Балалар кітапханасы – тәрбие ошағы!
Түркістан қаласындағы балалар кітапханасы кішкентай оқырман үшін таптырмас орынға, қара шаңыраққа айналып үлгерді. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Сонымен қатар білім беретін, бос уақытты тиімді пайдаланатын, ақпараттық және коммуникативтік орталық болып саналады.Қазіргі таңда оқырманның талабын қанағаттандыру, рухани байлығымен жалпы қабілетін дамыту және жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыруда кітапханалардың алатын орны ерекше. Кітапхана негізі 1961 жылы қаланды. 340 дана кітап қорымен бір ғана шағын бөлмеде 4 қызметкермен бастаған. 1976 жылы кітапханаға қазақтың ұлы ғалымы, фольклорист, педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілді. Қазіргі таңда кітап қоры – 240 мыңға жуық. Бұлар балаларға арналған дүниежүзілік үздік әдебиеттер, осы заманғы балалар көркем әдебиеті (отандық және шетелдік), оқу процесіне көмектесетін салалық және анықтамалық әдебиеттер, мерзімді басылымдар, аудио және бейне материалдар, электронды басылымдар.
Кітапхана қызметінің негізгі бағыттары да сан түрлі. Атап айтсақ, облыс тұрғындарына кітапхананы заманауи, ыңғайлы форматта барша қолжетімді болатын ауқымды, көпфункционалды, ақпараттық интеллект-орталығы ретінде таныту, рухани жан дүниесі бай, білімі мен біліктілігі жоғары, талап-талғамы терең, білімді оқырман тәрбиелеу, жеке тұлғаның үйлесімді дамуына, тең мүмкіндікті қоғамның қалыптасуына ықпал ететін ақпаратқа қол жетімділікті, сапалы кітапханалық қызметті қамтамасыз ету, жастардыұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына баулу, талғампаз оқырмандардың тағылымды талаптарын толыққанды жауаптармен қамтамасыз ету, кітапхананы инновациялық-әдістемелік орталық ретінде дамыту

Кітапхана құрылымының өз ерекшеліктері бола тұра, мұнда бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейтін 8 бөлім мен 1 сектор бар. Атап айтқанда негізгі қорды сақтау бөлімі, құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтар ұйымдастыру бөлімі, кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімі, инновациялық және әдістемелік жұмыс бөлімі, өнер жөніндегі әдебиет бөлімі, мектепке дейінгі және бастауыш сыныптардағы балаларға қызмет көрсету бөлімі, орта және жоғары мектеп жасындағы балаларға қызмет көрсету бөлімі, ақпараттық-библиографиялық бөлім, бақылау және тіркеу секторы болып қызмет көрсетеді. Кітапханаға әдетте мектеп жасына дейінгі, 1-9 сынып оқушылары және балалар оқуының жетекшілері, соның ішінде ата-аналар, тәрбиешілер мен мұғалімдер оқырман болады. Қызмет көрсету жүйесі пайдаланушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастырылған.
Түркістан өңірі бойынша жиырма балалар кітапханасы қызмет көрсетеді. Оның ішінде он алтысы аудандық, үш ауылдық, бір қалалық филиал балалар кітапханасы бар. Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы кітаппен және ақпаратпен қамтамасыз ететін аудандық балалар кітапханаларының әдістемелік орталығы болып саналады. Облыстық балалар кітапханасының бастамасымен көптеген жобалар жолға қойылып отыр. Атап айтсақ «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы аясында таңдалған Жұмекен Нәжімеденов, Тәкен Әлімқұлов шығармаларын насихаттау мақсатында өткізілген іс-шаралар, «Түркістанның таңдаулы туындысы» Бақытжан Алдияр, Бекжан Әшірбай, Әлібек Шегебай, Мұқағали Кенжетайұлының шығармаларын және мейрейтой иелері мен ұлттық және кәсіби тағы басқа мерекелерге орай іс-шаралар өткізуді жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Әлемді кітап арқылы танмимын» облыстық байқауы, «2025 жыл – Балалар кітапханасы жылы» жобасы, кітапханалық «Әжемнің өсиеті», «Бала терапиясы», «Кітаппен өткен күн қызық» оқырман клубы, «Саяхатшы қуыршақтар», тағы басқа түрлі жобалар бойынша оқырманға қызмет көрсетеді.
Түркістан қаласы

