Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында кезекті рет шаһар тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдады. Қабылдау барысында қала тұрғындары тарапынан баспанамен қамтамасыз ету, «Тектұрмас» алқабын жарықтандыру, талдарды кесу және «Жеңіс» саябағының тазалығы секілді күнделікті тұрмысқа қажетті өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің қызмет сапасын жақсарту, зираттарды қоршау және қалада ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған коррекциялық балабақша ашу секілді маңызды әлеуметтік бастамалар да назардан тыс қалмады. Шаһар басшысы өз кезегінде тұрғындардың әрбір сауалына нақты әрі егжей-тегжейлі жауап беріп, көтерілген мәселелердің барлығы алдағы уақытта заң аясында және тиісті талаптарға сай өз шешімін табатынын ерекше атап өтті.