Ай нұрындай жарқыраған «Айгүл»

Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің құдіретін көрсетіп жүргендердің бірі әрі бірегейі тек қана қыздардан құралған алғашқы өнер ұжымы «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі. Жақында қазақ өнерінің қара шаңырағы Абай атындағы опера және балет театрында аталмыш ансамбль 50 жылдық мерейтойына орай «Аңызға айналған «Айгүл»» атты шығармашылық кешін өткізді. Ансамбльдің құрылуы қазақ өнерінің тарихында айтулы құбылыс болғандығы белгілі. Ол әлемнің көптеген мемлекеттерінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты.

 

«Айгүл» — тек Қазақстанның түкпір-түкпіріне ғана емес, сондай-ақ Ресей халқына да, жалпы шет мемлекеттерге де кеңінен танылған танымал ансамбль. Бұл туралы «Айгүл» ансамблінің алғашқы мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Сақыпжамал Ұзақбаева берген сұхбатында толық баяндайды. Ол: «Бүгін аты аңызға айналған «Айгүл» вокалды-аспаптар ансаблінің 50 жылдық мерейтойы өтіп жатыр. Ансамбль 1968 жылы бастапқыда квартет боп құрылған. Ол кезде электр аспаптар енді ғана шығып жатқан болатын. 5-6 айдан кейін ансамбль құрамы өзгерді, толықты. Сөйтіп мен жаңа құрамға 1969 жылы қосылдым.
Бұл ансамбльдің құрылуына себепші болған, оның ұйымдастырушысы Марат Хамитұлы Балтабаев деген азамат. Ол Мәскеу консерваториясын бітіріп келгеннен кейін сол кездегі атауы Қыздар Педагогикалық Институты болған, қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Музыка факультетіне ұстаз болып орналасады. Білім беріп жүріп еліміздің әр жерінен жиналған талантты қазақ қыздарын көріп, ол «неге мен бұл қыздардан жас оркестр құрмаймын?» деген ойға қалады. Бізге қарап жымиып: «Неге маған қазақ қыздарынан джаз банда құрмасқа?» — деп бір күлдіріп алатын. Марат Хамитұлы бұл ойын 1969 жылдың наурызында іске асырды.
Ансамбль құрамына қыздар институ-тындағы Музыка педагогикалық факультетте оқитын қыздар кастинг арқылы қабылданатын. Бұған «әу» демейтін қазақ жоқ деп, әрбір ән шырқайтын адам қабылдана бермейді. Іріктеуде ән айта алатын, өзі ұстамды, сұңғақ бойлы, тәртібі мен оқу үлгерімі жақсы, жалпы осы айтылған талаптарға сай қыздар ғана қабылданатын.
Әрбір өнер ұжымының өз шыңы болады ғой, сол шыңға «айгүлдіктер» 1976-1978 жылдар аралығында жақсы көтерілді. Одақ құрамында болғанда әр түрлі фестивальдерге қатысатынбыз, комсомол бізді қай жаққа жібереді, сол жаққа баратынбыз. Ол заманда фонограмма деген атымен жоқ, дайын нәрсені айта алмайсың. Барлық шырқалған әндер тірі жанды дауыс болды. Айта кетер тағы бір жәйт, біз «Дос-Мұқасан» ансамблімен бірге шетелге жиі шығатынбыз.
Бүгін, міне Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры жас та болса, бас болып біздің 50 жылдық мерейтойымызды өткізіп жатыр. Бұл үлкен мақтаныш қой. Біздің құрамның алдының өзі жетпістен асты. Алғашқы ансамбльдің қазіргі жас мөлшері 60 пен 70-тің арасында.
 Бастапқыда ән жазу, киім тігу болсын барлығы өз қалтамыздан, қыздардың қалтасынан  шықты.  Ол кезде Берік Исмаилов  деген  сәнгер  киім тігіп, көп көмегін тигізіп еді.
Мен ансамбльде 1978 жылға дейін жүрдім. Қазіргі ансамбльдің жаңартылған құрамы менің тәрбиемді көрді, ұстаз бола жүріп оларды өз білім беру мектебімнен өткіздім», — депансамбльдегі қызықтары туралы тебірене әңгімеледі.
«Айгүл» ансамблі жартығасырлық мерейтойын кеңінен атап өтті. Шығармашылық кеште ансамбльдің бірнеше буыны қатар өнер көрсетіп, өнерсүйер қауымды жастық шағына саяхат шектірді. Кеш шымылдығы «Аңызға айналған «Айгүл»» атты театрландырылған бейне қойылыммен ашылды. Онда өнер ұжымының құрылу тарихы, даму кезеңдері мен шығармашылығы кеңінен баяндалған.
Бұл ақ шарада Алматы шаһары басшысының орынбасары Арман Қырықбаев Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның ректоры Асхат Маемиров, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі педагог Аягүл Миразова және т.б. қоғам қайраткерлері өнер ұжымын ұйымдастырылған кешпен құттықтады.
 Оқу ордасының тізгінін өз қолына алған Қыздар ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова: «Биыл қыздардың алтын ұясы, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 75 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Еліміздің сұрапыл соғыс жылдарында, 1944 жылдың тамыз айында ашылған бұл оқу орнына алғашында 125 оқушы қыз қабылданып, 20-дай мұғалім сабақ берген. Қара шаңырақтың іргетасы қалануына М.Әуезов, Қ.Сәтпаев, І.Омаровтар көп еңбек сіңірген. Қазір жоғарғы оқу орнының ғимараттары жаңартылып, жатақханалар салынып, материалды-техникалық базасы нығайды. Бұрынғы институтқа қазіргі университет мәртебесі 2008 жылы берілді. Сол жылы 65 жылдық мерейтой қарсаңында үлкен студенттер үйі ашылған. Ашылу салтанатына елбасымыз Н.Ә.Назарбаев келіп: «Бір қызды тәрбиелеу бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деген пікір айтып, ұжым алдына үлкен міндеттер қойған. 2018 жылдың 25 желтоқсанында университетіміз «ұлттық» деген мәртебеге ие болды.
Жасалынып жатқан іс-шара универси-тетіміздің тек педагогикалық қызметті ғана емес, сондай-ақ ұлтымыздың мәдени өнерін де қатар алып жүретіндігін көрсетеді.
Соның бірі қазақ мәдениеті мен өнеріне елеулі үлес қосқан «Айгүл» ансамблінің ұйымдастырылуы. Биыл бұл ансамбль 50 жылдығын атап өтуде. Оның ең алғашқы жетекшісі Ескендір Хасанғалиев болған.
Біз аталмыш ансамбльдің құрамын жоғалтқан жоқпыз. Әр жыл сайын кастинг жариялап, жаңартып отырамыз. Және оның шетелдердегі байқауларға қатысуын жоспарлап отырмыз», — деп білім ордасының мүмкіндіктерімен бөлісті. Жалпы ұлтымыз музыка өнерін жоғары бағалағаны рас. Күләш Бәйсейітова, Бибігүл Төлегенова сынды күміс көмей, жез таңдай әншілердің соңынан ерген буын олардың ізін жалғап жүр. Бүгінде есімдері елге танымал Мәдина Ералиева, Ұлжан Айнақұлова, Тамара Асар, Кәмшат Жолдыбаева және Ұлбосын Белғозиева сынды әншілердің өнер жолы осы ұжымнан бастау алды. Ансамбль құрамының алды жетпістен асса да жігері қайтпаған, дауысы жоғалмаған жандар қарттықты емес, қазақтың ән өнерін биікке шығаруды  ойлайды.
Жандар Асан, Ақнар Қазезова