ТАРИХИ ОРЫНДАҒЫ ТАНЫМДЫҚ ЖИЫН «Алтын орда империясы және Ұлытау» деп аталды  

 

Жошы хан (1180–1227 жж.) негізін қалаған, Алтайдан Альпіге, Ертістен Дунайға дейінгі алқапта билік еткен, Дешті-Қыпшақ даласында шаңырақ көтерген алып мемлекет әдепкіде – Ұлық ұлыс деп аталды. Кейін бұл атау орыс, славян, батыс жылнамаларында хан ордасының алтынмен көмкерілген ордалық киіз үйіне қарай «Алтын орда» деп аталып кетті.

Тамырлы тарихымыздың бедерлі кезеңін қамтитын «Ұлық ұлыс» Қазақ хандығының бастауы саналады. Оның бай тарихы қазақ даласымен және халқымыздың негізін құраған ру-тайпалармен тығыз байланысты. Алайда жұртшылықтың көбі, әсіресе шетелдіктер Ұлыстың атасы Жошы ханның мазары Ұлытауда жатқанын біле бермейді. Бұл ескерткіштің Шыңғыс қаған мен оның әулетінен жер бетінде қалған жалғыз белгі екенінен де көбіміз хабарсызбыз.

2019 жылы Ұлытауда өткен халықаралық туризм форумына қатысқан Мемелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс», деген еді. Сол күннен бастап аймағымызда ауқымды жоба қолға алынып, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені өмірге келді. Бүгінде еліміздің әр аймағы мен таяу, шалғай шет елдерден туристер мен тарихшылар жиі ат басын бұратын өңірге айналдық. Күні кеше осы тарихи орында танымдық маңызы зор халықаралық конференция болып өтті.

Алтын Орда тарихына арналған халықаралық конференция биыл екінші рет ұйымдастырылды. Оған Алтын Орда тарихы мен Шыңғыс ұрпақтарын зерттеп жүрген 20-ға жуық ғалымдар және сарапшылар қатысты. АҚШ, Еуропа мен Азия елдерінен келген қадірлі меймандар Алаша хан, Домбауыл сынды көне нысандардың архитектурасын тамашалап, тарихымен танысты. Бұдан соң бәрі «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінде бас қосып, Жошы хан ұрпақтары құрған империяның мұралары жайында баяндама жасады. Шетелдік ғалымдар Алтын Орда хандығы туралы зерттеулерін ортаға салып, талқылады.

– Ақсақ Темір салдырған Түркістандағы Ахмет Ясауидің кесенесінен кейін бұл Жошыхан, Алашахан кесенелері бүкіл Қазақстан бойынша ең негізгі тарихи ескерткіштер деп санауға болады. Бір кезде оған көп назар аударылмаған. Мән берілмеген. Бірақ, енді қазақтардың мемлекеттілігінің маңызды бір кезеңі сол Жошы ұлысы, орыстан оны Алтын Орда дейді.

Біз қыпшақтан шыққан халықпыз. Сондықтан, қыпшақтардың даласында мемлекет құрап, Жошы ұлысының негізін салған Жошы ханға соншама сый көрсеткен қазақтарға мен ризашылығымды білдіремін, – дейді шығыстанушы, Венгрия республикасы Ұлттық ғылым академиясының профессоры Давид Иштван.

Халықаралық конференцияда сан алуан тақырып қозғалды. Алтын Орданың құрылу тарихынан бастап, Жошы мен оның ұрпақтарының қайраткерлік тұлғасы жайлы деректер айтылды. Ұлытау даласын зерттеуге ниет білдірген шетелдік ғалымдар ұсынған осы деректер негізінде арнайы қарар қабылданады.

– Бүгінгі таңда Ұлытау өңірінде 1000 артық тарихи-мәдени ескерткіш болса және ол ескерткіштердің ежелгі тас дәуірінен бастап, онымен бірге орта ғасырлық кезеңдерді қамтитындығын толық сеніммен айта аламын. Бүгінгі таңда осы орта ғасырлық ескерткіштер Ұлытау өңірінде өте көптеп кездеседі. Әлі де толық зерттеліп біткен жоқ. Зерттеуді қажет ететін тың тарихи жерлер жеткілікті. Бүгінгі конференцияның қорытындысы бойынша сол бағыттағы жұмысты жалғастыру бойынша шешім қабылданады деген сенімде отырмыз. Және кез келген ғалымды алып қарасаңыз осы тақырыпты,осы өңірді зерттеуге қызығушылық танытып отыр, – дейді облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау орталығының басшысы Бақытжан Көппаев.

Конференция қорытындысы бойынша зерттеу жұмыстарының бесжылдық жоспары жасалады. Оны ғылым академиясы үйлестіреді. Ғалымдар бір ғана Жошы хан кесенесін әлемге таныту арқылы Ұлытауды туризм орталығына айналдыруға болатынын айтады. Орайы келгенде айта кетейік, былтыр ашылған кешенге биыл 10 мыңға жуық турист келген. Саяхатшыларға көрсетілетін сервистік қызметті жетілдіру бағытында мұнда жол салынып жатыр.

Ізтай Белгібайұлы.