Тойдан Таразға тарту көп болмақ

Биыл облысымыздың 80 жылдығы. Осы айтулы датаға орай атап өтілетін мерейтойы қарсаңында Шахристан кешенінде облыстық тарихи-өлкетану музейі, көрме павильоны, амфитеатр, қолөнер шеберлерінің галереясы, «Руханият» орталығының жаңа ғимараты, көркемдік-бейнелеу өнері галереясының ашылуы жоспарлануда, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

 Мәселен, уақыт озған сайын тотыдай таранған Тараз қаласында ауыз толтырып айтарлықтай керемет нысанның құрылысы қолға алынды. Нақты айтқанда, бұрынғы көк базар маңындағы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішінің орнына «Сағат» стеласы бой көтеруде. Бүгінде ондағы құрылыс жұмыстары кәдімгідей қарқын алған. Мұнда «Жасыл-ел Тараз» ЖШС жұмысшылары ескерткіш аумағын қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда. Нысан облыстың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілетін болыпты. Қазір ескерткіш аумағын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Енді бірер күнде бұл аумақ толығымен қоршалып, іргетасы, тұғыры берік етіп қайта құйылады. Стеланың биіктігі 40 метр болмақ. Оның төр қапталындағы, яғни әр қабырғасына биіктігі 4 метр болатын 4 сағат орнатылады. Осылайша «Сағат» стелласы қаланың қай бұрышынан қарасаңда, көрер көзге бірден түседі деп болжанған. Ал стеладағы қоңырау 1 сағат сайын белгі беріп тұрады екен. Сыртқы әрлеу жұмыстары толығымен шығыстық нақышта жүргізілмек. Сондықтан мұнда самарқанд кірпіші сынды ерекше құрылыс материалдары пайдаланылады.

Сондай-ақ мерейтой қарсаңында өңірдің тарихы мен мәдениеті, табиғаты, біртуар перзенттері мен ақын-жыршы, батырларының есімдерін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында «Тараз мұралары» сериясымен көптомдықтар кітаптар шығару жоспарланыпты.

– Бүгінгі күні кітапты шығару 2 бағытта іске асырылып, тарихи-танымдылық ғылыми-зерттеу бағыты бойынша 15 том, шығармашылық бағыты бойынша 35 томдық материалдар жинақталды. Сондай-ақ, облысымыздан шыққан өнер жұлдыздарының концерті, «Өркениеттер тоғысындағы Тараз» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек көптеген іс-шаралар бар. Дайындық қызу жүргізілуде, – дейді облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова.

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы