ТАРАЗ. Жаңаратын күн жақын

Тараз қаласының Бас жоспары өзгеруі мүмкін. Бұл туралы жаңа жоба таныстырылған жиында белгілі болды. Қалалық Ы. Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде қала әкімінің міндетін атқарушы Қ. Исмаилдың төрағалығымен өткен жиында оған қатысушыларға қала аумағының инфрақұрылымындағы көзделген түзетулер түсіндірілді. Облыс орталығының бас жоспарына түзету енгізілген жағдайда Байзақ және Жамбыл аудандарына қарайтын 14 елді мекеннен 11755 гектар жер мен 44551 адам қалаға қосылмақ. Сол кезде қала халқының саны 408235 адамды құрайтын болады. Бас жоспарға сәйкес қала аумағы 30542 гектарға ұлғаяды.
Екі ауданнан қалаға енетін 14 ауылды толыққанды зерделегенде, Байзақ ауданындағы 3 елді мекеннен (Талас, Қызыл жұлдыз ауылдары, Талас стансасы) 11269 адам қаланың құрамына енсе, Жамбыл ауданынан 6 ауылдық округке (Жамбыл, Қаратөбе, Қарой, Бесағаш, Полатқосшы және Ақбұлым ауылдық округтері) қарасты 11 елді мекеннен 33282 адам қаланың құрамына қосылады. Осыған байланысты Бас жоспарда әкімшілік шекара мен қаланы екі әкімшілік ауданға бөлу ұсынылды. Ол шартты түрде – Оңтүстік және Солтүстік деп аталады.

Бұған дейін қалада және қала аумағына енгізілетін елді мекендерде Бас жоспарға енгізілетін өзгерістер мен түзетулер бойынша бірнеше қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, оған қала тұрғындары, жергілікті қоғам белсенділері, қалалық мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.

Бас жоспардың маңызды жобалық шешімдерін екіші көлік айналымы жаңа жолының құрылысы, Абай даңғылын Балуан Шолақ көшесімен қиылысқан аумағында теміржол үстінен өтетін көлік жолы құрылысы арқылы «За линией» аталатын аумаққа жалғастыру, әл-Фараби көшесін оңтүстік бағытта жалғастырып, «Шалғай Қарасу» алқабына, солтүстік бағытта Қойшыбеков көшесімен жалғастырып айналма жолға қосу, Қазыбек би көшесін «Қарасу» өзенінен көпір арқылы өткізіп, Қ.Тұрысов көшесіне шығару, Ташкент көшесін жалғастырып, Талас өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысымен «Қант зауыты» алқабы арқылы «Кирпичный» кентіне шығару және Алматыға бағытталған жолға қосу, сондай-ақ Көшек батыр көшесін 15-шағын аудан арқылы жалғастырып,жобадағы Бас жоспар бойынша қала шекарасына енгізу көзделген.

Бұған қоса, С.Сейфуллин көшесін жалғастырып, Айша бибі көшесіне қосу, Абай даңғылын солтүстік-батыс бағытта жерүсті көлік жол құрылысы арқылы жалғастырып, жобадағы 14-шағынауданы арқылы Алматыға бағытталған жолға қосу да жатады. Бұл ұсынылған шешімдер қаланың қолданыстағы көлік жолдарындағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бас жоспарға түзетулерді қала әкімдігінің тапсырысымен астаналық «Қолдау» ЖШС дайындап ұсынды. Жиында жобаның бас экономисі Анна Аблеева жобаның таныстырылымын өткізді.

– Біз екі әкімшілік ауданның шекарасы мен аумағын бөле отырып, аумақтық-әкімшілік орналасуға түзету енгіздік, – дейді А.Аблеева. Егер жобаның бастапқысында қала аумағы 18787 гектар болса, есептік мерзімде ол 30542 гектарға жетуі тиіс. Яғни, облыс орталығының көлемі едәуір артады. Мәселен, қаланың барлық инфрақұрылымын пайдаланып отырған Қызыл жұлдыз ауылын қаланың құрамында деуге де болады, сондықтан оны қаланың қарамағына беру қажет.

Ауылдармен бірге бөлінген аумақ 11755 гектарды құрайды. Сондай-ақ Тараз қаласы тұрғындарының саны 400 мыңға жеткендіктен, Бас жоспарда әкімшілік шекара мен қаланы екі ауданға (шартты түрде Солтүстік және Оңтүстік): алғашқысын 222,2 мың тұрғынымен 14598 гектарға, екіншісін 230,5 мың тұрғынымен 15944 гектарға бөлу ұсынылды. Жобалаудың ыңғайлылығы сондай- ақ сәулеттік және әлеуметтік- экономикалық дамуы үшін қала аумағы жеті жобалық аумаққа бөлінді.

Тұрғын үй қорын жаңалау қажет болады. Мәселен, 942,9 мың шаршыметр тозған тұрғын үй бұзуға жатады, оның жартысынан көбі орталық ауданда орналасқан. Қазіргі уақытта Тараз қаласының тұрғындарын өмір сүру кеңістігімен қамтамасыз ету адам басына шаққанда 19 шаршыметр деңгейінде екен. Бұл еліміздің басқа қалаларымен салыстырғанда жақсы көрсеткіш екені рас. Енді оны 2040 жылға қарай 27-29 шаршыметрге дейін жеткізу көзделген. Бұл кейбіреулерге тым әсірелеу сияқты көрінгенімен, шеттегі шағын аудандарда жүргізіліп жатқан жаппай құрылыс қарқыны бұған қол жеткізу мүмкіндігі барын көрсетіп отыр.

Таразда жасыл желекті аумақты көбейту үшін (қазір бұл жан басына шаққанда 16 шаршыметрден айналады) шығыс және оңтүстік бағытта «жасыл белдеу» жасалмақ. Мектеп пен балабақша саны артады деп күтілуде. Егер қазір мектепке дейінгі мекемелерде 22080 орын болса, есепті кезеңде ол 37 мың болмақ. Білім беру мекемелерінде қазір 66100 орын болса, ол 102700-ге жетеді.

Жаңа мектептен тыс мекемелердің қатарында жастар орталығы, балаларды дамыту және өнер мекемелері (солтүстік-батыс, солтүстік және батыс жоспарлау аймағында), оқушылар сарайы, екі саз мектебі қарастырылған. Оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарда әрқайсысы 400 орындық инженерлік-техникалық және химиялық бейіндегі мектеп-интернаттар орналастыру ұсынылған.

Спорт саласында да дамудың жаңа серпіні күтілуде. 10 мың орындық олимпиада резерві стадионының өзі неге тұрады?! Сондай-ақ барлық жоспарланған аймақтарда жаңа стадиондар, спорт кешені және спорт мектеп-интернаты қарастырылған. Жаңа демалыс паркінде жабық «Қысқы бақ», жылыжай, роликті алаң, тағы басқа да жобалар пайда болмақ. Жаңарту жобасы қаланың көлік қозғалысын жақсартатын жол жүйесіне де әсерін тигізбек.

Жалпы алғанда, Бас жоспарда көрсетілгендей, болашақта қала аумағында тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалмақ. Айта кетейік, облыстың және қаланың әрбір тұрғыны екі апта бойы Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан жобадағы Бас жоспармен танысып, өздерінің ұсыныстары мен тілектерін жазбаша түрде қалдыра алады.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП, Ақ жол газеті