СӨЙЛЕМЕС ЖЕРДІ БІЛ….

Бөлтіріктің ұлы әкесі құсап өз замандастары бас қосқан жерде сөздің жүйесін ұстап, ұтқыр сөйлеп жүреді екен.
Бірде байдың ақылы аз тентек баласы Бөлтіріктің баласына тиісіп, қажай беріпті. Бөлтіріктің баласы да қызынып, ананың айтқан сөзін, уәжін қаңбақ құрлы көрмей,оны сөзден де, уәжден де жыға беріпті.
Бұған шыдай алмай өкпесі қабынған байдың тентек баласы жиында ұрыс шығарады. Бөлтіріктің баласына сілтеген оның қолы үй иесінің аузына тиіп, күрек тісін сындырады. Жиынның шырқы бұзылады.
Мұны естіген Бөлтірік баласына ренжіп, оның айыпты екендігін айтады. Сонан соң күрек тісі сынған жігітті үй ішімен шақыртып алып күтеді. Баласына айып таққызады. Әкесінің қылығын жете түсінбеген баласы:
– Әке, дұрыс сөйлегенде, қалай сөйлеу керек еді? Менің сөзімнің бұрыс жері бар ма?- деп, әке билігін мойындай алмай тұрады.
Сонда Бөлтірік баласына:
Жатқа сөйлеме,
Жаманға сөйлеме.
Асырып сөйлеме,
Батырып сөйлеме.
Жасқа сөйлеме,
Масқа сөйлеме.
Ұрыға сөйлеме,
Қарыға сөйлеме,
Жаманға айтқан сөзден,
Жақсыға айтқан сөз дұрыс.
Ойсызға айтқан сөзден
Ойлыға айтқан сөз дұрыс
Айтылмай қалған сөзден
Айтылып қалған сөз дұрыс.
Сөйлемес жерді білсең,
Бәрінен де сол дұрыс.
Олай болмаған жерде
Қанша асыл деме-
Сөзіңнің алды бұрыс,
Арты ұрыс.
болып шығады балам. Осыны ұғып ал- депті.
,,Даланың дара ділмәрлары,,.
Бейсенғали Көкей