Біреудің алажібін аттама!

Қазақ ежелден баласын «Біреудің ала жібін аттама, қиянат жасама, өтірік айтпа, арыңды сатпа» деп тәрбиелеп келді. Өйткені мұның бәрі бумеранг тәрізді адамды іздеп табатынын дана шалдар білді.  «Жиғанымды алсаң да, иманымды алма» деп Құдайдан тілеген де сол даналар. Олар тәубешіл еді. Барға қанағат ететін, «жоққа жүйрік жетпейді» деп жылы жауып қоя салатын.
«Қара нан мен қара су ішсеңде ұйқың тыныш болғанға ештеңе жетпейді» деп санамызға және құйды. Солай тәлім берді. Бұл барша қазақ баласының шаңырағында айтылатын насихат әңгіме еді ғой…
Онда неге түзу жолдан тайып кеттік? Неге тойымсыздық дертіне шалдықтық? Неге сөзімізбен ісіміздің арасы мың шақырым?
Мұның бір ғана жауабы бар. Ол — ашкөздік! Ашкөздіктің артында жасырынып имансыздық жатыр. Құдайдан қорықпау деген осы! «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген қазақ атамыз неткен данышпан.
Баяғыда әжелеріміз ерлеріне «Әкелсең адал ас әкел. Күмәнді дүниеге жолама» деп ескертеді екен, адал астың берекесі болатынын білгендіктен.
Бүгіндері жоғарыда жүргені бар (дінге дұшпан болып күлгені бар) сөздерін тыңдап отырсаң бірінің бабасы батыр, бірінің атасы молда! Әйтеуір осалы жоқ.

Олар өтірік айтып тұрған жоқ. Шынымен-ақ ата-бабалары мықты болған. Солардың дұғаларымен ұрпағы көгеріп, көктеген…
Ең өкінішті жері балаларының олармен рухани байланыстары үзіліп сорлап қалған. Күйдіретіні: билік солардың қолына тиіп, өздері ғана емес, елді де сорлатып отыр ғой.
Орыстанған. Еуропаланған ұрпақ өсіп келе жатыр. Тілінен безген, дінінен алшақтаған оларға бәрібір. Қарын тоқ болса, уайым-қайғы да жоқ олар үшін.

Ұрланған ақшамен ауызданған бала өте қауіпті қоғам үшін.. Мұны барша қазақ есте ұстағаны абзал. Әйгілі әнші Жәнібек Кәрменов ағамыздың термесін де айтылғандай:»Ұрлықпен тапқан мал арам, түбінде қайыры болмайды».
Мұсылмандықтан алыс Еуропаның кей мемлекеттері неге гүлденіп тұр десеңіз, айтайын, әділдік үстемдік құрған жерге (Парақорлық, жемқорлықтан ада мекенге) Алла Тағала нұрын төгіп қояды… Бұл бөлек тақырып!
Ырыздықты беруші бір Алла екенін әлимсақтан мұсылман қазақ баласы ұмытпауы керек. Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атты сойдырады.
Әу, ағайын, әр таңды көргенімізге тәубе дейік.
Біз қайғысыз қара суды бала-шағымызбен мәз-мейрам болып ішіп отырғанда, тар қапасқа қамалып, ішкені ірең, жегені желім болып қаншама тойымсыз абақтыда отыр өткен іске өкініп. Мешкей деген жақсы ат па!
Құнанбайдың баласынан сөз қалған ба:

Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі — ол баяғы.

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!

 

Нағашабай Қабылбектің фейсбук парақшасынан