Ақ жол қандас, бауырым..!

Қазақстан тәуелсіздік алғалы, еліміздің қоғамдық өміріндегі ең маңызды бір сала ретінде- Атажұртқа ат басын бұрған ағайындардың тағдыры тұрды. Қазақ қоғамы үшін аса ауқымды әрі мемлекеттік маңызы зор бұл жұмыс, алдағы уақытта да жалғаса беретіндігіне сеніміміз кәміл! Дегенмен көш басталғалы талай-талай түйткілді мәселелерден, кедергілерден, қиындықтардан арылмай келе жатыр. Мұндайда «көш жүре түзеледеі» десек те жүріп келе жатқанына 30 жылға аяқ басқан қазақ көшінің бір күні теңі ауып, бір күні көлігі болдырып келе жатқанын мойындауымыз керек. Шүкірлік етері, «керуен кері айналған» жоқ…
Ұлы көштің басталғанына ширек ғасырдан асқандығын айттық. Кедергілердің болғанын да айтып отырмыз. Дегенмен көші-қонға жауапты мекемелер мен қатысты органдардың мінезіне немесе түрлі шешімдеріне қарай «әр заманда бір сұрқылтай» дегендей, әр түрлі қиындықтар қандас ағайындарымыздың алдынан көлденеңдеп тұрды. Осы ұлы істің барысын зерттегісі келген адам қазақтың мерзімді баспасөздерін парақтап шықса, ұлы көштің шежіресіне көз жеткізер еді. Бұл тақырып төңірегінде қалам ұстаған қауым аянып қалған жоқ. Асқан бауырмалдықпен жанашырлық танытып, қандастардың қиыншылығына қабырғасы қайысқан қазақ көп болды. Өкінішке қарай, игі істің қасында аяқтан тартар кедергісі де болатыны сияқты, зиялы деген азаматтардың арасында, қайта оралған қазағына қара күйе жағып, оларды жеккөрнішті етіп көрсетуге «есе қосқан» жазғыштардың да аз болмағаны белгілі. Дегенмен қазақтың сөзін сөйлеген ұлтшыл басылымдары қитұрқылыққа жол берген жоқ. Қандастардың тағдырына араша түсіп, көштің тоқырап қалған кездерінде жоғарыға дабыл қағып дегендей өз ұлестерін қосып жатты. Солардың қатарында өзім 2009 жылы басшылыққа келген «Қазақстан Zaman» газеті (қазіргі «Qazaqstan dauiri») де бар еді.

 

2010 жылдың маусым айында, Көкшетау іргесінен бой көтерген «Нұрлы көш» ауылына ат басын бұрдық. Сырттай қараған адамға құрлысы қарқынды, жоспары артығымен орындалып жатқандай, қыз-қыз қайнаған өмір екен. Сонда орналасқан ағайынмен дидарласып, босағаларын аттап «қазақтың бөлінбеген еншісі» бір шәугім шайымызды іштік. Ауылды аралай жүріп байқағанымыз құрлыстың сапасы сын көтерместей екен. Жаздыкүні білінбегенімен қыстың саршұнақ аязында пана болмайтын түрі бар. Мердігерлердің «тірлігі» белгілі болды. Астанаға қайтқан бойда осы туралы мәселе көтеруге кірістік. Сол кездегі көші-қон комитетінің басшысы Қабылсаят Әбішевті қоярда-қоймай дөңгелек үстелге шақырдық. Қандастардың ішінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген көзіқарақты деген Бақыт Алуайұлы, Бауыржан Шақарбекұлы қатарлы азаматтарды да шақырдық. Газетіміз ұйымдастырған осы дөңгелек үстелде, көші-қонға жауапты басышлардың алдында қордаланып қалған талай мәселелер айтылды. Бір қуанарлығы айтылған көп проблемалардың арасында кейін оң шешім тапқандары да болды.
Сол тұстағы басты қиыншылықтарыдң бірі- Қытайдан келетін ағайындардың Қазақстан визасын алу үшін айлар бойы кезекке тұруы болатын. Бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Еліміз бойынша бірнеше өңірден бой көтерген «Нұрлы көш» ауылдары туралы да жаздық. Әрине, бұл жерде қандастардың мәселесін жалғыз ғана біздің газет көтерді дегеннен аулақпыз. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақтың ұлтшыл басылымдарының барлығы аянып қалған жоқ. 2011 жылы «Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы» Астана қаласында болды. Осы қарсаңда Елбасының атына жазылған «Нұрлы көштің нұры неге ала-құла» атты мақаламыз есте қалыпты…
Көші-қон туралы қалам тербеген, мәселе көтерген азаматтар көп дедік. Дегенмен солардың арасында бұл тақырыпты назардан қалтырмай, үнемі бақылап отырған азаматтардың арасында Ауыт Мұқибекұлының орны бөлек десем артық болмас. «Жақсының жаттығы жоқ» демекші Ауытпен жолыға қалсақ болды Байдыбектің жары Домалақ анадан туған Күнбибінің ұрпағы болғандықтан (кейін Қызай ана атанған) алты ғасыр арыдан басталған «туысқандығымыз» алдымен айтылып, оның «қашса құтылмайтын жиен» екендігін өзіне жақсылап тұрып ескертетініміз бар… Әзіл әрине. Қарға тамырлы қазақтың бір-біріне туыс емесі болуышы ма еді?!
Сол Ауыт бауырым күні бүгінге дейін көші-қонның төңірегіндегі талай түйткілдің шешілуіне мұрындық болды. БАҚ-беттерінде жазған мақалаларының өзі неше томға жүк боларлықтай еді. 2013 жылы қыстың кезінде Астананың іргесіндегі Қоянды ауылындағы қандас ағайындарға әлдебір «пысықтардың» тегін берілуге тиісті жер телімдерін заңсыз саудаланғандығы туралы әңгіме шықты. Онымен қоймай, бұл әділетсіздікке жоғарыдан араша сұраған белсенді азаматтарға «жуан жұдырықты» азаматтар сес көрсетіпті дегенді естігенде байыздап отыра алмадық. Ауыт жиенге хабарластым. Қасымызға ертіп алып газеттен Нағашыбай мен Ерғазы тілшілерім бар, үлкен жүректі қандас бауырымыз марқұм Бағдал бар еді. Қояндының әкімшілігіне келдік. Алтынай есімді қыз екен. Ұзақ сөйлестік. Дауласып жүрген адамдарды да шақырдық. Әкім уәдесін берді. Газетке жаздық. Бұл еске түскен бір парасы ғана.
Бір күні кеңсеге Ауыт келді. Қолында жаңадан баспадан шыққан «Көш, көшке кім өш» атты кітабы. Қолтаңбасымен маған силады. Ішін қарасам әр жылдары қазақ газеттері мен сайттарында жарияланған көші-қон төңірігіндегі проблемалар жайындағы мақалалары мен сұхбаттары екен. Қалай сүйінбейсің?! Ерінбей, орта жолда тастап қоймай, еңбектене берген. Бұл дәстүрін Ауыт әлі тастаған жоқ. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімінде қызмет ете жүріп, өзінің «меншікті» тақырыбымен елімізге кеңіне танылып үлгерді. Сол еңбегін жоғарыдағылар ескерген де шығар. Былтыр Президент жанынан құрылған Ұлттық сенім кеңесіне мүше болып кірді.

 

Еліміздің саяси өміріндегі соңғы жаңалықтардың бірі Праймериз 2020ж.болды. Ауыт бауырым да бұл үрдістен шет қалған жоқ. Саяси додаға қатысатындығын айтып, тынымсыз ел аралап бірнеше түйіннен тұратын салмақты бағдарламаларымен халқының ортасында жүр. Елім-жерім деп келіп, Тұманбайдың «тонды баласы» атанған ақын жігіт, поэзия мен журналистикада ғана емес, тәуелсіз елінің саяси майданына араласып, сүйікті Қазақстанын қазаққа толтырсам дейтін ізгі арманына жол ашқысы келетіндігін паш етуде. Қалай сүйінбейсің?! Ауытты танығалы оның қарапайымдылығын, еңбекқорлығын, кішіпейілділігіне куә болып келемін. (кішіпейілдігін, жағымпаздыққа балап, оны сынап жататындар да бар) «Алпыс апасы, жетпіс жездесі жоқ» Ауыт кімге жағымпаздансын?! (жасырытыны жоқ бөлініне қаламыз ғой…) Еліне келіп үйсіз, күйсіз жүрседе барына қанағат етіп қандас бауырларымыз деп шырылдап жүрген еңбегін ешкім де жоққа шығара алмас…! Сондықтан Ауытқа дауыс берейік! Дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашылып жатқан қазақтарымыздың елге оралып, санымыз өсіп, іргеміздің берік болуына қазақтың ғана жаны ауыратыны сөзсіз!
Ақ жол бауырым, ісіңе сәттілік..!

Сәуле Мешітбайқызы
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері