Тотыдай түрленген Талас, қырмызыдай құлпырған Қаратау

Қарт Қаратауды қойнауына сыйғызған Талас ауданы қай кезде де өзінің өркенді өндірісі мен асыраушы саладағы аршынды қадамымен танылған өлке. Бүгінде аталмыш елді мекенде тың жобалар мен бағдарлы бастамалар аз емес. Сондай-ақ, құрылыс саласы да қарқынды дамып, ауданның әлеуеті күн санап артуда. Мәселен, соңғы үш жылда моноқалада қаңырап бос қалған үйлер қайта қалпына келтіріліп, іші жанға, сырты малға толды. Сонымен қатар, ойдым- ойдым жолдар жөнделіп, қала көшелеріне асфальт төсенділер төселді. Ол аз десеңіз, Кеңес үкіметінен бері жүйеленбеген жылу жүйелері де қалпына келтіріліп, саябақтар мен скверлер түрлене түсті. Бір сөзбен айтқанда, талай жылдан бері «қалың ұйқыда» жатқан Қаратау қаласының бойына қайта қан жүгіріп, моноқаланың мәртебесі биіктей түсті.

 Қазір де аталмыш елді мекенде құрылысы жанданып жатқан жаңа жобалар аз емес. Міне, бүгін осы құрылыс нысандары жайында сөз етпекпіз.

Апатты жағдайдағы мектептер саны азайып келеді

Қазіргі таңда Жамбыл облысы Талас ауданындағы ең ірі жобалардың бірі — Есейхан ауылындағы Қаратау орта мектебінің құрылысы. Аталмыш нысанның жөндеу жұмыстары өткен жылы жанданып, бүгінде 75 пайызға аяқталып отыр. Мұндағы жұмысты жауапкершілігіне алған «КазПромСтандартСтрой» серіктестігінің учаскелік басшысы Егемберді Омаровтың айтуынша, мектеп құрылысына қажетті материалдардың дені Ресейден алдырылып жатыр екен.

— Мектептің сапалы бой көтеруі үшін біз құрылысқа қажетті ағаштарды толықтай Ресейден алдырдық. Бұл ағаштардың басты ерекшелігі — олар қандай жағдайға болмасын төзімді. Сондай-ақ, мектеп қазандығын да ресейлік технология бойынша жабдықтадық. Бұдан бөлек, мектептің сыртқы қабырғасын «сайдинг» әдісімен қаптап жатырмыз. Бұл технологияның басты ерекшелігі — ол қыста жылыны, жазда салқынды тұрақты ұстап тұра алады. Негізі мұндай технология жобаға енбеген болатын. Алайда Талас ауданының ауа райын ескере келе, серіктестік есебінен осындай жабындымен тегін жауып беріп жатырмыз. Бұл өзіміздің абыройымыз үшін жасалып жатқан шара.

 Ал құрылысқа 108 адам жұмылдырылса, оның 50-і Талас ауданының тұрғындары. Сондай-ақ, Есейхан ауылынан 24 азамат бар. Осылайша біз мектеп құрылысын жүргізе отырып, жергілікті халықты да жұмысқа тартып жатырмыз, — дейді участок басшысы. Жалпы Қаратау орта мектебі аудандағы апатты жағдайда тұрған мектептің бірі болатын. Сол себепті былтыр 380 млн. теңге бөлініп, 120 орындықты жаңа мектептің құрылысы қолға алынған еді. Қазір мектепте асхана, спорт залы, кітапхана, жуыну бөлмесі, әртүрлі компьютерленген қондырғылар қоятын орталықтар арнайы жасалуда. Сонымен қатар, жарық пен су толықтай тартылып, мектептің едені төселіп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, мектеп ауласынан стадион салу да жоспарда бар. Ол үшін мердігер футбол, баскетбол, волейбол алаңдарына арналған орынды тегістеп, қазір голландық төсеніштерді төсеуге дайындалуда. Осы тұста ерекше айта кетерлігі, төсеніштер жасанды емес, жанды болмақ. Бұл жұмысты да осы таңға дейін осындай үлгідегі 10 мектептің құрылысын жүргізген «КазПромСтандартСтрой» ЖШС өз міндетіне алып отыр. Сондай-ақ, жаңа стадионда жүгіру, секіру сынды жеңіл атлетикаға арналған алаңдар да қосымша салынатын болады.

Ал мектептің ауласы 15 шілдеден бастап абаттандырылады. Күзге таман мектеп айналасына ағаштар отырғызу жоспарлануда. Осылайша жаңа оқу жылына дейін серіктестік құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтап, мектеп кілтін тапсырамыз деп отыр. Сондай-ақ, «КазПромСтандартСтрой» ЖШС-ның өкілдері мұндай үлгіде салынған мектепке 50 жылға дейін кепілдеме беруде.

Тағы бір айта кетерлігі, Қаратау орта мектебінің апатты жағдайда тұрған ескі ғимаратын да жергілікті билік пайдаға жаратпақ. Қаратау ауылдық округінің әкімі Байдүйсен Кенжеевтің айтуынша, келешекте ескі мектепті бұзып, әкімдік балабақшаға ыңғайластырып салмақшы екен. Осындай қадаммен, билік басындағылар балабақшаға кезек мәселесін де түбегейлі шешпек.

Жалпы бұл Қаратау ауылдық округіндегі жалғыз жағымды жаңалық емес. Аталмыш округке Есейхан мен Қараой ауылы қарайтынын ескерсек, биыл Қараойдағы Бірлестік орта мектебінің де құрылысы жанданғалы отыр. Қазіргі таңда 100 млн. теңгесі қаралып қойған жаңа мектеп 50 балаға шақталып, сметалық құжаттары әзірленуде. Ал нысан толықтай келер жылы ел игілігіне беріледі деп күтіліп отыр.

Осылайша, осыған дейін мәдениет үйі, медпунк, пошта, саябақтары заманауи талапқа сай жаңартылған ауылдық округте енді екі жаңа мектеп елге есігін айқара ашқалы тұр. Бұл, әрине, бас бармақпен бағалайтын нәрсе.

IMG_4452

Қаратаулықтар енді жаңа емханада емделеді

Аудан жұртшылығының құрылысы аяқталуын асыға күтіп отырған тағы бір нысаны — Қаратау қаласындағы аудандық аурухананың жаңа орталық емханасы. Бұл нысанның құрылысы 2014 жылы қолға алынып, жобалық құны 1 млрд. 78 млн. теңгені құраған болатын. Қазір жөндеу жұмыстары 85 пайызға аяқталып отыр. Құрылысқа жауапты «Корпорация ЖилСтрой — Тараз» ЖШС- ның прорабы Жанболат Әділовтың айтуынша, жаңа емхана қыркүйек айында ел игілігіне беріледі екен.

— Қазір негізгі жұмыстар аяқталып қойды. Қалғаны — есік-терезелерін салып, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп, ауласын абаттандыру. Бұл бағыттағы жұмыстарға 60 жұмысшы мен 4 техникамызды жұмылдырып, олар күн- түн демей еңбек етуде.

Ал емхананың өзі 3 қабаттан тұрады. Әр қабатқа апаратын 3 лифты бар. Сондай-ақ,емхананың ауласынан 3, ал нысанның өзінен 6 кіру есігін жасадық. Бұл шаралар өрт қауіпсіздігі мен тұрғындардың емін-еркін келіп кетуі үшін жасалып отыр. Бұдан бөлек, әр кіру есігінен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап пандустар орнаттық. Және нысан жел өтінде тұрғандықтан, оның сыртқы бетін «садинг» әдісімен қаптап шықтық. Бұйыртса, қыркүйек айында қаратаулықтар жаңа емханада ем қабылдауға мүмкіндік алады, — дейді Ж.Әділов.

Ал жаңа емханада қандай қызмет көрсетілетіні туралы аудандық аурухана басшысының ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Есмахан Иманмырзаев айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек, орталық емхана бір күнде 250 келушіге қызмет көрсетуге қауқарлы екен.

 — Бұл емханада рентген, лаборатория, УДЗ, емханалық ота жасау сынды бөлмелер жұмыс жасайтын болады. Және бір күнде 250 келушіні қабылдап, оларға заманауи құрылғылар қызмет көрсететін болады. Ал емдеу мекемесіне қажетті мамандарды аудандық ауруханадан бөлетін боламыз. Қазір аудан бойынша 99 дәрігер бар болса, соның бір бөлігі осында жұмыс жасайды. Жаңа емханаға толықтай көшіп біткеннен кейін, ескі ғимаратты созылмалы бүйрек ауруларын емдейтін орталыққа айналдыру жоспарлануда. Оған қажетті құжаттарды әзірлеп, қазір жоғары жақпен келісіп отырмыз.

Жалпы бұл нысан — соңғы жеті жылда салынған аудандағы 12-ші емдеу мекемесі. Осылайша, жыл өткен сайын таластықтардың денсаулық мәселесіне жіті көңіл бөлінуде, — дейді аудандық аурухана дәрігерінің орынбасары.

Иә, бұл, сөз жоқ, елді мекен тұрғындары үшін жасалған елеулі бастама. Оған қоса, аудан орталығында орналасқан орталық емхананың барлық талапқа сай салынып жатуы жанға жылу береді. Енді қыркүйекте құрылыс жұмыстары толықтай аяталып, қаратаулықтардың қуанышы еселене түседі деп сенеміз.

Жаңарған саябақ пен мәдениет үйі таңдай қақтырады

Қаратау қаласында көпшілік шоғырланатын демалыс орындарының құрылысы да назардан тыс қалмауда. Атап айтсақ, бұрнағы кезі Кеншілер саябағы аталған демалыс орны, қазір орталық саябақ атауына өзгертіліп, былтырғы жылдан бері мұнда ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобалық құны 125 млн. теңгені құраған құрылысты «Таза қала — Қаратау» ЖШС жауапкершілігіне алып, саябақты жаңа кейіпке ендірген. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты орталық саябақ директорының міндетін атқарушы Төлеген Әкібековтың айтуынша, мұндағы құрылыс екі кезең бойынша жүргізілуде екен.

 — «Моноқалаларды дамыту» бағдар- ламасы бойынша алғашқы кезеңде 110 млн. теңге игеріліп, саябаққа монументалды арка қойылды. Сондай-ақ, 45000 шаршы метр жерге брусчатка төселді. Бұдан бөлек, 4 жаңа әткеншек орнатылып, саябақ іші толықтай жарықтандырылды. Енді екінші кезеңде, қалған қаржыны тиімді жұмсап, биыл қосымша брусчатка төсеу жұмыстары мен волейбол алаңшасын салу жоспарлануда. Бұл жұмыстар толықтай аяқталғанда саябақ іші адам танымастай өзгеретін болады, — дейді саябаққа жауапты маман.

Бұдан бөлек, биыл Қаратау қаласында Ұлбике ақын атындағы мәдениет үйіне де толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары іргесі қаланған сарайдың құрылысына «Еурохим Тыңайтқыш» ЖШС 256 млн. теңге бөліп, демеушілік жасаған. Міне, осы қаржыға «Қаз Альфастрой» ЖШС жөндеу жұмыстарын тиянақты атқарып, қазір нысанды қайта түрлендіріп отыр. Жаңаша сәулетке енген ғимарат алыстан көз тартады. Және қала көркіне көрік қосуда.

Жалпы Талас ауданында биыл мәдениет саласына аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Мәселен, «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бостандық және Қасқабұлақ ауылдарындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтсе, материалдық- техникалық базаны нығайту мақсатында 10373,9 мың теңге игеріліп отыр. Бұл қаржыға сахналық киімдер, арнайы жиһаздар, музыкалық аспаптар, компьютерлік техника сатып алынып, мәдениет кешендеріне бейнебақылаулар орнатылған.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Міне, осылайша Талас ауданы тотықұстай түрленіп, Қаратау қаласы күн санап құлпыруда. Бұл, әрине, аталмыш елді мекендегі құрылыс нысандарының бірқатары ғана. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Қаратау қаласынан 6 тұрғын үйді қайта жаңғыртып, 280 және 140 орындықты 2 балабақшаның құрылысын қолға алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Талас пен Тамды өзенінің арнасын реттеп, су құрылымдарын жаңарту да назардан тыс қалмаған. Осы жұмыстардың барлығы өз жүйесін тауып, тірлігі тіктелген тұста моноқала тағы көркейе түсетіні анық.

 Саятхан Сатылғанов