ШЕШІМ ОҢЫНАН БОЛСА…

Елімізде жүргізіліп отырған мәдени реформалар мен рухани өзгерістер еліміздің тарихи-саяси қайраткерлерінің өмірі мен өнегесін ұлықтап, ұлттық кеңістіктегі дара қызметтерін кейінгі ұрпаққа аманаттауды басты мақсат етуде. Осындай бастамаларды іске асыру үшін еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде киелі Әулиета жерінде де бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. 2009 жылдан бері Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде (қазіргі ХТИИ) «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы жемісті қызмет атқаруда. Халық қалаулысы Шерхан ағаның осы орталықтың ашылуына ерекше қуанып, келісімі мен ақ батасын беріп, оқу ордамызды үлкен қуаныштарға бөлеген тарихи сәттердің куәсі болған едім.

Халықаралық Тараз инновациялық институты жанынан құрылған «Шерхантану және Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының мақсаты туған өлкеміздің ерен түлегі, ел мақтанышы, Халық жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Ш.Мұртазаның шығармашылығын насихаттау, ғылыми-зерттеуді ұйымдастыру және жоспарлы зерттеу жұмыстарын жүргізу, жазушының шығармашылығын зерттеуші ғалымдармен байланыс орнату және олармен шығармашылық бірлікте жұмыс атқару болып табылады. Орталықтың басты міндеттерінің бірі – жазушы Ш.Мұртазамен кезінде нақты байланыс орната отырып, оның шығармашылық зертханасына қатысты маңызды материалдарды жинастыру, сондай-ақ, мүмкіндігіне қарай қаламгермен әңгімелесу сұхбаттар өткізіп, танымал туындыларының жазылу жайына, жазушылық енбегіне, шеберлік-ізденіс жолдарына байланысты өзге де тың мәліметтер алу және оны уақтылы қағазға түсіріп, мұрағаттық құнды дерек көзіне айналдыру.

Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар, студенттерді ғылыми-танымдық жұмысқа баулу болып табылады. Осыған орай, студенттерге Ш.Мұртазаның шығармалары бойынша курстық, дипломдық, магистрлік жұмыстардың тақырыптары ұсынылады, белгілі жазушылардың және жергілікті қаламгерлердің қатысуымен студенттерге арналған «Шерхан Мұртаза сабақтары», Республикалық әдеби «Ш.Мұртаза оқулары» ұйымдастырылып өткізіліп келеді. Орталықтың жұмысы Халық жазушысы Ш.Мұртаза шығармашылығын зерттеумен шектелмейді, бүгінгі әдеби процесс, сонымен қатар облыс көлеміндегі әдеби-тарихи тұлғаларды, белгілі бір тарихи жағдайды бейнелейтін халықтық туындыларды зерттеумен, жалпы әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселелерімен де айналысады.

 

 

Осы уақыт аралығында «Шерхантану» орталығы бүгінгі күнге дейін біраз тірлік атқарды. Қазақтың Шерағасы» атты көптомдық шығармалар жинағы жарыққа шығып, 1-кітабы 2010 жылы 1000 данамен жарыққа шығып, биылғы жылы бұл жинақтың саны 12 томға жетті. Орталықта жинақталған мұрағаттық дүниелері негізінде 2 фотоальбом орталық қорын толықтырды. Сонымен қатар, тұңғыш рет «Бір кем дүние» философиялық шығармасының 2-ші кітабы 1000 данамен жарыққа шықты. 80 жылдық мерейтойына орай библиографиялық көрсеткіші, «Шерхан Мұртаза шығармашылығы және қазақ руханияты» тақырыбындағы республикалық конференцияның 2 жинағы, «Тәуелсіздік жолы», «Тарихқа тағзым» атты жас ақындар шығармашылығының 5 жинағы және ең бастысы Қазақстанда тұңғыш рет «Шерхантану» оқулығы жарыққа шықты. Осыған байланысты, «Шерхантану және Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының ұйытқы болуымен 2018 жылдан бастап Жамбыл облысының көптеген мектептерінде «Шерхантану» курсы енгізіліп, оқытылуда. Дәстүрлі «Шерхан оқулары» республикалық байқауы жылына 1000-ға жуық оқушы мен студентті қамтиды. Байқаудың бас жүлде иегері «Ректор грантына» ие болса, барлық оқу жылдарына 2-орын иегері 50%, 3-орын иегері 25% жеңілдікті иеленеді.
Биыл Шерхан атамыздың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Шерхан Мұртазаға арналған ескерткіштің орналасу орнына байланысты БАҚ беттерінде талас-тартыс, арасында орынды, әрі орынсыз пікірлер айтылуда.

Шерхан Мұртаза ескеріткішін орнату, жерін таңдау бойынша арнайы облыстық комиссия құрылған болатын. Комиссияға зиялы қауым өкілдері мен кәсіби мамандар кірді. Ұсыныстарды комиссия мүшелері мұқият қарап шешім шығару үшін дауысқа салды. Ескеріткіш орнын таңдау кезінде, ұсыныстардың архитектуралық үйлесімдігі бойынша кәсіби мамандардың пікірі ескерілді. Шерхан Мұртаза ескіріткішін облыс орталығының Жамбыл даңғылы бойындағы Халықаралық Тараз иновациялық институты алдына орнатылатын болды. Бұл – меніңше, дұрыс шешім. Себебі, Жамбыл даңғылы қаламыздағы ірі көшелердің бірі, әдемі сквер жасалған, қала тұрғындарының тынығып-демалуына да қолайлы жер. Ол ескерткіш кейбір айтылып жүргендей, «Студенттер үйінің» ғана емес, институттың заманауи Бас корпусы алдына қойылмақшы. Болашақта ол жерде ашық аспан астында «Шерхан оқулары» байқауы, жастарды студенттер қатарына қабылдау, жас түлектерге дипломдар тапсыру рәсімі, сонымен қатар, жастар мен қала жұртшылығы үшін маңызды мәдени-рухани іс-шаралардың, кездесулердің болатындығы айтпаса да түсінікті.
Сонымен қатар, орнатылған ескерткіштің айналасын абаттандыру, гүлдендіру, көркейту және болашақта тазалығын қадағалау да Халықаралық Тараз инновациялық институтының еншісінде болатындығын баса айтқым келеді. Түсінген адамға мұның өзі — үлкен еңбек пен жауапкершілік.

Халықаралық Тараз инновациялық институтының
бірінші проректоры, т.ғ.д., профессор Асқар Абдуалы