Кеміргіштер – қауіпті көршілер

 

Тараз қаласының тұрғындарын толғантқан мәселенің бірі – кеміргіштер жайы. Қала  ішін егеуқұйрықтар жайлап алмайды ма? Аса қауіпті инфекция тарататын кеміргіштердің эпидемиологиялық жағдай туындатпасына кім кепіл? Міне, тап осындай күрделенген сауалдарымен тұрғындар қалалық әкімдікке қайырылып, базынасын айтуда.

Тараз қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларына да келіп түсетін тұрғындар тілегі – инфекциялық ауру тарататын кеміргіштердің көзін жою. Көпшілік көкейіндегі сауалдарға жауап іздеп біз Тараз қалалық ветеринария бөліміне хабарластық. Аталмыш бөлім басшысының міндетін атқарушы Ануар Қалтаевтың айтуынша, зиянкестерді жою үшін арнайы дезинфекциялық топ құрылған. Ал бұл мақсатты жұмысқа жергілікті бюджеттен 35 миллион теңге қарастырылып, «Гарант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тендер жұмыстары аясында 11 миллион теңге ұтып алып, 6 миллион шаршы метр жерді дәрілемек.
Ағымдағы жылдың 23 маусымынан бастап қалада кеміргіштерге қарсы жаппай дәрілеу жұмыстары қолға алынған. Топ-топқа бөлінген санитарлық мамандар арықтар мен қоқыс жиналған аймақтарға у шашып, жеке тұрғын үй иелеріне 200-300 грамм химиялық қоспа таратуда. Қала көшелерінде егеуқұйрықтардың еркінси бастауына әсер етіп жатқан фактор көп. Дегенмен қоқысқа байланысты қарапайым санитарлық ережелердің сақталмауы, яғни адамдардың жауапкершілікті сезінбеуі егеуқұйрықтардың пайдасына шешілуде. Өйткені тамақ қалдықтары шашылып жататын қоқысқа егеуқұйрықтар ғана емес, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа да әуес келеді. Кеміргіштер көбейсе, қауіпті инфекция тарайды дейтін тұрғындар да жоқ емес. Қаланың шағын аудандарына дейін жайлаған атжалмандар тұрғындар титығына тиіп те отыр.
– Мөлтек аудан тұрғындарының барлығы бірдей тазалық тәртібін сақтай бермейді. Оған дәлел – қоқыс қалдықтарын төгетін алаңшалар. Аузы-мұрнынан асып жығылатын қалдықтар маңы кеміргіштерден ада емес. Тіпті пәтер маңын жағалауға айналды. Жертөлемізге кіріп, одан үйімізге баса көктеп кіріп кете ме деп алаңдаймыз. Ауру тарататыны тағы бар. «Егеуқұйрық тістеп алыпты» дегенді де естідік. Үлкендер мейлі, жаз мезгілі болған соң аулада жүрген балалар үшін корқамыз, – дейді қала тұрғыны Ғалия Тұрсынхан.
Мамандар пiкiрiне сенсек, егеуқұйрық өте өсiмтал, жылына 6-7 рет балалайды. Әр жолы 6-дан 10-ға дейiн ұрпақ әкеледi. Ұрғашы егеуқұйрық екi айда ұрпақ беретiнiн ескерсек, бiр ұрғашысы жылына 800-ден астам зиянды кемiргiш туатын көрiнедi. Тағы да бiр ауру таратқыш тышқанның өсiмталдығы да осы шамалас. Егеуқұйрықтардың түрлі дертті тарататынын да айтпасқа болмас. Атап айтар болсақ, олар лейшманиоз, оба, сүзек, туляремия сияқты аурулардың тасымалдаушысы.
– Жалпы дератизация жұмыстары жылына 2 рет жүргізіледі. Кеміргіштерді дератизациялау үшін 4 бригада жасақталды. Арнайы топ жұмысы «Бәйтерек» мөлтек ауданынан басталды. Алғашқы жұмыстар да өзінің нәтижесін беруде. Күндіз емес, түнде шығатын егеуқұйрықтар қазір үйінді қоқыстардың жанында жүр. Ал күн суытып, жылыту маусымы басталғанда, олар үйдің астына кіреді. Сондай-ақ кафе, мейрамхана иелерінің санитарлық талаптар мен ережелерді сақтамауы қаланы қауіпті кеміргіштердің жаулап алуының негізгі себебі болатынын айта кеткен жөн, – дейді қалалық ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ануар Қалтаев.
Мамандардың айтуынша, бұл кеміргіштер жанұя секілді тобымен жүреді. Мөлтек аудандарға дератизация жасалғаннан кейінгі кезек жеке тұрғын жайларда. Ал 23 маусымда басталған дәрілеу жыл соңына дейін жалғасады.