Төзімі темір, жігері жалын

Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз қоғам құрып, олардың ортаға бейімделуіне жағдай жасау – мемлекет жүргізіп отырған саясаттың негізгі міндеттерінің бірі.

Осы жұмыстардың нәтижесі де болар, соңғы жылдары «қоғамның қорғансыз тобы» деген қасаң ұғым біртіндеп сейіліп, олар шексіз мүмкіндік иелеріне айналды. Иә, мүмкіндігі шектеулі жандар қазір қай салада болмасын белсенді. Бүгінгі санымызда денсаулығында ақау болса да, салауатты өмір салтын ұстанған волейболды отырып ойнау «Тараз» спорт құрамасының тыныс-тіршілігі жайлы қаузамақпыз. Тақырыбымызға арқау болған спортшылардан жасақталған құрама «Республикалық волейболды отырып ойнау федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі жанынан аймақтық филиал ретінде өткен жылы жұмысын бастады. Өмірге деген өзгеше құштарлығы бар федерацияның аймақтық филиалын құрыш қолды құрылыста қолтаңбасын қалдырған Нұрғазы Сапарбеков есімді азамат басқаруда. Басшылықпен қатар жаттықтырушы қызметін атқарып отырған ол өткен жылдан бері құрамаға мүшелерді қабылдап, бүгінде республикалық жарыстарға баптап жүр.
– Облыста филиал ашылатындығы жөнінде республикалық бірлестіктің бас хатшысы Мүсірет Ақылбаев хабарлап, бұл жұмыстарды маған қолға алу туралы ұсынысын айтты. Алайда жаңа қызмет болған соң бәрі бірден оңалып кете қоймайтындығын, мәселен, қысқа мерзім ішінде жалақыға қол жеткізу мүмкін еместігін ескертті. Спорт саласы маған таңсық дүние емес. Оның үстіне осындай жарымжан азаматтарды спортқа баулу арқылы өмірге құштарлықтарын ояту – мен үшін бір жетістік. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап өңірлік құраманы жасақтау ісіне ден қойдым. Құрамаға дене мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жинадым. «Асар» мүгедектер қоғамдық бірлестігі арқылы Роман деген ем алушымен таныстым. Ол бірден қызығушылық білдіріп, өзінің құрдастарын осы құрамға шақырды, – дейді құраманың бас бапкері Нұрғазы Әбілдәбекұлы.
Аймақтық филиалдың жұмысын бастағаны жөнінен облыс атқамінерлері де хабардар. Жаңа құрам үшін бастапқы мерзімде жұмыстарды ширатуға материалдық қажеттіліктердің де қажет екені сөзсіз. Филиал жұмыстарын таныстыру мақсатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қайырылған бапкер «Тараз-Арена» спорт кешенінде тегін жаттығу өткізуге мүмкіндік алды. Жаңа құрам онда сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері 3 сағатқа жуық дайындық жұмыстарын жүргізеді. Облыстық дене мүмкіндігі шектеулілердің спорт клубы волейболды отырып ойнау спортының бөлімшесін ашып беретіндігін де айтыпты. Қазіргі құрамда 9 адам бар. Олардың үшеуі Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарында тұрады. Алыс аудандардан қатынайтын спортшыларды жолақымен спортқа жанашыр бапкердің өзі қамтамасыз етіп отыр.
Сондай-ақ филиал мүшелерінің жалақы алу мәселесі де белгілі ережелерге бағытталып отыр. Ол, әрине, спорттық мансабын ілгерілетіп, жетістіктерге жету. Себебі жалақымен жұмыс бір жағы мүгедек спортшылардың жұмыспен қамтылуына да сеп болар еді дейді жаттықтырушы.
Иә, волейболды отырып ойнау өте қиын, ол үшін мұқалмас жігер мен қажымас қайрат керек. Бұл спорт түрі соңғы жылдары елімізде жақсы дамып, жолға қойылып келеді. Ойынның арнайы бекітілген ережелері бар. Яғни қарсыластың добын қолмен, аяқпен, баспен, кеудемен немесе иықпен қайтаруға болады. Бастысы – орныңнан тұрып кетпеу. Облыстық ерікті спортшылар командасы облыстық сайыстарға қатысып, спорттық қабілеттерін жетілдіру үстінде. Әу баста волейболды түсінбейтін, ойнай алмайтын спортшылар да болған. Алайда білікті бапкер оларды спортқа баулып, шеберліктерін шыңдаудан жалықпаған. Бүгінгі таңда құрамада Руслан, Роман, Нұрсұлтан, Нариман, Ерік, Алдияр, Ахмет, Олжас, Мұхан деген спортшылар бар. Команда капитаны – І топ мүгедегі Руслан Ділдәбеков. Отыз жасар ойыншы бұған дейін ауыр атлетикамен шұғылданып, республикалық, халықаралық параойындарда жүлдегер атанған. Мүгедектер арбасына таңылған спортшы көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатында тұрады.
– Денсаулығымды сылтауратып тіршіліктен қалыс қалғым келмейді. Оның үстіне ол жігітке тән емес. Жалпы өмір – күрес. Тек жеңіске ұмтылумен келемін. Спорт жан сарайымды жақсартты деп айта аламын. Өмірімнің қуанышы. Әрі жүлделі болған кездерде тіптен өзімді бақытты сезінемін, – дейді екі баланың әкесі Руслан.
Тараздық құраманың алға қойған жоспарлары жоқ емес. Тап қазіргі уақытта олар қыркүйек айында Ақтөбе қаласында өтетін Қазақстан Республикасының V Жазғы паралимпиада ойындарына қызу дайындалуда. Шектеулі мүмкіндікпен шексіз жетістіктерге жетуді мақсат еткен жерлес спортшылардың темірдей төзімдеріне біз де риза болдық.