ШҚО-да биыл 2,5 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов мәлім еткен болатын.
— Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы тұрақты түрде дамып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп келеді. Биыл бидай дақылдарының өнімділігі 101,5%-ға, майлы дақылдардың өнімділігі 107%-ға артты. Экспорттағы өңделген өнімнің үлесі 66%-дан 71%-ға жетті, — деді облыс әкімі.
Егін шаруашылығында жаңа технологиялар енгізіліп жатыр: егістік жерлердің 40%-ы сандық жүйелер арқылы өңделеді, бұл гектарынан 30 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік береді.
Өңір ауыл шаруашылығы саласында Қытай, Ресей және Өзбекстанмен ынтымақтастықты қарқынды дамытып келеді. Ірі қытайлық сауда компанияларымен, жалпы құны –
50 млн АҚШ долларына май өнімдерін жеткізуге келісімшарт жасалған.
Мал шаруашылығы өнімін Қытай нарығына шығару үшін биыл зерттеу нәтижелері әлемнің 112 елінде танылған арнайы сертификаттау зертханасы құрылды.
Шығыс Қазақстан аквамәдениет бойынша да жетекші өңірлердің бірі: биыл 2,5 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Балық өсіру көлемі 2,5 есе ұлғайтылып, көктемде Қара Ертіске 51 мыңнан астам Сібір бекіресі жіберілді.
Тәттімбек Асханұлы
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің
ШҚО бойынша меншікті тілшісі

