Тұран төрінде республикалық жас ақындар айтысы өтті
Биыл еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай Түркістанда еңбек адамдарын насихаттауға, сондай-ақ Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекованың 75 жылдығына және ҚР Мәдениет қайраткері, айтыскер ақын Әбдікерім Манаптың 70 жылдығына арналған «Түркінің төрі – Түркістан» республикалық жас ақындар айтысы өтті. Айтысқа облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқару хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева қатысып, сәттілік тіледі.
Еліміздің әр өңірінен келген 12 қатысушы көрерменге ерекше айтыс үлгісін көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен Ахметрасул Баянбай (Түркістан облысы) бас жүлде иегері атанды. Жүлделі I орын Мұхтар Қонарбаевқа (Астана қаласы), жүлделі ІІ орын Аян Ниязбек (Түркістан облысы) пен Арай Нұрадинге (Ақтөбе облысы), жүлделі III орын Байсүгіров Нұрмұхаммед (Қарағанды облысы) пен Нұрмахан Жақыпбекке (Түркістан облысы) бұйырды. Сонымен қатар Әбдікерім Манап атындағы арнайы жүлде Бейісхан Хавдолла (Солтүстік Қазақстан облысы), Қаныбек Сарыбаев атындағы арнайы жүлде Мұхаметқан Сіләмхан (Түркістан облысы). Жарқынбек Наушабеков атындағы арнайы жүлде Өмірбеков Нұрдәулетке (Түркістан облысы), Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлде Нұрғали Әнәпияға (Шымкент қаласы), Тәушен Абуова атындағы арнайы жүлде Тұрсын Шынарбекке (Алматы облысы), Түркістан облысытық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі Бекарысұлы Шахмарданға (Түркістан облысы) табысталды.
Марапаттау рәсіміне облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Сонымен қатар қазылар алқасының төрағасы, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков жас ақындарды қолдау мақсатында мұндай айтыстардың маңызы зор екенін жеткізді. Бұдан бөлек жыр додасына Бөрібай Оразымбет, Өміржан Көпбосын қазылық етті. Ал айтыстың сарапшысы – Бекмұрат Анарбаев. Аламанды айтыскер ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Өнер мектебінің» директоры Тұрар Тілеулиев жүргізді.
Айтысты облыс әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен облыстық Мәдениет басқармасы мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының Түркістан облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырған. Жыр додасы ел дамуының тірегі еңбек адамын дәріптеуді, жастарды еңбексүйгіштік пен отансүйгіштікке баулуды, Түркістан қаласында ұлттық руханиятты насихаттау, қазақ айтыс өнерінің қос бірдей тұлғасының өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етуді көздейді. Талантты жас ақындар рухани астана төрінде елдік мүдде, ұлттық рух, еңбек адамдарының мәртебесі, тарихи тұлғалар мұрасы сынды тақырыптарды жырға арқау етті.
Дана халқымыз үшін төл өнерімізді қашанда биік қойған. Бүгінде қаймағы бұзылмаған оңтүстік жұрты да шоқтығы биік болған айтыс өнерін жоғары бағалайды. Оған дәл осы жас ақындардың дүбірлі айтысы куә. Айтыс – ежелгі салт-дәстүрдің нағыз қайнар көзі. Әр өлеңін сүйсіне тыңдап, таланттарға шабыт сыйлайтын көрермен өткен ғасырдың соңына дейін айтыстан біршама қол үзіп қалғаны тарихтан белгілі. Десе де өнердің құдіреті түбінде жарқ етіп, қазақ халқымен қайта қауышты. Бойында ананың ақ сүтімен дарыған суырып салмалық қасиеті бар тұлғаларды ел-жұрт жиында асыға күтетін. Соның нәтижесі болар, қазақ айтыс өнерінің жыр күмбезіне өзіндік өрнек, қайталанбас нақыш әкелген өнер дүлдүлі қаншама. Түркістан өңірінің өзінде айтыс көшін Қаныбек Сарыбаев, Әбдікерім Манапов, Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова әрі қарай Бекарыс Шойбеков, Ақмарал Леубаева, Карима Оралова, Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова және тағы басқа ақындар жалғай түсті. Ал бұл айтыс дәл осы дара жолдың жалғасы іспетті. Қасиетті өнерді бағалаған жас ақындарға сәттілік тілейміз.
Түркістан қаласы





