Сыр айтарға қайсыңыз бар қалың «дос»?

Сабыр АДАЙ

Ай шалқалап,
Күн еңкейіп бүркенді,
Көңілсіздік жайлап алған күркемді.
Сыр айтарға қайсыңыз бар қалың «дос»?
Не өсекке телімей жүр жұрт енді.

Өлең өртшіл,
Жүрек дертшіл күркілдек,
Бір қария өз өмірін жүр тілдеп.
Көк аспанның көз жасындай — қара жер,
Ірге түріп, түнге сіңіп сүртілмек.

Өтті-кетті
Уақыт бұлай тұрмас-ты.
Ескі қала, қорымдарды құм басты.
Ну орманның
Жапырағы жан беріп,
Қарағайға қайың жылап мұңдасты.

***
Жақын айтса жанын алып жазғырдық,
Кер заман мен келімсекке наз қылдық.
Туған айды турап біттік, ортайды,
Туған елді тоздырдық та, аздырдық.
Көңіл қалып, мұнар кештік, мұң кештік,
Ендігілер мұңаяда білмес түк.
Иттің тісі балағымда орын жоқ,
Аз халықты қойған, сірә, күндес қып.

Қайғы деген қарағым-ау — қара бұлт,
Ағам анау.., «Ақ Үй»-де жоқ жаңалық.
Көкбөрінің шығар-шықпас жаны бар,
Көп сүлік кеп сорып жатыр қадалып.
Өзге тұрды таң мен бірге таранып.
Қадам басты оң-солына қаранып.
Біздің қазақ бірін бірі қуып жүр,
«Неге оянып кеттіңдер!..» — деп, шам алып.

***
Қырау қатты, көкіректе ызғар мұң,
Қозғалмасам, аршып алар мұздан кім?!
Үміт өліп қалмасын деп тік тұрып,
Арман өліп қалмасын деп жыр жаздым.

Алдамшысын әркім тойлап бүлінбек,
Тойлай-тойлай торға түспек, күлімдеп.
Бәрі «Серке» бәсекешіл айғыр топ,
Бір-бірінің арттарына үңілмек.
Көп шайналған халық едің бармағың,
Аямаған, саялаған ардағын.
Қолыңды бер!..Менің санам құрсауда.
Тәуелсіздік — Сен қайдасың, Арманым?!..
***
Қол жайып Хақтың сүйіп шұғыласын,
Шомылған бір Алланың нұрына шын.
Біздің ел, жаз жайлаған, қыс-қыстаған,
Қымтаған іргесімен, құбыласын.

Қазақтың әу басынан тұмары — жыр,
Өткеннің елесі мен мұнары жүр.
Абыздың дегені заң, қағидалы,
Азғантай халық едік ұраны бір.

Әдіра қалды білем дәуреніміз,
Алтын зер, күміс күйме, сәулелі қыз.
Ұйқысы қанбай қойған — жолаушымыз,
Шүкіршіл.., қанағатшыл.., тәубеліміз.

***
Алда не бар?.. Қандай тағдыр жазарын?..
Не болсада кешпек тірлік базарын.
Қалыбына қайта құйып халықты
Әркім керек жасап алды Қазағын.
Жақсы да біз, жаман да біз, бәрі біз,
Дертті көңіл кімге шипа дәріміз.
Соқыр жанға шындығында бәрі бір
Өткен іңір, сәске, түс пен сәріңіз.

Көңіл-дауыл!.. Сорлы үміт соқтығар.
Қамсыз қанат, жыр-көбелек, от құмар.
Қанды қақпан.., бір көкбөрі ұлып тұр,
Кім біліпті обалы да жоқ шығар.

***
Қарашаның қара түні толғатты,
Үнсіз ауыл, ескі сүрлеу жол жатты.
Қаратаудың көргені сол әу бастан,
Қаранардың өз дегені болмапты.

Жеңін түріп Желтоқсан да өткенді,
Көрмегелі көп болыпты көктемді.
Қызыл қала, сынық күзе, сыршыл там,
Қымтанып ап қызғанады бөктерді.

Мен байғұстың көзім жасқа толып тұр,
Тау мен тасқа тілін білсең соны ұқтыр.
Әлі алда Қаңтар бар деп сыбырлап,
Жер жаһанды бір шөкім бұлт торып тұр.
Қазақ көрсем көктем іздеп көзінен,
Көп ғасырдың қорлығына төзіп ем.
Біздің бауыр жағаласып жау іздеп,
Жарысып жүр бір-бірімен, өзімен.

***
Халық көрдім-қалжыраған, езілген,
Қош айтысты аппақ уыз кезіммен.
Бұрқыраған шағыл көрдім, шаң көрдім,
Киік көрдім атажұрттан безінген.

Жатты көрдім алшаң-алшаң төрлеген,
Бізден өгей босаға мен төр деген.
Қожайындар келіп жатыр далама
Жер түбінен жеті атам көрмеген.

Әр бұтаны паналаған торғаймын,
Бұл бағыт пен әлі қанша сорлаймын.
Жүрегімді — парақ қылып жырыма,
Жан сырымды жамағатқа жолдаймын.
Біздің қазақ — бір топ торғай таңдағы,
Не болмаса тозған қырдың қаңбағы.
Ауызыңа құйылады құм болып,
Ақ үй жақтан «Атан-Нардың» шаңдағы.

***
Бабаларым ояндың ба, оян қыр?!
Жеті қат көк, сазды әлем, баяу жыр.
Соңғы шайқас, арлы үмітін ту қылып,
Ер еңкейіп, сүрінуге таяу жүр.
Шындығымның шаранасы шыңғырып,
Досым жылап, ал, дұшпаным тұр күліп.
Бір әзәзіл байлап алды санамды,
Өз қолыммен өз денемді ұрғызып.

***
Бөзден көйлек киіп алған дала бұл,
Саз-домбыра, сарнау ішек, жаңа жыр.
Қазақ болсаң сендік бесік ауылда,
Туған елге, туған жерге бара жүр.

Кетіп едік, кемел басып, ер жетіп,
Арман деген кер төбелді терлетіп.
Қайырмасын қайталап көр әлдидің,
Сағыныштың қоңырауын тербетіп.

Жалғыз ағаш, жанға сая қалыпты,
Ақ сағымға аңқам кепті, қарықты.
Ауыл ұяң — ару қыз ғой үндемей,
Үнсіз жылап, тілсіз жырлап тарықты.

***
Қош дедің бе, қоңыр алқап, сары күз,
Кездесерміз, кім біліпті әлі біз.
Үзілмейді мынау жұрттың үміті,
Кеудемізде тұрғаннан соң жанымыз.
Заман — зергер, өрнегі көп шебер-ді,
Өткінші ғой, кімге мәңгі, не берді?!
Ұл заялапұлтқа біткен уақытты,
Ұлт шаппасын тасқа бола, — Беренді.

АНА МЕН БАЛА

АНА — ҰЛТТЫҢ
ТАҢДАЙЫНДАҒЫ УЫЗ.
БАЛА — ҰЛТТЫҢ
МАҢДАЙЫНДАҒЫ ЖҰЛДЫЗ.
Автор
Ана жылап, бала жылап шырқырап,
Туған елден таппай қойды бір тұрақ.
Өз ұлынан қайыр сұрап, пана іздеп,
Өз жүрегін жалау қылмақ жыртып ап.
Көз жастары сорғалаған кіл жүрек,
Алақанын көкке жайып тұр жүдеп.
Қазақстан құшақтайды — Қазақты,
Екі көзі жылай-жылай күлбіреп.
Апта өлді, ай да өлмек, жыл арып,
Қанша ғасыр қан түкіріп жыладық.
Қазақ отыр сансыз арман, үміттің,
Жаназасын тағы үнсіз шығарып.
Анашым-ай, анашым-ай, анашым,
Ұлы жүрек ұлды қайдан табасың?!
Ақша бұлтқа ақ жаулығың астасып,
Бес сәби* боп белден асып барасың.
Қош күндерім, рәсуа Ақпаным *,
Үш ай тоқсан* сенен опа таппадым.
Көңілімде жалғыз тамшы жас қалды,
Қуаныштан жылау үшін сақтадым.
Оятшы Алла, көкбөріні оятшы?!
Атажұртта алшаң бассын аяқты.
Ұлық Алла ұмытпаспын, Мен, сірә,
Тарихымнан мың жыл жеген таяқты.

Осы жолы демеп жібер,
Оятшы?!..
16. 02. 2019ж.
Ескерту: Үш ай тоқсан*,
Ақпан* — ай, мезгіл атаулары.
Бес сәби* — Астанада өртке
оранған бес сәби.

 

МЫРЗАЛЫ МЕН
БИЖАН ТЫНЫМБАЙ БАЛАЛАРЫ

(ҚОС БӨРІ)
Уа, жаратқан ием жан Алла,
Амал жоқ — *ты адалға.
Мырзалы кетті бағынбай,
Кәпірлер салған амалға.
Запыран құсқан заманда.
“Адайдан дәурен кеткен-ді”,
Атой сап дұшпан жеткен-ді.
Өлер жерің осы деп,
Қақ жүректен тепкен-ді.
Менің бабам — Мырзалы,
Қанған айза ырғады.
Жапанда жалғыз жорытқан,
Көкбөрі еді бұл — дағы.
Жағалай сатқын жармасты,
Хан сүйегін қар басты.
Есілде ерлер ұмыт боп,
Көңілдің көзін зар басты.
Мырзалы менен Бижаным,
Жолдасың болсын иманың.
Қапыда кеткен Ерлер-ай,
Өлді бір деуге қимадым.
Алланың құлы — Мырзалы,
Ақшейіт болған ұлдағы.
Самсаған сары сардарлар,
Көз алдымда тұр бәрі.
Көрмесем де көргендей,
Кемелдеп бата бергендей.
Мен Отпанға ту тіктім,
Ізімнен қол ергендей.
Көңілі құрғыр желеді,
Жер менен көкке теңеді.
Мырзалы атқан сертшіл оқ,
Жаныма қуат береді.
Бізге де біткен жыр-кеуде,
Шемен де еді, шереді.
Айтылмай жүрген шындықтың-
Бұл да бір ұшқын, дерегі.
Он екі бас қабыртқа,
Ойлансам қайғы кереді.
Аранға түскен ақ киік-
Адай да деген ел еді.
Басында дәурен тұрғанда,
Қаптаған қара сеңеді.
Қаптауы мен теңеді.
Әулие — Пір жайлаған-
Жұмақтан несі кем еді.
Хақтан
Мейір — нұр сіңген,
Маңғыстау деген жереді

Ескерту: Мырзалы Хан* — Мырзалы мен Бижан Тынымбай балалары. Қызыл Үкіметке бағынбаған айтулы ер, арлы тұлға. Ұлт азаттық күресінің қаһармандары. Қызыл Империяның құрсауына түссе де құлдыққа көнгісі келмеген құздың құлжалары, шыңның қырандары, түздің көкжалдары. Олар басқыншылармен соғысты. Туған елді азат еткісі келді. Саналы түрде бағыт-бағдар ұстанып, белгілі бір мақсатқа ұмтылған ұлтымыздың Ақберен — Азаматтары. Зерттеуді талап ететін алып тұлғалар, ақ сүт емген ұлы даланың перзенттері.