Тазалық пен абаттандыру қағидалары түсіндірілді

Түркістан қаласында абаттандыру, санитарлық тазалық талаптарын сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында қала тұрғындарына үй маңындағы аумақтарды таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға шығару, сондай-ақ аулалар мен көшелердегі арамшөптерді уақытылы орып, айналаны күтіп ұстаудың маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар тұрғындарға арнайы хабарландыру парақшалары таратылды.

Түсіндіру жұмыстары барысында 1 шілдеден бастап абаттандыру қағидаларын бұзу, қоғамдық орындарды ластау және тұрғын үйлердің аумағын күтіп-ұстамауға қатысты заң талаптарының күшейтілгені ескертілді. Заң талаптарын сақтамаған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделетіні туралы ақпарат берілді.

«Тазалық – ортақ мәдениет пен жауапкершіліктің көрінісі» дейді ұйымдастырушылар. Сондықтан да олар барша тұрғындарды өз аулалары мен көшелерінің тазалығына ұқыптылықпен қарап, туған қаламыздың тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосуға шақырады.