«Түркістан әуендері» тұрғындар назарында

 

Еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласында тұрғындардың мәдени демалысын жандандыру мақсатында түрлі әдеби-мәдени шаралар өткізіледі. Жақында ерекше форматта ашық аспан астындағы концерт ұйымдастырылды. «Түркістан әуендері» деп аталатын осы кеште Түркістан қалалық мәдениет үйінің талантты өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұрала биледі. Киелі шаһарда жақында ғана ашылған көрікті саябақ алаңында өткен кеште көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Нағыз өнер мерекесін қалыптастырған Түркістан жұртшылығына танымал әншілер әсем әндерін көрермен қауыммен бірге орындады.

«Яссы» халықтық би ансамблі қазақтың ұлттық билерімен қатар, заманауи бағыттағы би қойылымдарын ұсынды. Көрермендер ансамбль өнерін зор қошеметпен қарсы алып, жылы лебіздерін білдірді. Бұл бағыттағы мәдени кештер Түркістан қаласының өнерге, руханиятқа және халықтың рухани дамуына айрықша мән беретінін көрсетеді. Көпшіліктің көңілінен шыққан ашық аспан астындағы концерт алдағы уақытта жалғасады дейді ұйымдастырушылар.

Түркістан қаласы