«Таза Қазақстан» акциясы аясында құстарға ұялар салынды
Астана қаласының Есіл ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті игі іс-шара өтті. Аталған бастама тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарау дағдыларын дамытуға және қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді қатысуды арттыруға бағытталған.
Іс-шара барысында №59 мектеп-лицейдің оқушылары Жетісу паркі аумағында құстарға арналған ұялар орнатып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты. Бұл бастама жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, экологиялық тәрбиенің маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Осындай акциялар жыл басынан бері жүйелі түрде өткізіліп, аудан тұрғындарын тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырып келеді.
«Мұндай іс-шаралар – тек бір күндік акция емес, бұл – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды бөлігі. Әсіресе, жас буынның табиғатқа жанашырлықпен қарап, нақты іс арқылы үлгі көрсетуі қуантарлық. Алдағы уақытта да осындай бастамаларды қолдап, кеңінен жалғастырамыз», – деді Астана қаласы Есіл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жолтабар Али.
Елқуат Елтөре




