Ербола Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар нысанның құрылысымен танысты
Тараз шаһарының инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қаладағы бірнеше құрылыс пен абаттандыру алаңдарын арнайы барып тексерді. Өңір басшысының назарына алдымен Қонаев пен Сейфуллин көшелерінің қиылысында орналасқан, тозу деңгейі 65 пайызға жеткен М-3 басты жылу магистралін жаңғырту жобасы ұсынылды. Бүгінде ауқымды істің негізгі бөлігі еңсерілгенімен, әкім мердігерлерге қарқынды бәсеңдетпеуді, сондай-ақ Қонаев көшесіндегі шектеулерді тез арада алып тастап, жол қозғалысын қалпына келтіруді міндеттеді. Сапар барысында құрылыс аяқталған соң аумақты ретке келтіріп, асфальт жабынын сапалы төсеу мәселесі де қатаң ескертілді.
Қала тазалығы мен экологиялық ахуал да облыс басшысының назарынан тыс қалған жоқ. «Жайлау» шағынауданындағы №13 үйдің жанындағы скверді тексеру барысында Ербол Қарашөкеев қараусыз қалған жасыл желек пен бейберекет өскен шөптерге қатысты сын айтты. Ол жазғы аптапта қураған шөптің өрт қаупін тудыратынын алға тартып, жауапты тұлғаларға «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында бұл аумақты дереу тазартып, абаттандыруды жүктеді.
Мұнымен қоса, әкім «Самал» және «Алатау» шағынаудандарындағы ішкі тозығы жеткен жылу жүйелерін ауыстыру барысын қадағалады. Ондағы құбырлардың 75 пайызы жарамсыз болып қалғандықтан, жөндеу кезінде ыстық су беру уақытша шектелген. Аймақ басшысы тұрғындардың жағдайын ескере отырып, жұмысы біткен аймақтарға ыстық суды кезек-кезегімен қоса беруді және құрылыс алаңдарында халықтың жүріп-тұруына барынша қолайлы жағдай жасауды бұйырды. Сапар соңында «Астана» шағынауданындағы аулаларды аралаған өңір жетекшісі жаңа спорт алаңын тексеріп, Президенттің балалар қауіпсіздігі мен олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұл нысанды заманауи әрі қауіпсіз демалыс орны ретінде тез арада ел игілігіне беруді тапсырды.





