ТІЛ МЕҢГЕРУДЕ АНА ЫҚПАЛЫНЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК
Тіршілікте түйгені мол үлкендердің “Баланы анасымен сақта!” — деп беретін батасының мән-мағынасы өте терең. Өйткені, өмірге сәби әкелудің өзі ұлт үшін ұлы қызмет екені белгілі. Ал оны бағып-қағу, білім беріп, тәрбиелеу аналардың қоғамға сіңірген өлшенбес зор еңбегі.
Сондықтан, ана мен баланы қорғау ісі — қоғамның қасиетті, бұлжымас борышы болуға тиіс және ол мемлекет тарапынан үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді.
Бүгінде әрбір ардақты ана салт-дәстүрлерімізді, өзге де ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дамытуға өзіндік үлесін қосып келеді. Дәл қазіргі кезеңде олар тағы бір абыройлы істі, яғни өз балаларына мемлекеттік тілді оқытып-үйретуді қолдарына алса құба құп болар еді. Қашанда балаға ана ықпалының орны бөлек, өз сәбилерін аналық сезіммен иландыра алады емес пе? Біздіңше, бала өсіп, ер жеткенше, жетіліп, бой жеткенше оның жанында үнемі болатын ананың рөліне ерекше маңыз берудің жөні де, қисыны бар сияқты.
Барлық балаға “атадан — өсиет, анадан — қасиет” дариды. Олардың әрқайсысының бойында дарын, табиғатында білімге құштарлық қабілеті бар екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Бейімділіктің басым көпшілігі ана сүтімен берілетініне де ешкім шүбә келтіре қоймас. Сондықтан тәуелсіз ел құндылықтарын нығайтуда, оның айшықты белгісі — жеткіншектердің мемлекеттік тілді меңгеру ісінде әйел-аналардың алатын орнын лайықты бағалауға тиіспіз. Бәлкім, мұны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қарап, қажетіне қарай арнайы бағдарлама да түзуі керек шығар. Бұл ана тіліміздің өрісін кеңейтуге бағытталған тиімді әрі нағыз жанашырлық қадам болады.
Дархан МЫҢБАЙ

