Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады

«2022 жыл — Балалар жылына» орай, ағымдағы жылдың 19 ақпан күні Меркі ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен және аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен мектеп оқушыларына Тараз қаласының туристік нысандарына саяхат ұйымдастырылды.
Саяхат барысында балалар Тараз қаласының көптеген тарихи-мәдени кешендерімен танысып, ежелгі сәулет өнерінің бірегей архитектуралық ескерткіштерін тамашалады. Атап айтқанда, Қарахан кесенесі, «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешені, Тұрар Рысқұлов паркі және Тараз қаласының көрікті жерлерімен танысты. Сонымен қатар, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылған «Анаға тағзым» орталығында ел анасына айналған танымал тұлғалар, белгілі азаматтарды өмірге алып келген ақжаулықты аналардың өмірбаянымен танысса, облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жамбыл облысының ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихының көзі — археологиялық табыстар, өнер туындылары, қолөнер бұйымдары, көне құжаттар, қызықты суреттер – жәдігерлер мекеніне саяхат жасады.
Саяхат соңында оқушылар ұйымдастырушылар алқасына ризашылығын білдіріп, саяхат барысында үлкен әсер алғандарын жеткізді.