Таразда инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы зор бірқатар нысандарды аралап, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын бағамдады. Қала халқының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бұл жобалар — Тараздың даму келбетін айқындайтын маңызды қадамдар.
Алдымен шаһар басшысы «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец» және «Родничок» тұрғын алқаптарында атқарылып жатқан ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарының жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда «Ақжол» мен «Қайнар» алқаптарында су жүйелерін тарту толығымен аяқталған. Ал қалған аумақтарда құрылыс жұмыстары жоспарға сай қарқынды жүргізілуде.
Бұл жобаның нәтижесінде жалпы саны 45 көше, 5 бұрылыс пен 1 050 аулаға ауызсу желілері тартылып, шамамен 5 400-ден астам тұрғын сапалы тіршілік нәрімен қамтылатын болады. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 2023–2025 жылдар аралығында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық және облыстық бюджет есебінен Тараз аумағында 641,7 шақырым су құбыры жүргізілген.
Осының арқасында «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызылабад», «Жиделі», «Қарасай», «Тектұрмас», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец» және «Шалғай Қарасу» тұрғын алқаптарындағы 11 258 аула мен 56 мыңнан астам тұрғын таза ауызсумен қамтылып отыр. Бұл – қаланың инфрақұрылымдық әлеуетін арттырудағы үлкен жетістік.
Сапар барысында қала әкімі Белсенді ұзақ өмір орталығының құрылыс алаңына да ат басын бұрды. Бұрын аяқталмаған тұрғын үйді қайта бейімдеу арқылы салынып жатқан бұл орталықтың құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айының соңында басталған. Қазіргі таңда нысандағы жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатыр және жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Орталықта егде жастағы азаматтардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасалмақ. Мұнда бассейн, спорт және сауықтыру залдары, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жеделсатылар қарастырылған. Әкім бұл жобаның әлеуметтік маңызын атап өтіп, жұмыстың сапасына айрықша көңіл бөлуді тапсырды.
Бақытжан Әмірбекұлының назарына ұсынылған келесі нысан – Байзақ батыр көшесінің бойында бой көтеріп жатқан жаңа сквер. «MART» сауда орталығының маңындағы демалыс аймағында көлік тұрағы, серуен алаңдары мен тынығуға арналған орындықтар орнатылып, аумақ толықтай көгалдандырылады. Жобада бозарша мен қайың ағаштарын отырғызу қарастырылған. Бұл – қала тұрғындары үшін жаңа демалыс орны болмақ.
Қала басшысы сапар барысында білім беру нысандарындағы жұмыстарды да назардан тыс қалдырмады. Әуелі №13 орта мектептің күрделі жөндеу барысын көрді. Қазір бұл білім ордасында шатыр мен терезелерді ауыстыру, жылу және электр жүйелерін жаңарту, ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары толық аяқталған. Барлық сынып кабинеттері жаңа жиһаздармен жабдықталып, ғимарат толықтай тазаланып, оқушыларды қабылдауға дайын.
Сондай-ақ әкім №15 мектеп-гимназиясына жапсарлас салынып жатқан қосымша 300 орындық ғимараттың құрылысымен танысты. Қазіргі таңда мұндағы жұмыстар 93 пайызға орындалған. Ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді тарту, қасбет пен аула абаттандыру жұмыстары аяқталып, соңғы дайындықтар жүргізілуде. Бұл жаңа ғимарат мектептегі орын тапшылығын шешуге және білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сапардың соңында Бақытжан Орынбеков Абай даңғылы бойындағы жаңа көпір құрылыс алаңына барды. Қала көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған бұл жоба 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта теміржолдан арғы бөлікте асфальт жабындысы алынып, тірек қабырғалары орнатылуда, сонымен қатар қажетті инженерлік желілер тартылуда.
Әр нысандағы жұмыстарды мұқият бақылаған шаһар басшысы мердігер компаниялардың өкілдеріне сапа мен мерзім мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін ескертіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
Тараз қаласы бүгінде жаңару мен жаңғыру кезеңін бастан өткеріп отыр. Қаланың инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және әлеуметтік нысандар желісін кеңейту – әкімдік жұмысының басты басымдықтарының бірі. Бақытжан Орынбековтің жұмыс сапары осы бағыттағы жүйелі еңбектің нақты көрінісін айқындады.

