Теріскейдің көші-қонына ерекше қамқорлық қажет

Таяуда облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеті Жұмыспен қамтуды үйлестіру және Білім басқармаларының мамандары мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысушылармен «Елге ел қосылса — құт» атты «Дөңгелек стол» өткізді. Онда облысымызда көші-қонға байланысты бүгінгі күні қалыптасып отырған жағдайлар кеңінен сөз болды. Шынында да, Қызылжар өңірінде егемендік алғаннан бері осы жағдай шешімін күткен күрделі мәселеге айналып отыр. Оған әсер ететін факторлар аз емес. Соған орай өз ойымды оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көріп отырмын.
Облысымыздың 6 ауданы Ресей Федерациясының Омбы, Қорған және Түмен облыстарымен шектеседі, арадағы шекараның жалпы ұзындығы 1268 шақырымды құрайды. Осы шекара бойында негізінен орыс ұлтының өкілдері мекендейтін ауылдар орналасқан. Оларда сол жерде туған, тамыр жайған, орын ауыстыруды қаламайтын немесе көшуге мүмкіншілігі жоқ кәрі-құртаңдар ғана қалған. Оның үстіне Омбы, Қорған, Түмен қалаларындағы жоғары оқу орындары тегін және жеңілдікпен оқыту арқылы жастарымызды, тіпті өз қандастарымызды да өздеріне қарай тартуда. Ресей Федерациясындағы кейбір әлеуметтік қолдаулардың бізге қарағанда артықшылығы да, атап айтқанда зейнет жасының төмендігі, Кеңес одағы кезіндегі кейбір жеңілдіктердің күні бүгінге дейін сақталып қалғандығы, «аналар қоры» және т.б. игі әсерін тигізуде. Бұған қоса ауылдағы жұмыссыздық, еңбекақы көлемінің төмендігі, ай сайын еңбекақы төлейтін шаруашылықтардың мүлдем аздығы қазақ жастарының да туған жерінен кетуіне жағдай жасауда. Оқу іздеп кеткендері ауылға оралмайтын «ауруға» ұшырады. Сондықтан шекара бойында орналасқан ауылдар ғана емес, өңірдегі елді мекендердің көпшілігі еңбек күшіне мұқтаж болып отыр. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін механизаторлардың алды 45-50 жаста. Алдағы уақытта олардың орнын басатын жастар жоққа тән. 
Статистика деректеріне сүйенсек, Тәуелсіздікке қол жеткеннен бері облыс халқы өсудің орнына 200 мыңнан астам адамға азайған. Аудандарымызда ауылдық окрутерді, ондағы елді мекендерді қоса есептегенде 15-20 асып кетсе, 30-35 мың ғана адам түтін түтетіп жатыр. Бұл — оңтүстіктегі бір ауылдың ғана халқы.
Қызылжар өңірі орман тоғайға, құнарлы жерге бай. Елбасымыз атап айтқандай, теріскейдің бар байлығы жердің үстінде. Соны дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Жердің қадірін бағалай алмауымыз, одан өнетін байлықты жасайтындарға немқұрайдылық танытуымыз, «егін егіп, жинап алу» үшін ғана жерге иелік етіп отырған алпауыттардың өздерінің байлығын жасап жатқандарға жаны ашымайтындығы бізді опынатын күйге түсірді. Барлық жерде жағдай осындай деп айтудан аулақпыз. Мысалы, Аққайың ауданындағы «Дайындықты» түлеткен Біржан Шаймерденов, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда «Ақселеуді» өрлеткен Серік Малаев, Қызылжар ауданындағы «Петерфельдке» туын тіккен Асқар Мәдиев, Мамлют ауданындағы «Меңгесерді» «хан көтерген» Еркебұлан Мәмбетов сияқты азаматтар үлгі тұтарлық басшылар, өз елінің патриоттары. Бірақ олар көп емес. Солардың қатарына М.Жұмабаев ауданының Сулышоқ ауылындағы «Жәнібеков» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Жәнібековті де қосар едік. Қайрат ініміз өткен жылы жаз айларының бірінде аудан орталығындағы әкімдікте Алматы облысынан қоныс аударғандармен кездейсоқ кездесіп, солардың екі отбасын үгіттеп, ауылына алып келіп, тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз еткен болатын. Талдықорған қаласынан қоныс аударған ерлі-зайыпты Берік пен Әйгерім Сейкімбаевтардың 4 баласы бар.
Аумағы 100 шаршы метрден асатын ауылдағы ең көрікті баспанаға ие болған ерлі-зайыпты Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ақаевтар 7 бала тәрбиелеп отыр. Іскер басшы сөйтіп 40 шақты ғана отбасы түтін түтетіп жатқан жергілікті тоғызжылдық мектепті жабылудан сақтап қалды, ауыл мұғалімдерін жұмыссыздықтан құтқарды.
— Ауылымызда бос үйлер әлі де бар. Дегенмен шаруашылықтың күшімен биыл 2 үй салуды жоспарлап отырмыз. Оңтүстіктен кемінде 5 отбасын көшіріп алу ойымызда бар. Бар мақсат — ауылды, ондағы мектепті сақтап қалу. Ал теріскейді ата қоныс етеміз деп келгендерге тиісті жағдай жасау, жұмыспен қамтамасыз ету, жерсініп кетуіне үлес қосу — біздің міндетіміз, — дейді егіншілікпен бірге мал шаруашылығын қатар дамытып отырған Қайрат Жәнібеков. Барлық басшылар осындай болса ғой.
Ауылдағы кейбір қандастарымыздың белсенділігі көңіл көншітпейді. Тоқырау кезіндегі жұмыссыздық көбінің қанына сіңіп қалғандай. Еріншектікке бой алдырған. Үйде бос отырған жұмыссыз әйелдер көптеп құс өсіруге де, барды ұқсата білуге де ынтасыз. Үйлерінің жанындағы бос жерге көпшілігі картоп қана егеді. Бау-бақшамен айналысып, өздерін көкөніспен қамтамасыз етіп отырған отбасылар тым аз. Картоп пен көкөністі табыс көзіне айналдыруға болатындығын да ескермейді. Оған ауызсудың тапшылығы себеп пен сылтау болуда.
Ауыл тұрғындары «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қосалқы шаруашылықтарын дамыту үшін мемлекет тарапынан беріліп жатқан демеуқаржыларды да тиімді пайдалана алмауда. Оған жайылымдық жерлердің аздығы, жем-шөптің қымбатшылығы да кесірін тигізуде.
Солтүстік қытымыр аязымен ерекшеленеді. Теріскейліктер «алты ай қыс, алты ай жаз» деп тегіннен-тегін айтпайды. Осы «алты айымыз» оңтүстікке қарағанда қосымша шығынды қажет етеді. Сондықтан Кеңес дәуірі кезіндегі еңбекақыға қосылатын теріскейге ғана тән 15%-дық үстемені, яғни «Солтүстік коэффициентін» қайтадан енгізгені жөн. Ел ішінде теңсіздік туғызбас үшін, одан жергілікті тұрғындар да шет қалмауы керек. Ішкі еңбек нарығын реттеуге, қоныс аударушыларды ынталандыруға керек тетіктердің бірі, яғни бірегейі —осы. Бұл — мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе.
Елімізде «Серпін-2050» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағанына биыл төрт жыл болды. Бүгінгі күні облысымыздың колледждерінде 325, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де 860 серпіндік мамандық алып жатыр. Өткен жылы Ақжар ауданындағы Ленинград ауыл шаруашылығы колледжін тәмамдаған. «Серпін» бағдарламасына қатысушы 22 түлектің барлығы туған жерлеріне оралды, бірі де өңірімізде қалған жоқ.
Университетте оқып жатқандардың алғашқы легі биыл мамандық алып шығады. Бірақ соларды білім алған жерлерінде кемінде 3 жыл еңбек етуге міндеттейтін тетік әлі ойластырылмаған сияқты. Аталмыш бағдарлама Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарының жастары мамандық алып шығуы үшін ғана жасалғандай әсер қалдырады.
Оңтүстік облыстардан қоныс аударатындар мен шетелден оралатын қандастарымызға бөлінген квота биыл 844-ті құрап отыр. Бағдарлама толығымен жүзеге асса, өңіріміз кемінде 3 мыңдай адаммен толығады деген сөз. Бұл — аз көрсеткіш емес. Оларға тиісті жағдай жасау қыруар жұмысты қажет етеді.
Теріскейді құтты қонысқа айналдырамыз деп келгендермен кездескен кезімізде республикалық «Серпін-2050» бағдарламасы оңтүстіктен қоныс аударғандар мен оралмандардың балаларына да қолданылса, мамандық алып шыққан серпіндіктерді Ерікті көшіру бағдарламасының қатысушылары қатарына қосу мәселесі Үкімет тарапынан тез арада шешілсе деген тілектері бар екенін айтады. Орынды ұсыныс. Себебі теріскейді қоныс етем деп келген қандастарымыздың балалары білім алып шыққаннан кейін осындай жеңілдікті пайдаланса, өздеріне мемлекет тарапынан жасалып отырған шынайы қамқорлықты сезінеді және солтүстікті қоныс қылған ата-аналарынан ұзап кетпейді.
Оңтүстіктен қоныс аударғандармен мүмкіндігінше кездесіп тұрамыз. М.Жұмабаев, Айыртау, Қызылжар ауданынан қоныс тапқан қандастарымыздың бақша өсірумен де, жеке кәсіпкерлікпен де, қосалқы шаруашылықпен де айналысуға құлшыныс танытып жатқандарын көріп те, басқаларға үлгі етіп те жүрміз. Олар жердің, малдың қадірін жақсы біледі. Біздің өрісімізді осындай қандастарымыз кеңейтеді. Тек оларға ауыл болып, басшы болып қолдау көрсете білейік, мүдделілік танытайық. Бұл өзекті мәселеден Үкімет пен заң шығарушы орган — Парламент те шет қалмауға тиіс. Сонда ғана көш көлікті де көрікті бола түспек.

Нұрсайын Шәріп