Түркістан: Қолөнершілердің құқықтық мәртебесін заңмен бекіту ұсынылды
Түркістандағы Қолөнершілер орталығында «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған партия өкілдері өңірдің қолөнершілері мен туризм саласының өкілдерімен кездесіп, креативті экономиканы, ұлттық қолөнерді және ішкі туризмді дамыту мәселелерін талқылады. Өңір тұрғындарымен кездесуден кейін өткен жиын жергілікті халық шеберлері еңбек ететін орында өтті. Онда ұлттық киімдер, кесте және тоқыма бұйымдары, зергерлік әшекейлер, сондай-ақ дәстүрлі тәсілмен жасалған ағаш және былғарыдан дайындалған қолөнер туындылары таныстырылды.
Қолөнер шеберлерімерн кездесуде сөз сөйлеген «Әділет» партиясының төрағасы, Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айбек Дәдебай Мемлекет басшысы туризмді экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде айқындағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл міндетті орындау ұлттық мәдениетті сақтау, қолөнерді қолдау және туризмді дамытумен тығыз байланысты. «Осы бағыт «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында нақты көрініс тапқан. Біз креативті экономиканы ел дамуының жаңа бағыты ретінде қарастырамыз. Алдағы үш жылда оның жалпы ішкі өнімдегі үлесін 3 пайызға дейін жеткізуді ұсынамыз. Креативті экономика дегеніміз – кино немесе музыка ғана емес. Оның ажырамас бөлігі – ұлттық қолөнер, зергерлік өнер, этнодизайн, киіз басу, ағаш ою, ер-тұрман жасау, ұлттық киім тігу секілді ата-бабадан жалғасқан асыл мұра. Сондықтан партиямыз қолөнершілердің құқықтық мәртебесін айқындайтын арнайы заң қабылдауды ұсынады. Өйткені шебер – өнім өндірумен қатар, халқымыздың тарихи жадын, мәдени кодын және ұлттық болмысын сақтап келе жатқан тұлға» деді Айбек Дәдебай.
Құрылтай депутаттығына кандидат Унзила Шапақ әділетті мемлекет әрбір азамат өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінгенде ғана қалыптасатынын айтты. «Сондықтан біз «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамаларын кеңінен қолдап, еңбекқорлықты, жауапкершілікті, бастамашылдықты және азаматтық белсенділікті қоғамның басты құндылықтарына айналдырамыз. Еңбек адамын қолдау біздің басты міндетіміздің бірі болады», — деді Құрылтай депутаттығына кандидат Унзила Шапақ.
Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі, Астана қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов Түркістанның әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті. «Біздің алдымызда үлкен мүмкіндік тұр. Түркістанды тек тарихи орталық емес, халықаралық деңгейдегі туризмнің, ұлттық қолөнердің, спорттың және шығармашылық индустрияның ірі орталығына айналдыруға барлық мүмкіндік бар. Бұл үшін мемлекет, кәсіпкерлер және қоғам бірлесіп әрекет етуі керек. Ал «Әділет» партиясының бағдарламасы дәл осы мақсаттарға бағытталған», — деді Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі, Астана қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов.
Кездесу соңында қатысушылар қолөнерді дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және креативті экономиканы қолдау мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ өңірге туристерді тарту мен жергілікті шеберлерді қолдау жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

