«Тоқаев тоқтатты». Зейнетақының шекті межесін көтеру кейінге шегерілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағындағы шекті мөлшердің көтеру мәселесіне қатысты жұрттың талабына жауап берді. Бірнеше күннен бері зейнетақы жинағындағы шекті мөлшердің көтерілуі көптің қызу талқысына түскені белгілі. Өйткені, меже көтерілсе азаматтардың басым көпшілігі ақшасын жарата алмай қалатыны белгілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұл бастаманы келер жылдың сәуір айына дейін шегеруді тапсырды. ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты. Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қажетті жеткілікті табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру жөніндегі шешім негізінен осы бағыттағы дұрыс қадам. Сонымен қатар Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды, – деді.

Бұл мәселе бүгін Сенатта да қозғалған. Депутаттар зейнетақы жинағындағы шектік сомаға қатысты шешімді қайта қарауды ұсынды. Әйтпесе мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жинақтағы қаржыны жарату туралы бастамасы жүзеге аспай қалатынын айтып алаңдаушылық білдірген болатын.

– Егер 2021 жылдың басында зейнетақы жинағындағы қаржысын жарата алатын азаматтар саны 700 мың болса, 2022 жылы нәбәрі 180 мың адам ғана. Өйткені шекті мөлшер ең егде жастағы салымшыларға 63 пайыздан, ең жасына 83 пайызға дейін өсті. Туындаған жағдай азаматтардың бағдарламаға деген сенімін азайтады, – деген болатын сенатор Нұрлан Қылышбаев.

 

dalanews.kz