әртүрлi қырлары бейнеленедi. Альбомды құрастырумен шығыстанушы А.Л.Кун (1840-1888 жж) айналысады. Ол Санкт-Петербург университетiнiң Шығыс тiлдерi факультетiнiң түлегi болатын. 1860-1870 жылдары Түркiстан генерал-губернаторының қарамағында қызмет атқарды. «Түркістан альбомын» дайындау екі жыл бойы жүргізілген. Фотосуреттерді жасату А.Л.Кунге, Қазақстан және Орта Азия қалаларының көне архитектуралық көріністерін түсіру П.В.Богалевскийге, әшекейлердің көшірмелерін акварельмен салу Л.А.Шостакқа жүктелген. Түркiстан генерал-губернаторлығының аумағы бүгiнгi Өзбекстан аумағын толығымен дерлiк (Бұхара мен Хорезмнен басқасын) және бүгiнгi Қазақстанның бiраз бөлiгiн (Шымкенттен Қазалыға дейiнгi аралықты) алып жатты. «Түркiстан альбомында» табиғат көрiнiстерi, ірі елдiмекендер мен қалалар келбетi, этнографиялық тұрғыдағы әр алуан материалдармен бірге орыс әскерінің Түркістан өлкесіндегі әскери қимылдары жөнінде де материалдар берiлген. Үлкен форматты 10 альбомға 1300-ден астам фотосуреттер енген. Сырдария облысы мен Заравшан округіндегі көне ескерткіштердің археологиялық сипаттамасы мен этнографиялық мақалаларды А.Л.Кун, «Орта Азиядағы кәсіпшіліктер» бөлімін М.Н.Бродовский, «Орта Азиядағы орыстар жорығының очеркі» сипаттамаларын М.А.Терентьев жазған.

Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының құрамында музейлендірілген бірнеше тарихи сәулет ескерткіштері бар. Солардың бірі ХІХ ғасырдың соңында салынған Ресей патша әскерінің әскери құрылыс үйі. Түркiстан қаласының 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында, осы құрылыс үйі музей-қорық құрамына беріліп, онда қала тарихын көрсететiн музей экспозициясын құру үшiн тарихи құжаттар жинақтау қажет болады. Болашақ музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасауға байланысты арнайы құрылған топ Өзбекстандағы Абу Райхан аль-Беруни атындағы Шығыстану институтының қорындағы «Түркiстан альбомы» фотоматериалдар жиынтығынан, 500-ден аса суреттiң көшiрмесiн жасатып, оларды музей-қорық қорына өткізген еді. Бұл фотосуреттер қазіргі кезде музей-қорық қорының Жазба ескерткіштер қорынды сақтаулы дейді мамандар.

Бұл альбомда Рабия Сұлтан Бегім кесенесінің фотосуреті сақталған. Осыған қарап кесененің арнайы өлшемдері анықталған. Тегістеліп, тіпті жоғалып кетуге шақ қалған кесене 1980-ші жылдары қайта жаңғыртылып, бой көтерді. Соңғы жылдарда, яғни, 2010-шы жылдары кесене құрылысының ерекшеліктері мен тарихи тұлға Рабия Сұлтан Бегім туралы деректер жинақталып, альбомдағы фотосуреттер, сызбалармен қоса музей-қорықтың қор сақтау бөлімінің мамандары арнайы буклет-кітапшаны баспадан шығарды. А.Л.Кун тақырыбына қарай альбомды төрт бөлiмге бөлген. Бiрiншi бөлiмi «Тарихи» деген атпен бiр томды құрайды. Бұл тақырып негізінен шартты түрде қойылған, өйткені мұндағы материалдар орыс экспедициялық корпусының Түркістан өлкесіндегі әскери қимылдарына арналған. Бұл томның алғашқы беттерiндегi карталарда Қоқан хандығының бекiнiстерi болып саналатын, қоршаулы қалаларға жасалған әскери шабуылдардың сызбалары, көне қалалар орындарының сызба-карталары берілген. Олардың ішінде Шымкент, Сауран қалаларына жасалған шабуылдардың сызбалары да бар.

Альбомның төрт томы «Археологиялық» деп аталатын бөлімді құрайды. Негізінен бұл да аталмыш бөлімнің шартты атауы, өйткені онда археология хақындағы бүгінгі түсінігімізге ешқандай қатысы жоқ, ежелгі Самарқанд, Түркістан қалаларындағы әр түрлі архитектуралық «көне» ескерткіштердің суреттері берілген. Дегенмен, бұл суреттер бүкіл әлемге әйгілі құрылыстардың сол кезде, яғни ХІХ ғасырдың соңғы ширегінің басында қандай жағдайда болғандығын анық көрсетеді. Екi томға жинақталған «Этнографиялық бөлiм» өте тартымды. Оның алғашқы томында Түркiстан өлкесiнде тұратын елдiң «көшеде жүрген» – ұсақ-түйек саудагерлердiң және тағы басқа суреттерi берiлген, ал екiншi томында халықтық салт-дәстүрдің маңызды ерекшелiктерi — үйлену тойы, кiсi жерлеу, бала оқыту, ойын-сауықтар және тағы басқа фотолар бейнеленген. Сондай-ақ құнды дерек болып табылатын, Түркiстан өлкесiнде орналасқан түрлi қалалардағы үлкен базарлардың суреттерi де осы бөлiмде бейнеленген. Өз алдына жеке бiр том болып тұрған «Кәсiпшiлiк» бөлiмi де өте қызықты. Онда Түркiстан өлкесiн мекендейтiн халықтарға тән қолөнер кәсiбi көрсетiлген. Мұнда жер жыртуға, егіншілікке, сонымен қатар, ұсталыққа, тері илеуге және т.б. шеберлікке қажетті құрал-саймандардың бірнеше түрлері топталып көрсетілген. Ал соңғы томда 1890 жылы Түркістанда өткен ауыл шаруашылығы көрмесіндегі әр түрлі павильондардың суреттері берілген.
«Түркістан альбомы» тұтастай қазақ халқының үлкен бір өлкесіндегі археологиялық, архитектуралық, этнографиялық, тарихи, мәдени мұраларды қамтыған. «Түркістан альбомындағы» 1300 суреттің 200-ден астамы қазақтарға арналған. Олардың ішінде қазақ ауылдарының бірнеше көрінісі, үлкен қыстау, көші-қон, ат ойындары сияқты көптеген өте қызықты суреттер бар. Сондай-ақ қазақтардың қолөнері – киіз үйдің ішіндегі ұстаханасы, ағаштан ыдыс-аяқ жасап, тері илеп жатқан және тағы басқа суреттер берілген. «Түркiстан альбомы» 1871-72 жылдары Ташкенттегi Н.Нехорошев деген фотографтың баспа-шеберханасында жасалып, 1872 жылдың 12-15 желтоқсанында Санкт-Петербургте цензурадан өтiп, осындағы Мордуховский атындағы №1 баспаханада басылып шыққан. Альбомдағы фотосуреттердің барлығын дерлік Н.Нехорошев, ротмистер П.Приорев пен прапорщик Г.Е.Крывцовтар түсірген.
Альбом жайындағы алғашқы деректер қатарына 1898 жылдары «Түркестанские ведомости» газетiнiң бiр санына шыққан мақала жатады. Онда альбомның маңыздылығы, қанша дана шығарылғандығы, оның қайда сақталғандығы жөнiнде деректер келтiрiлген. Тіптен генерал-адъютант К.П. фон Кауфман қайтыс болғаннан кейін, Ташкенттің қара базарында «Түркістан альбомының» «Самарқандтың ежелгі ескерткіштері» деген бір томының 36 сомға сатылғанын автор қынжыла жаза отырып, бұл томның бүгінде Францияда екендігінен де хабардар еткен. Сондай-ақ, кеңес дәуiрiнде альбом жайлы аз-кем деректердi 1930 жылы академик М.Е.Массон жариялады. 1985 жылы академик Әлкей Марғұлан ағамыздың «Ежелгі жыр аңыздар» деген кітабы шықты. Кітапта Қорқыт ата жөнінде айта келіп, «Қорқыт күмбезінің» ең алғаш 1862 жылы фотоға түсірілгенін, бұл фото бүгінде тек «Түркістан альбомында» ғана сақталып тұрғандығы туралы ақпарат берген. Кейiннен басқа да бiрсыпыра әдебиетшiлердiң мақалаларында альбомның аты ғана аталып жүрдi.Альбомдағы фотосуреттер тарихыны көз жүгіртер болсақ, оның негізінен 1837 жылдары бастау алғандығын аңғарамыз. Ал аталған альбомдағы суреттер 1866-1872 жылдар болып көрсетіліп, алғашқы фотосуреттер дүниеге келгеннен 30 жыл кейін түсірілгенімен ерекшеленеді. Осы аттас альбомдар мұнан кейінгі жылдары да, атап айтқанда, 1874 жылы да жеке тақырып бойынша шығарылған.

Қасиетті де киелі Түркістан атымен аталған альбомда Түркістан қаласының жалпы бейнесі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс беттерінің, көне «Иқан» қыстағының, ортағасырлық сәулет ескерткіші Рабия Сұлтан Бегім кесенесінің әсем көріністері, далалық өрнектер түрлерінің суреттері жинақталған. Осы жерде айта кететін бір мәселе, 1980-ші жылдардағы Рабия Сұлтан Бегім кесенесі осы «Түркістан альбомында» сақталған фотосурет арқылы қайта жаңғыртылғандығы. Осы сақталған фотосурет арқылы сәулетші, архитекторлардың математикалық есептеулері бойынша кесененің жалпы көлемі, биіктігі және т.б. өлшемдері анықталған болатын. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Әмір Темір дәуірінен сақталған әрі оның кесенеге жасаған сый заттары — Тайқазан, қола шырағдандар, көркем ойылған ағаш қақпа есіктеріндегі жазулардың фотосуреттері рет-ретімен берілген. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін Түркістан мен кесене туралы жазылған кітаптар мен зерттеулерде кездесе бермейтін суреттер де молшылық. Солардың бірі ретінде кесенедегі Тайқазанның он құлағына байланған он ту «Он бір Ахметтің туы» туралы фотосуреттер мен Қожа Ахмет Ясауи қабіртасы үстіне жабылған «Кабірпуштің» фотосуреттері де көп мағлұматтар жинақтауға мүмкіндік береді.
«Түркістан альбомының» маңыздылығы сол, мұнда Қазақстан мен Орта Азияға байланысты 459 беттен тұратын 1300 фотосурет қамтылған Альбомдағы суреттер негізінен 1866-1872 жылдары түсірілген. Алғашқы кезде Ресей патшалығының саясаты рухымен жасалған «Түркістан альбомы» бұдан 140-145 жыл бұрынғы тарихи, археологиялық жәдігерлеріміздің фотобейнесімен құнды. Бір кезде саясатқа бағындырыла жасалған альбом, бүгінде Қазақстан мен Орта Азия халықтарына ауадай қажет құнды ескерткіштерімізді көз алдымызға сол кездегі қалпымен әкеледі. Бүгiнде музей-қорықтың қорында «Түркістан альбомының» екі баспадан шыққан нұсқа кітап-альбомдары сақтаулы. Оның бірі — Қазақстан Республикасы Сыртқы Iстер министрлiгiнiң Сыртқы саясат және сараптама орталығының тапсырысы бойынша Алматы қаласындағы «Берел» баспасынан 2005 жылы шыққан «Түркiстан альбомы» жинақ кiтабы да музей-қорықтың қорына сыйға берiлген. Альбомға жазылған алғысөзiнде тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев америкалық (философ) пәлсапашы Дж.Сантаяның «Өткенiн ұмытқан халық, соның бәрiн басынан кешуге мәжбүр болады» деген сөзiн еске ала отырып, «Түркiстан альбомы» туған жерiнiң тарихы мен мәдениетiн қадiрлей бiлетiн баршаға ұмытылмас бағалы сыйлық болады» деп бағалады. Екіншісі — белгiлi зерттеушi этнограф Тынышбек Дайрабайдың жиырма бес жыл тер төгiп жүрiп, «Түркiстан альбомы» туралы жинақтаған еңбегiнiң нәтижесi болып табылатын, 2005 жылы Елорда баспасынан жарық көрген «Түркiстан» атты альбомы. «Қазақстан халқының көбі біле бермейтін, атын естігені болмаса, затын көрмеген алтын қазынамыздың бірі емес – бірегейі «Түркістан» фотоальбомы бүгінде Тынышбектің қолында» деп жазған болатын Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхаммеджанов альбомға жазған өз алғысөзінде. Бүгінде бұл альбом жас зерттеушілердің қолына тиіп, халық игілігіне айналып отыр. Тынышбек ағамыз кезінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген бірнеше тарихи тұлғалар жайлы еліміздің ірі қалаларындағы көне мұрағат қорларында сақталған тарихи деректерді жинақтап, музей-қорықтың қызметіне, соның ішінде әсіресе кесенеде жерленген тарихи тұлғаларды зерттеп-зерделеу жұмысына да ерекше үлес қосып жүрген азамат.

Бұл альбом кітаптар, бүгінде музей-қорықтың кітапхана қорының құнды кітаптар қорынан орын алған, себебі альбомда тек ХІХ ғасырдағы фотосуреттер ғана емес, сонымен қатар, қазақ халқының мәдениеті әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне қатысты белгілі зерттеуші ғалымдардың тұжырымдамалары да қоса берілген, яғни құнды тарихи деректер жинақталып, бүгінгі күнгі жас зерттеушілерге мүмкіндіктер жасалған. Мiне осы екi альбом мен қордағы Түркістан қаласының қазіргі кезеңіндегі фото материалдар негiзiнде көптеген мағлұматтар жинақталып, Қазақстан халқының көбi бiле бермейтiн, атын естiгенi болмаса, затын көрмеген тарихи қазынамыздың бiрегейi — «Түркiстан альбомы» 2007 жылдың мамыр айында тұңғыш рет Қазақстан музейлерiне, оның iшiнде Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер музейiне көрмеге шығарылды. Көрмеге фотосуреттер ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Түркістан қаласы мен оның аймағындағы қалашықтардың тарихи сызбалары, қала тіршілігі, қолөнершілер кәсібі, тұрмыс-салты туралы көрінстер тақырыптарға топталып, 130-дан астам фотосуреттер шығарылды.
«Бүгінде альбомдағы фотосуреттермен қоса «Түркiстан альбомы» кітабының өзі де, сонымен қатар, бірнеше рет еліміздің облыс орталықтары мен басты қалалары, Алматы мен Астана қалаларында ұйымдастырылған тақырыптық көрмелерге шығарылып тұрады. «Түркiстан альбомы» бүгiнде өшiп кеткен ежелгi ескерткiштерiмiздi көз алдымызға әкелiп, кешегi, бүгiнгi тарихымызды болашақ ұрпаққа таныстыратын құнды дүниелеріміздің бірі» дейді экскурсия жетекшісі Айнұр Жанысбаева.

Жарияланған бұл жазбада «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорық, жазба ескерткіштер бөлімі, Фотосуреттер,ӘСММ/ ҒКҚ №246/1-1-204, Кун А.Л. «Туркестанский альбом» Алматы, 2005. ОФ «Берел». Әзірет Сұлтан қорық мұражайының кітапхана қоры. Инв №№ 4254, Назарбаев.Н. Кун А.Л. «Туркестанский альбом» Албомға берілген алғысөзінен, «Түркістан» Астана. Елорда, 2005. 228б, Дайындаған Т.Дайрабай. Әзірет Сұлтан қорық мұражайының кітапхана қоры. Инв №№ 4193, Мұхамеджан Қ..«Түркістан» Астана. Елорда, 2005, альбом кітабына жазған алғысөзінен деректер мен мәліметтер пайдаланылған екен.

Түркістан қаласы