ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕГЕ ТАНЫМАЛ КВАРТЕТ

Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті әлемге танымал ұжым. Себебі олар қазақтың тау қопарар отты күйлерімен қоса, әлем сүйсіне тыңдайтын класикалық шығармаларды нақышан келтіре орындап жүр. Еңбектері еленіп, атақ пен даңқ шыңына да өрлеп келеді.   Халықаралық фестивальдарда мемлекетіміздің атын шығарып, беделін көтерген қазақ квартеті Ресей, Франция, Швейцария, Жапония, Испания, Германия,Италия, Ресей елдерінде музыкалық сыйлықтардың иегері атанды. Бақтарын сынаған жерлерден құр қол қайтқан емес. Ең есте қалар құрмет Испания ханшайымы Софияның қошеметі. Ол  Ғ.Жұбанова атындағы ұжымға әлемдегі ең үздік квартет атағын беріп, арнайы сертификат тапсырды.

Бұл жолы аталмыш квартет Америкаға ат басын бұрды.Нью-Йорк қаласына жиналған небір ығай мен сығайдың алдында өнер көрсеткен ұжымға бекзат өнердің жанашырлары дүркірете қол соқты. БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктің, еліміздің Нью-Йорктегі бас консулдығы мен Қазақстан-Америка Альянсының қолдауымен ұйымдастырылған концерт еліміздің Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналды. Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті квартеттің негізін қалаушы және ұжымның көркемдік жетекшісі Ернар Мыңтаев екенін айта кеткеніміз жөн. Америка халқының ыстық құшағына бөленген квартет күні кеше елге аман-есен оралды. 

Олар бүгін кешкі сағат 19:30-да Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің Орган залында тамаша  концерт өткізбек. Франция елшілігінің қолдауымен өтетін бұл кеште әйгілі квартет француз музыкасын орындап, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлайтын болады.Келемін деушілерге есік ашық!