Таразға тартылатын инвестиция көлемі арта түспек

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Тараз қаласына 21,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 150 миллиардқа арттыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, бөлшек саудадағы тауар айналымын 323,1 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде қала әкімі Бақытжан Орынбеков айтты. Оның сөзінше, инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
— Бүгінгі таңда әкімдік тарапынан инвесторларды көптеп тарту мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Себебі, әрбір инвестиция шаһардың дамуына зор үлес қосып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік бермек. Атап өтерлігі, қазіргі күні облыс орталығында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл бұл жұмыстардың көлемін 72,8 миллиард теңгеге жеткізу көзделсе, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданын 372 мың шаршы метрге дейін арттыру жоспарда бар, — Б.Орынбеков.
Спикер сондай-ақ басқосу барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен ақпарат берді. Ол өз сөзінде Тараз қаласының дамуын заманауи жоспарлау әрі тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында жаңа Бас жоспар әзірленгенін атап өтті. Бұл жоспар мемлекеттік сараптамадан сәтті өткен жағдайда көптеген мәселелердің оң шешілуіне мүмкіндік тумақ екен.
Айта кетейік, брифинг соңында жергілікті БАҚ өкілдері өздерін мазалаған сұрақтарға жауап ала алды. Өз кезегінде Бақытжан Орынбеков халықпен кері байланыс орнатылғанын, әр аптаның жұма күні тұрғындарды жеке қабылдайтынын жеткізді.

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі