Тәуелсіздік – толғауым

Қазақ топырағында туған қай ақынның болмасын өмір жолын қарар болсақ көбінің бала кезінен өлең жазып, алдыңғы толқынға еліктеп өскеніне оп-оңай көз жеткіземіз. Сол секілді жастайынан жыраулар поэзиясын, қазақ ақындарын жаттап өскен және өзі де шығармашылыққа ден қойып, ақындыққа, прозаға да бет бұрған жасөспірімдер еліміздің түкпір-түкпірінде жетерлік. Аталған сипаттағы жас өскіндерді қолдау, оларды қанаттандыру мақсатымен сайтымызға ақындығы, көркем шығармалар жазуда қатарластарынан бөлек көрінген оқушылардың тырнақалды туындыларын жарияламақпыз.

Алғашқы болып, ШҚО Тарбағатай ауданы, Сары өлең ауылында туған, бүгінде Өскеемен қаласындағы Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы ОММГИ-дың 11-сынып оқушысы Советханов Нұрболат Серікұлының «Тәуелсіздік – толғауым» өлеңін назарларыңызға ұсынамыз. Биыл алтын ұясынан түлеп ұшқалы отырған Нұрболаттың облыстық деңгейде «Абай оқулары», «Махамбет оқуларынан» жүлдегер екенін, «Өзін-өзі тану» республикалық олимпиадасында өңір намысын қорғап, үшінші орын иеленгенін айта кетейік.

Тәуелсіздік – толғауым

Атам қазақ найзамен жау түйреген,
Анам қазақ басын жауға имеген.
Текті ұлттың тұқымынан тараған,
Қазақ деген киелі ұлтқа именем.

Аңсап өткен сан ғасырдың тармағы,
Тәуелсіздік қиындықпен орнады.
Бір сатыдан жүз сатыға аттаған,
Сол боздақтың ағып өткен қандары.

Болсын мейлі жан құрбандық тастайды,
Қайрат, Ләззат, Сәбиралар қашпайды.
Бүгінгі күн желбіреген көк тудың,
Сары нұры сол боздақты растайды.

Алла қолдап қонған бақыт құсыма,
Жиырма бес жыл еркіндігім сайрады
Нұрсұлтандай елбасының жолында,
Бүкіл әлем ел бірлігін тойлады.

Қарыштады самғады ғой аспанға,
Қазақстан дейтін елдің байрағы.
Олимпиада көгіндегі жалауым,
Жеті мәрте биік тұрып ойнады.

Алты алашқа жеткен мынау тыныштық,
Алтыннан да қымбат болып орнасын.
Ел ішіне ірікті салған алауыз,
Қазақстанда ешқашан да болмасын.

Асулар көп белестер бар асатын,
Ұлт емеспіз қиындықтан қашатын.
Алдағы жыл ЭКСПО-ны еңсеріп,
Жасыл елдің идеясын ашатын.

Тіліміз бар тіліп түсер қылышты,
Қандас бауыр ағайынмен ұғыстық.
Елдің басы Нұрсұлтан мен Нұр отан
Нұрлы жерге бақыт кіріп ырыс құт

Аман болсын Нұрсұлтандай патшамыз,
Тәуелсіздік тұғырынан таймасын.
Келер ұрпақ жүз жылдығын бірігіп,
Бейбіт елдің ғасыры деп тойласын!