Таразда санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары талқыланды

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, тазалық пен абаттандыру жұмыстары кеңінен талқыланды. Қаланың көркі мен тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы әкімдік назарында.

Жиында алғаш болып Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов сөз алып, аудан аумағындағы санитарлық тазалық шаралары жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, есепті кезең ішінде аудан көлемінде 26 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 10 мыңнан астам тұрғын мен мекеме қызметкерлері жұмылдырылған. Бұл шараларға 150-ден астам арнайы техника тартылып, нәтижесінде 690 тоннадан астам күл-қоқыс қала сыртына шығарылған.

– Әулиеата ауданында тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сенбіліктер барысында көшелер мен арық жүйелері, қоғамдық орындар мен саябақтар тазартылды. Сонымен қатар, тұрғындардан түскен өтініштер негізінде ағаштарды санитарлық бұтау шаралары атқарылуда. Аудан аумағында бейберекет жиналған шамамен 2 мың тонна қоқыс арнайы полигондарға жеткізілді. Бұл жұмыстар жалпы ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға және санитарлық тәртіпті нығайтуға зор үлес қосуда, – деді Барлық Әдепқанұлы.

Кеңесте Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова да сөз алып, өз аймағындағы тазалық жұмыстарының барысын баяндады. Оның мәліметінше, санитарлық тазалықтың екі айлығы аясында ауданда 8 рет сенбілік ұйымдастырылған. Аталған шараларға 6 мыңнан астам тұрғын мен мекеме қызметкерлері қатысып, нәтижесінде қыркүйек айынан бері жалпы көлемі 1,2 мың тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылған.

– Жібек жолы ауданында тұрғындардың белсенділігі артып келеді. Әрбір сенбілік – ортақ үйіміз саналатын қаламыздың тазалығы мен келбеті үшін жасалған игі іс. Біз тұрғындарды бұдан әрі де осындай шараларға белсене қатысуға шақырамыз, – деді Қарлығаш Бектұрғанқызы.

Тыңдалған баяндамаларды саралай келе, қала әкімі Бақытжан Орынбеков аудандардағы тазалық жұмыстарының маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол әр ауданның әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды күн тәртібінен түсірмеуді, тұрғындармен бірлесе әрекет етуді және санитарлық нормалардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

– Қаланың көркі – оның көшелері мен аулаларының тазалығында. Тазалық – тәртіптің, ал тәртіп – мәдениеттің белгісі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға салғырт қарауға болмайды. Әр аудан өз аумағын таза, жайлы әрі көрікті етуге мүдделі болуы тиіс, – деді шаһар басшысы.

Кеңес барысында сондай-ақ, Тараз қаласының 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы бюджетінің орындалуы, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілу барысы, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының сапасы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктері, өңірлік картаның іске асырылуы, тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылым нысандарының жай-күйі сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Жиын соңында қала әкімі жауапты бөлім басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, әр сала бойынша орындалу барысын жүйелі түрде қадағалауды міндеттеді.