Маңдайкөз, аруақ және ұлттық руханият
Тибетте маңдайкөзді (третий глаз) ашу үшін маңдайды арнайы бұрғымен бұрғылап теседі екен.
Ал ертеректе қазақ халқында екінің бірінде маңдайкөзі ашық болған. Қазақтың қарапайым қара шалы үйіне келетін қонақты алдын-ала сезіп: «әй кемпір, етіңді ас, үйге қонақ келеді»,- деп үйіне Құдайы қонақтың келе жатқанын сезіп отырады екен.
Маңдайының қара қанын ағызып, бұрғыламаса да, қазақтың үшінші көзі қалай ашық болған сонда? Жамандықтың болатынын түс арқылы сезіп жеті күлшесін пісіріп, құрбандығын шалып Құдаймен саудаласа білген қазақ. Жақсылықтың да болатынын түспен, аянмен, көкейге салумен ертерек біліп, тойға, қуанышқа қамданып, жинақталып, сойыс малын дайындап отырған. Мұндай адамдар әлі де ел ішінде баршылық.
Үшінші көздің ашық болуы, сезгіштік тек қана адам жанының, тәнінің тазалығы арқылы ғана келетін қасиет. Ал қазіргідей тақуалықсыз ашық-шашық жүрген адамдарда сезімталдық, көріпкелдік, көрегендік қасиеттердің жоғалып кететіні заңдылық.
Ұстазымыз Тоқберген ағаның тәрбиесімен сол аталардың қасиетін меңгеру үшін сапқа тұрған аз ғана Аталы жолдықтардың Құдайдан келген ақпаратты жеткізіп жатқанына да біраз жылдар өтті. Елімізге келетін қауіп-қатер, апаттарды, тіпті шетелдерде болатын саяси жағдайларға дейін маңдайкөз арқылы аруақтың аманатын қанша жылдан бері жеткізіп жатса да, халықтың оянбай, ел билігінің селт етпей отырғанына қайранмын. Қытай Құдайдың хабарын жеткізуші ел болғаны үшін Тибетті қорғап, бар жағдайын жасап отыр. Ал бізде керісінше ақ қуат арқылы таза ақпарат алып беріп отырған құдайшыл топты қудалау, «секта» атау тоқтар емес.
Аталы жол Украина мен Ресейдің соғысы ұзаққа созылатынын, түбі Ресейдің жеңіске жететінін қанша жыл бұрын айтып қойды. Ал қазір бүкіл ақпарат көздері бұл оқиғаны жарыса жазып жатыр. Аталы жолы Семейдегі орман өртінің болатынын, шахталарда апат орын алатынын, мешіттің өртенетінін тағы басқа да елімізде болатын қатерлі оқиғаларды алдын ала айтып отырды, әлі де айтып жатыр.
«Жастардың арасында өлім-жітім көп болады, сондықтан етек -жеңдеріңді жинаңдар, Құдаймен саудаласып құрбандық шалыңдар»,- деп қанша рет айтты. Бірақ оны тыңдаған ешкім болған жоқ. Құдайдың ақпаратын айтса «жамандық шақырмаңдар» дейтіндер көп. Қазақ «жаман айтпай жақсы жоқ» дейді. Жамандықты «болмасын, алдын алсын, қамдансын» деп айтады жолдықтар.
Бізге ел билігінен ешқандай да көмек те, қолдау да керек емес. Тек қана халықтың жұмыс орнына тақуалық киім киіп салт-дәстүрді ұстануына рұқсат беретін заң шығарып берсе болды.
Тақуалық киімсіз халықтың аруаққа жалғануы мүмкін емес. Құдайға тек аруақ арқылы жалғасың. Ал аруағынан ажыраған елдің маңдайының соры ешқашан ашылмайды, қиналған үстіне қинала береді, бүгілген үстіне бүгіле береді. Қымбатшылық тоқтамай, берекесіздік орын алады.
Қазақ елі аруағымен қауышу арқылы ғана Құдайға жол табады. Қазақ елі аруақ туралы ғылымды меңгергенде ғана алтын ғасырда өмір сүреді.
Айгүл Тәуіпбаеваның ФБ парақшасынан

