Таразда үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі мен әлеуметтік жобалар барысы талқыланды
Тараз қаласында үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен маңызды кездесуде азаматтық қоғамды дамыту мен әлеуметтік жобаларды қолдау мәселелері талқыланды. Шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков ұйымдастырған бұл жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Сенат депутаты Геннадий Шиповских пен «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсының» басқарма төрағасы Исламбек Дастан арнайы қатысты. Басқосу барысында қала әкімі ел дамуындағы азаматтық сектордың рөліне тоқталып, бүгінде Таразда тіркелген 580 үкіметтік емес ұйымның жүзге жуығы белсенді қызмет ететінін айтты. Олардың бастамасымен қалада «Тараз азаматтық орталығы», «Jambyl civil hub» сияқты бірқатар ірі жобалар сәтті жүзеге асып жатыр.
Шара барысында жергілікті ұйымдардың еңбегі де жоғары бағаланып, Тараздың 10-нан астам үкіметтік емес ұйымы мемлекеттік сыйлықақы иегері атанғаны ерекше аталды. Оның ішінде «Мүгедек жастар қоғамы» мен «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» бұл марапатты екі мәрте иеленіп, өздерінің тұрақтылығын дәлелдеді. Қазіргі таңда қала көлемінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 5 грант пен 17 әлеуметтік жоба орындалуда. Сонымен қатар, жиын аясында ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен өткен «Ортақ мүдде» шағын гранттар байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.
Басқосу соңында Сенат депутаты Геннадий Шиповских, «Елім-ай Достық» бірлестігінің жетекшісі Полина Ким және белсенді волонтер Азамат Намелбек сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Олар өңірдегі қоғамдық бастамаларды ілгерілету мен мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығын алға тартты. Мұндай ашық дидарласу алаңдары алдағы уақытта да қаланың әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсартуға бағытталған бірлескен жобалардың нәтижелі болуына ықпал етпек.


