«Таза Қазақстан»: Бір жылда 500 мыңға жуық батысқазақстандық өз үлесін қосты
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Батыс Қазақстан облысының тұрғындары да белсенді атсалысуда.
Қоршаған ортаның тазалығы – адамзат денсаулығы мен болашақтың кепілі. Қазақстандықтардың экологиялық жауапты мінез-құлқын қалыптастыруға, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатқа қамқорлық танытуға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы биылғы жылы да облысымызда кеңінен жалғасуда.
Президенттің бастамасымен іске асырылып жатқан экологиялық акцияға бір жыл ішінде 500 мыңға жуық жерлесіміз атсалысты. Бұл туралы БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған мерзім ішінде өңірімізде 221 мың гектар аумақ қоқыстан тазартылып, 172 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық полигон орындарына тасымалданған. Сонымен қатар жасыл желектерді толықтыру мақсатында 313 085 түп ағаш отырғызылған. Ал ауқымды көгалдандыру жұмыстары шеңберінде соңғы бес жылда облыстағы мемлекеттік орман қоры аумағында – 41 млн., ал елді мекендерде 727 мың дана тал-терек егілген. Күні кеше сәуір айында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы ағаш отырғызу шарасына қоғам белсенділері, ардагерлер мен жастар атсалысып, мың түп көшет отырғызды. Облыс орталығында ұйымдастырылған тазалық шарасына 500-ден астам батысқазақстандық қатысып, алдымен Шаған өзенінің жағалауын тазартты.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Батыс Қазақстан облысына қарасты аудандар мен елді мекендердің тұрғындары да өз үлестерін қосуда. Айталық, Шыңғырлау ауданындағы Ардақ ауылының тұрғындары аталмыш науқан аясындағы үш бірдей сенбілікке ұйымшылдықпен қатысып, ауылды көркейту жұмыстарынан шет қалмаған. Ардақ ауылдық округінің әкімі Мәди Сатыбалдиевтің айтуынша, тұрғындар белсене атсалысқан тазалық шараларының нәтижесінде елді мекен сегіз тонна күл-қоқыстан арылыпты. 300-ге жуық адам қоныстанған Ардақ ауылындағы 76 тұрғын үйде 82 отбасы бар екен. – Біздің ауылымыз – ауызбіршілігі нығайып, татулығы пен бірлігі жарасқан берекелі мекен. Ауылымызда әкімшілік, мектеп-балабақша, пошта, кітапхана, медициналық пункт, мәдениет үйі нысандары орналасқан. Ауыл халқы мал және егін шаруашылығымен айналысады, – дейді ауыл әкімі Мәди Жанғалиұлы.
«Таза Қазақстан» акциясына жастар да үн қосып, табиғатты қорғаудың маңызды нақты істерімен дәлелдеуде. Солардың бірі – Сырым ауданына қарасты Алғабас ауылындағы «Экоқорғаушылар» еріктілер тобы. М.Қаналиев атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешені жанынан 2022 жылы құрылған топтың жетекшісі – білікті педагог Нұрболат Жұмағазиев.
– Топ мүшелерімен бірге жыл мезгілдеріне сай тұрақты экологиялық іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Мысалы, жазда – көлдердегі балықтарды құтқару, бұлақ көздерін ашу, күз бен көктемде – ағаш егу, өзен жағалауын тазалау; гүл отырғызу, ал қыста ауыл маңындағы Аңқаты өзенінің мұзын ойып, балықтарға ауа жіберу жұмыстарын бірлесе қолға аламыз. Нәтижесінде 5000-ға жуық балық құтқарылып, екі бұлақтың көзі ашылды, 100-ге жуық ағаш егілді, 500 келі қоқыс қайта өңдеуге тапсырылды. Сонымен қатар топ оқушылары қайырымдылық істерге белсене атсалысады, – дейді Нұрболат Серікұлы. Экоқорғаушылардың бұл тәжірибесі аудан, қала берді облыс көлеміндегі мектептен тыс экологиялық қозғалыстарға үлгі болған. Тіпті олардың жасанды интеллектінің көмегімен жасаған мульфильмдеріне ауыл азаматтары қаржылай қолдау көрсетіп, кішкентай ауылдан бастаған игілікті істері оларды республикаға дейін танытқан. Осылайша жетекшілерімен бірге Елордаға жол тартқан «Экоқорғаушылар» тобын ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова қабылдап, олардың экожобаларымен танысып, алдағы уақытта қолдау білдіретіндерін айтқан. Қос министрліктің алғыс хатымен марапатталған топ мүшелері мен жетекшілері туған жерге мақтанышпен оралды. Мұндай игі бастамалар жыл соңына дейін әлі де жалғасын тауып, туған өлкеміздің көркейе түсеріне сенім мол.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы




