Сөз — құлын да, ой — жылқы.
Өмір – өнер болғанда, өнер – өлшем. Өнер – өлшем болғанда, өлшем – үнем. Ал үнем – тірліктің күре тіні.
Тіс тимеген шөп жесір, құс қонбаған көл жесір.
Адамның адамдығын — оның басқаға, басқаларға шын зәрулігімен өлшеуге болады.
Кем талант — мүмкіндігінше, шын талант — қалағанынша жазады.
Кем талант — кемтар талант.
Шын режиссура – жүрек сияқты: соққаны білінбейді.
Сөз — құлын да, ой — жылқы.
Кейбір адамдардың бағасын жауының санымен де өлшеуге болады.
Кісілігін жоғалтпаса — жауыңның қайсыбір иттігін кешіруге де болады.
Зады, бірегей тұлғаларға, бірегей кітаптарға сын есім жүрмейді
Келер қазақтың да ішетін уы мен балы — Абай.
Ой ойнамай – сөйлем жоқ.
Ойдың жанарға жеткен жылтылындай – жанардың жарығы да жанға түседі.
Текстің дәмін алудың төте жолы — талмай оқу.
Ақынды прозамен тексеріп алса — теріс емес.
Ең терең идеялар — қиын идеялар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті — идеяны ашу емес, оны мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай болып қиналса несі ерсі? Алсын қамау терін!
Сауалы бұйрық тектіге – солқылдақ жауап жүрмеген.
Ел ділімен танылмақ.
Даусызға дауды дауасыз айтқан…
Кектің көзі – Махамбет.
Өлімге берер жаным бар – пендеге берер арым жоқ.
Экономикалық қауіпсіздіктің мәселесі, ең алдымен, — ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.
Өнердің өмірден айырмашылығы — өнер өмірден үйренбейді.
Үлкен арман сабырда жатады.
Жақсы кітап – ұяттың антологиясы.
Өзгенікін еске түсіруден өзіңдікін еске түсіру күшке түседі.
Есесін жіберген ел — ел емес.
Әр сөздің өз ұяты бар.
Ұяла алмаған — тірі өлік.
Сүрінгенін секіргендей көрсете білер бар.
Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар.
АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВ